ИХСАН – РУХАНИ ТӘРБИЕ НЕГІЗІ
Адам баласының кемелдікке жету жолында ұстанатын ең басты құндылықтарының бірі – ихсан. Ислам діні адам өмірін иман, ислам және ихсан атты үш үлкен негіз арқылы қалыптастырады. Егер ислам адамның сыртқы амалдарын реттесе, иман жүректегі сенімді бекітсе, ихсан сол иман мен амалдың рухани сапасын арттырады. Сондықтан ихсан – мұсылманның рухани тәрбиесінің өзегі әрі адамгершілік кемелденудің ең жоғары сатысы.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде Жәбірейіл періште ихсанның мәнін сұрағанда: «Ихсан – Алланы көріп тұрғандай құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр», – деп жауап берген.
Бұл хадис мұсылманның әрбір ісінде Алланың бақылауын сезінуі қажет екенін көрсетеді. Адам жалғыз қалғанда да, көпшілік арасында жүргенде де, қызметте де, отбасында да Алланың алдында жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Осындай сана адамның бойында адалдықты, жауапкершілікті және тақуалықты қалыптастырады.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Расында, Алла әділдік пен жақсылықты (ихсанды) бұйырады…» («Нахыл» сүресі, 90-аят), – дейді. Бұл аятта ихсан әділдіктен кейін ерекше аталып отыр. Себебі әділдік – міндетті деңгей болса, ихсан – одан да жоғары дәрежедегі ізгілік. Мысалы, әділдік адамның ақысын беруді талап етсе, ихсан оған қоса мейірім танытып, жақсылық жасауды білдіреді.
Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында да ихсан ұғымына сәйкес келетін көптеген құндылықтар бар. Ата-бабаларымыз «Ұят болады», «Обал болады», «Сауап болады» деген ұғымдарды ұрпақ тәрбиесінің негізгі тетігі ретінде қолданған. Бұл сөздердің түпкі мәні адамның жүрегінде Алла алдындағы жауапкершілікті оятуға бағытталған.
Қазақтың қонақжайлығы, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, жетім-жесірге қолдау көрсету, көрші ақысына мән беру сияқты қасиеттері де ихсан мәдениетінің көрінісі болып табылады. Сондықтан ихсан – халқымыздың ұлттық болмысымен де біте қайнасқан рухани құндылық.
Тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі Қожа Ахмет Ясауи ілімі де ихсан тәрбиесіне ерекше мән берген. Ясауи хикметтерінде адам жүрегін тазарту, нәпсіні тәрбиелеу, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыру мәселелері кеңінен сөз болады. Ол кісі адамның сыртқы амалдарымен қатар ішкі дүниесінің де таза болуын басты талап ретінде қарастырған.
Ясауи бабамыз: «Ғалым болып кітап оқып, мәнін ұқпай,
Көп айтады, көңілінде нұры жоқ-ай», – деп, адамның тек білім жинап қана қоймай, алған білімін жүрек тәрбиесімен ұштастыру қажеттігін ескертеді.
Шын мәнінде, ихсан адамның жүрегін тәкәппарлықтан, көреалмаушылықтан, риядан және өзге де рухани дерттерден тазартуға көмектеседі. Ихсан иесі адамдарға пайдасын тигізуге ұмтылады, өзгеге зиян келтіруден сақтанады, өз ісін адал орындауға тырысады. Бүгінгі қоғамда рухани тәрбиенің әлсіреуі көптеген мәселелердің туындауына себеп болып отыр. Жемқорлық, өтірік айту, жауапсыздық, отбасылық жанжалдар мен қоғамдық сенімнің азаюы – рухани құндылықтардың әлсіреуінің көрінісі. Осындай жағдайда ихсан қағидаларын қайта жаңғырту – қоғамның рухани сауығуына ықпал ететін маңызды қадам.
Сондықтан әрбір мұсылман өз өмірінде ихсан ұстанымдарын қалыптастыруға күш салуы қажет. Намазды ықыласпен оқу, ата-ананы құрметтеу, адал еңбек ету, аманатқа қиянат жасамау, адамдарға жақсылық жасау – мұның барлығы ихсан тәрбиесінің жемісі.
Ихсан – адамның Алламен байланысын күшейтіп қана қоймай, қоғамдағы татулық пен бірлікті де нығайтады. Рухани кемелдікке жетудің, ізгі қоғам қалыптастырудың және ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызды жолы – ихсан тәрбиесін өміріміздің негізіне айналдыру.
«Орбита-3» мешітінің бас имамы
Орынбасар Абдуллаұлы