НАМАЗ - ТӘРБИЕ НЕГІЗІ
Адам баласының рухани жетілуі мен ішкі тазалығының бастауы — иман мен құлшылықта. Ал сол құлшылықтың ең ұлысы әрі ең тұрақтысы — намаз.
Намаз — мұсылманның Алламен тікелей байланысы, оның жүрегіне сабыр, тілегіне береке, бойына тәртіп пен тиянақтылық ұялататын ұлы ғибадат.
Құран Кәрімде Алла Тағала: «Намаз азғындық пен жаман істерден тыяды», - деп баяндайды («Анкабут» сүресі, 45-аят). Бұл аяттан ұғарымыз — намаз адамды тек рухани биіктікке емес, мінез тәрбиесіне де жетелейді. Намаз оқыған жан өз уақытын қадірлейді, ойы таза, сөзі анық, амалы әдепті болады. Тағы бір аятта Жаратқан иеміз былай дейді: «Раббыңды намазда сәжде етіп және түннің бір бөлігінде Оны еске алып ұлықта» («Инсан» сүресі, 26-аят). Бұл аят намаздың тек парыздық емес, сүйіспеншілік пен шүкірліктің көрінісі екенін көрсетеді. Яғни намаз — адамның Аллаға деген махаббатын, мойынсұнуын және рухани тәубесін тәрбиелейтін ерекше мектеп. Өйткені Алланы шын сүйген құл ғана түн ұйқысын төрт бөліп, ең тәтті мезгілді қиып, сол уақытты Раббысына құлшылыққа арнайды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаз — діннің тірегі» деген. Яғни діннің де, адамның да берекесі намазбен бірге. Өйткені кім намазды өмірінің өзегіне айналдырса, оның жүрегіне мейірім ұялап, айналасына да ізгілік нұрын шашады.
Басқа бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Қиямет күні пенденің ең әуелі сұралатыны — намаз. Егер намазы дұрыс болса, ол құтылады және есебі де оңай болады. Ал егер намазы бұзылса, онда ол өкінішке ұшырап, зиян шегеді» (әт-Тирмизи).
Бұл хадис намаздың адам өміріндегі ең негізгі тәрбие өлшемі екенін дәлелдейді. Себебі намаз дұрыс болса Қиямет күні пенде құтылған және есебі тура болады да, ал бұзылса барлық ісі күйреп, қасыретке ұшыраған болады. Намаз адамға жауапкершілікті, сабырды, уақыттың қадірін және адалдықты үйретеді. Күнделікті бес уақыт намаз — тәртіп пен тиянақтылықтың мектебі іспетті. Таң намазы ерте тұруға, бесін мен екінді — еңбексүйгіштікке, ақшам мен құптан — тыныштық пен шүкірге баулиды.
Қазақ халқы да ертеден-ақ: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», - деп бекер айтпаған. Ал намаз — тәртіптің ең жоғарғы үлгісі. Ол адамның сыртқы қимылын ғана емес, ішкі жан дүниесін де тәрбиелейді. Намаз оқыған жан өзін-өзі ұстай біледі, ашуға берілмейді, айналасына мейіріммен қарайды.
Халық даналығында: «Дін — жүректен, тәрбие — ниеттен» делінеді. Шынайы ниеттен туған намаз — адамды рухани кемелдікке, сабыр мен ұстамдылыққа жетелейді.
Қорытындылай келгенде, намаз — тек құлшылық емес, ол — өмір мектебі, мінез түзер тәрбие құралы. Кім намазды тұрақты оқыса, оның жаны тазарып, жүрегі тыныштық табады. Ал жүрегі тыныш адам — қоғамның берекесі. Намазына мұқият болған адам бойына өз нәпсісіне деген жауапкершілік, тазалық, тұрақтылық және Жаратушысына деген махаббат пен сүйіспеншілік орнатары сөзсіз. Сондықтан әрбір мұсылман үшін намаз — тәрбие бастауы, рухани күштің және адамдық биіктіктің кілті.
Жарымбеков Нұрлан
Д.Қонаев мешітінің наиб имамы