ЖЕТІМГЕ ҚАРАУДЫҢ САУАБЫ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Асыл дініміз ислам мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, қамқорлық танытуға бұйырады. Мұқтаж деп танылатын адамдардың қатарында ең әуелгісі жетімдер тұрады. Дінімізде жетім деп анасы мен әкесі жоқ баланы айтамыз. Сондай-ақ анасы болып, әкесі жоқ болса, ол да жетім деп танылады. Ал жетімге қамқорлық деп жетім қалған баланың қажетінде болуды, қамқорлық етіп, оны тәрбиелеуді, ер бала болса, ер жеткенге дейін, қыз бала болса, бой жетіп, тұрмыс құрғанына дейін оған жақсылық жасауды айтамыз. Бұл ұғымның шариғаттағы орны мен бізге жүктейтін жауапкершілігін тереңірек түсіну үшін, «жетім» сөзінің тілдік және шариғи мағынасы және т.б. мәліметтерге назар аударғанымыз жөн.
Бірінші: «жетім» сөзінің тілдік және шариғи мағынасы
Жетім сөзі араб тіліндегі (اليُتْمُ) түбірінен шыққан. Бұл сөз «жалғыз қалу», «панасыздық», «оңашалану» деген мағыналарды білдіреді. Ал ислам шариғатында бұл сөздің анықтамасы нақты әрі заңды түрде белгіленген. Шариғатымызда: балиғат (ержету) жасына толмай тұрып, әкесінен айырылған бала «жетім» деп аталады. Ал, әкесінен де, анасынан да бірдей айырылған (тұл жетім) баланы «латим» деп атайды. Алайда шариғат бойынша бұл мәңгілік емес. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
لاَ يُتْمَ بَعْدَ احْتِلاَمٍ
«Балиғат жасына жеткеннен кейін жетімдік жоқ», – деп айтқан (имам Әбу Дәуіт).
Екінші: «сәйидул-әйтам» яғни жетімдердің мырзасы
Исламның алғаш жылдары бірінен соң бірі түскен аяттарда Алла Тағала жетімдерге жақсылық жасауды бұйырып, олардың ақысын жеуден қатаң сақтандырған. Алла Тағала ең алдымен ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаратып былай дейді:
أَلَمْ يَجِدْكَ يَتِيمًا فَآوَىٰ ...فَأَمَّا الْيَتِيمَ فَلَا تَقْهَرْ
«Ол сені жетім күйде тауып, паналатпады ма? ... Ендеше, жетімді қорлама!» («Дұха» сүресі, 6-9 аяттар).
Алла Тағала бұл жерде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балалық шағын еске салады. Ол әлі құрсақта кезінде әкесі Абдулладан, ал 6 жасында анасы Әминадан айырылып, толықтай жетім қалды. Алла Тағала оны жалғыз қалдырған жоқ. Алдымен мейірімді атасы Әбдімүтәліптің, кейін қамқор көкесі Әбу Тәліптің жүрегіне Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген ерекше сүйіспеншілік ұялатты. Жастайынан жетімдіктің дәмін татқан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «сәйиду әл-әйтам» яғни «жетімдердің мырзасы» деп аталған. Ибн Кәсир бұл аятты: «Алла Өзі саған қамқоршы болып, адамдардың арасынан ең сенімді пана тауып берді», – деп түсіндіреді.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімдікті басынан өткеруінің үлкен даналығы бар. Жетімдіктің ащы дәмін, қорғансыздықты, жалғыздықты сезініп өскен адам ғана өзге жетімдердің жай-күйін шын түсіне алады. Алла Тағала алдыңғы аяттарда Өзінің көрсеткен қамқорлығын айтып келіп, енді соның іс жүзіндегі шүкірі қандай болу керектігін бекітеді: «Ендеше, жетімді қорлама!». Бұл жердегі «қорлама» сөзінің мағынасы тек күш көрсетпеу деген сөз емес. Тәпсірлерде бұл сөз: «олардың мал-мүлкін тартып алма, ақысын жеме, оларды төмен санап, дауыс көтеріп зекіме, бетін қайтарма» деген кең мағынаны білдіреді.
Бұл аят бізге мынаны ұқтырады: адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да бұл дүниеге жетім болып келген. Сондықтан жетімнің көңілін ауырту – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегін ауыртқанмен тең. Сондай-ақ «Бақара» сүресінің 220-аятында:
وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْيَتَامَىٰ ۖ قُلْ إِصْلَاحٌ لَّهُمْ خَيْرٌ
«Олар сенен жетімдер туралы сұрайды. Былай деп айт: Олардың жағдайын түзету – үлкен игілік (жақсылық)», – деп бұйырған.
Бұл аят түспей тұрып, Құранда жетімнің мал-мүлкін жеуге қатысты өте қатаң ескертулер келген еді. Мысалы, «Ниса» сүресінде: «Жетімдердің мал-мүлкін зұлымдықпен жегендер, шын мәнінде, іштерін отпен толтырған болады...», – делінген. Бұл ескертулерді естіген сахабалар қатты қорықты. Олар үйлеріндегі жетім балалардың тамағы мен өз тамақтарын бөлек пісіретін болды. Тіпті жетім баладан тамақ артылып қалса, оған ешкім тиіспейтін, ол бұзылып кеткенше тұратын. Бұл жағдай сахабаларға да, жетім балаларға да өте ауыр тиді. Содан кейін сахабалар Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «жетімдермен қалай мәміле жасаймыз?» – деп сұрайды. Осы кезде Алла Тағала жоғарыдағы аятты түсірді. Алла Тағала осы аят арқылы мұсылмандарға: «жетімнен қашпаңдар, оқшауламаңдар, қайта оларды өз отбасыларыңа қосып, бауыр тұтып, жағдайларын жақсартыңдар, ең үлкен жақсылық осы», – деді.
Үшінші: жетімді бағудың, оған пана болудың ақыреттегі сыйы
Сәһл ибн Сағдтан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұқ саусағы мен ортаншы саусағының арасын сәл ғана ашып көрсетіп, былай дейді:
أَنَا وَكَافِلُ الْيَتِيمِ فِي الْجَنَّةِ هَكَذَا وَأَشَارَ بِالسَّبَّابَةِ وَالْوُسْطَى، وَفَرَّجَ بَيْنَهُمَا شَيْئًا
«Мен және жетімге қамқорлық жасаған адам жәннатта осылай (бірге) боламыз» (имам Бұхари).
Міне, жоғарыда хадисте айтылғандай жетімге қамқор болу Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрші болып, иық тіресіп бірге тұрудың бақытына жеткізеді. Сол үшін дана халқымыз осы хадиске амал етуге шақырып: «Жетімді желе, жесірді еле», – деген. Жетім-жесірлерге қарайласа жүру Алланың жәрдемі мен ризықтың мол болып келуіне себеп болады.
Бірде бір сахаба келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Жүрегім қатайып кетті, жібімейді, не істесем болады?» – деп шағымданғанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنْ أَرَدْتَ أَنْ يَلِينَ قَلْبُكَ، وَتُدْرِكَ حَاجَتَكَ، فَارْحَمِ الْيَتِيمَ، وَامْسَحْ رَأْسَهُ، وَأَطْعِمْهُ مِنْ طَعَامِكَ، يَلِنْ قَلْبُكَ، وَتُدْرِكْ حَاجَتَكَ
«Егер жүрегіңнің жұмсарғанын және мұқтаждығыңның өтелгенін қаласаң, жетімге мейірімділік таныт, басынан сипа және оны өз тағамыңмен тамақтандыр. Сонда жүрегің жұмсарып, мұқтаждығыңа жетесің», – деп емін айтқан (Табарани).
Сондықтан жетімге қарау – бұл Алла Тағала ерекше жақсы көретін амал. Бұл істі назарға алған адам ақыретте есепсіз, қиналмастан жәннатқа кіруі нәсіп болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім (мұсылмандардың арасындағы) бір жетімді өз үйіне апарып, жегізіп-ішкізсе, егер кешірілмейтін күнә (серік қосу) жасамаған болса, Алла Тағала оны міндетті түрде жәннатқа кіргізеді», – деген (Термизи).
Дүниеде жетімнің көз жасын сүртіп, оған қорған болған жанды Алла Тағала Өз қамқорлығына алады. Ең бастысы – жәннаттың төрінде Ардақты Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұқ саусақ пен ортаншы саусақтай иық тіресіп, мәңгілік көрші болу мәртебесіне ие болады.
Төртінші: жетімді бағудың, оған пана болудың бұл өмірдегі сыйы
Жетімге қамқорлық жасаудың, оған қарайласудың ақыреттегі сыйы жәннат һәм Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрші болу мәртебесіне ие болса, бұл амалдың осы өмірде де (дүниеде) адам баласына берер пайдасы мен сауабы мол.
Ислам ғұламалары көрсеткендей, жетімге қараудың бұл дүниедегі басты пайдаларына қысқаша тоқталар болсақ:
- Үйге береке мен ризық келеді. Көп адам «өзімнің асырап отырған бала-шағам бар, тағы бір бала маған жүк болады» деп қорқуы мүмкін. Бірақ Алла Тағала жетімнің несібесін оған қараушы адамның қолы арқылы береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер тек араларыңдағы әлсіздердің (мұқтаждар мен жетімдердің) дұғасы және берекесімен ғана ризыққа кенелесіңдер әрі жәрдем табасыңдар», – деген (имам Бұхари). Сондықтан жетім баққан шаңыраққа материалдық және рухани береке кіреді. Табыс көбейіп, шығын азаяды, мал-мүлікке ерекше құт қонады.
- Жүрек тынышталады. Қазіргі таңда адамдар арасында ішкі мазасыздық, жалғыздық, жүректің тас болуы және депрессия жиі кездеседі. Жетімнің басынан сипап, оған мейірім төгу арқылы жүректегі өкпе-реніш, қаталдық кетіп, орнына ерекше бір жұмсақтық пен тыныштық ұялайды.
- Дұғалар қабыл болады және мұқтаждық өтеледі. Жоғарыда келтірген хадисте айтылғандай, жетімге қарайласқан адамның Алладан сұраған қажеттіліктері (жұмыс, денсаулық, отбасылық және т.б.) бұл өмірде тез шешімін табады. Себебі жетімнің іштей айтқан ризашылығы мен дұғасы Алланың алдында қабыл болады.
- Пәле-жаладан, ауру-сырқаудан аман болады. Садақаның ең абзалы – жетімге жасалған жақсылық. Ал садақа адамды түрлі жамандықтардан қорғайды. Жетімге қарайласу арқылы адам өзіне келе жатқан жол апаттарынан, ауыр дерттерден, отбасылық келеңсіздіктерден қорғанады. Сырқаттанған кезде жетімдерді тамақтандыру – шипа табудың рухани жолдарының бірі.
- Ұрпағына да жақсылығы келеді. Адам баласы бұл өмірден өткен соң артында қалған бала-шағасының аман-есен, жақсы адам болып өскенін қалайды. Егер кімде-кім бұл өмірде жетімге қарасса, Алла Тағала сол кісінің бала-шағасын, болашақ ұрпағын ешкімге телміртпей, қорғап қояды. Бұл – Алланың қайтарымсыз заңдылығы, өйткені «жақсылықтың қайтарымы тек жақсылық қана», – деген.
Қисса
Болған оқиға желісімен:
Ислам дініне қызмет етіп жүрген дін жанашырларының бірі басынан өткен оқиғасын былайша баяндайды:
«Бірде түсімде Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрдім. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Пәленше деген кісіге жәннаттық екендігін сүйіншіле!» – деді. Ұйқыдан оянған кезімде түсімде айтылған кісінің аты-жөні жадымда жатталып қалыпты. Алайда Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсімде көргеніме сенбей, әрі ондай бір адамды танымағасын таңырқап, ешнәрсе істей қоймадым. Бір жағынан оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқанын орындай алмағаныма да қапаланғандай болдым. Өйткені Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсте көрудің ақиқат екендігін білетінмін. Бірақ келесі күні түсіме адамзаттың ардақты тұлғасы тағы да еніп, бірінші көргендей «пәленшеге жәннаттық екендігін хабарла!» – деді. Содан сол адамды іздестіруге кірістім. Алайда ізденісім нәтиже бермеді. Біраз күн Жаратқанға жалбарынып, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп салауаттар айтумен болдым. Күндердің бірінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсіме тағы да еніп, әлгі кісінің қай қалада, кай жерде тұратындығын білдіріп, оның жәннаттық екендігін тағы да айтты.
Мен ұйқымнан тұра сала қуанышымда шек болмай, сол қалаға бару үшін жолға шықтым. Қалаға келіп, білдірілген мекенжайға бардым. Сол жердегі бір адамнан әлгі кісінің үйін сұрап, үйінің есігін қақтым. Бір қарапайым адам есікті ашты. Мен: «Пәленше деген кісінің үйі осы ма?» – дедім. Ол: «Иә, ол менмін», – деп жауап берді. Мен біраз таңырқап тұрып қалдым, өйткені жәннатпен сүйіншіленген адамды танымал мұсылман ғалымы, не дінге өмірін сарп етіп жүрген дін қайраткері шығар деп ойлаған болатынмын. Ал алдымда тұрған адамнан ондай бір нышан байқалмады. Тіпті киім киісі жобалғы, түр келбеті де қарапайым.
Ол кісіден тағы да: «Пәленше деген сіз бе?» – деп сұрадым. Ол: «Иә, мен, келіңіз, кіріңіз», – деп қонақжайлық танытты. Мен көп кідірмей болған жайтты оған айтып бердім. Ол кісі көзіне жас алып, Аллаға шексіз шүкіршілігін білдірді. Содан мен ол кісіден жәннаттық қандай іс атқарғандығының сырын сұрадым. Ол да біраз ойланып тұрып: «Мен айтарлықтай ешнарсе істеп жатқаным жоқ, тек бір нарсені айтайын, бірақ саған қояр бір шартым бар», – деді. Мен келістім. Ол менің есімімді ешкім білмесін деген болатын. Екеуара келісімнен кейін ол былай деді: «Менімен көрші тұратын үйдің отағасы дүние салып балалары жетім қалған еді. Мен асып-тасып жатқан ештеңем болмаса да, жетім қалған балаларға сол уақыттан бері алған айлығымның жартысын беріп келемін. Бұны ешкім білмейтін, тіпті жұбайым да бұдан бейхабар», – деді.
Сол кезде ғана маған білдірілген сүйіншінің сырын ұқтым. Бұл кісінің жетімдерге деген қамқорлығы мен шынайы ықыласы оның Пайғамбармен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жәннатта бірге болуын жазып отыр екен. Өйткені Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен және жетімді қамқорлығына алған адам жәннатта мына секілді болады» – деп екі саусағын көрсеткен болатын.
Омар ибн әл-Хаттаб Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізген: «Егер жетімдер жылайтын болса, Рахманның аршы сілкінеді. Сол кезде Алла Тағала періштелеріне: «Уа, Періштелерім! Мына жетімді кім жылатты?» – дейді, сонда періштелер: «Раббымыз Сен Білушісің», – деп жауап қатады. Алла Тағала: «Сол жетімді жұбатып, риза қылғанға қиямет күні риза боламын», – дейді».
Дін мен дәстүрін ұштастыра білген ата-бабаларымыз да: «Жетім көрсең, жебей жүр», «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деп, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Оларға қорған болуды азаматтық парыз санаған. «Жеті жарғыны» түзген, қазақтың биі Әйтеке би өзінің бір сөзінде:
Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң, жауға найзаң тисін.
Бай болып пайдаң тимесе,
Батыр болып найзаң тимесе,
Жұрттан асқан несібең,
Жетім мен жесірге жем болсын! – деген. Яғни, дүние-мүліктің, бақ-дәулеттің басты берекесі оның мұқтаждарға, жетімдерге қызмет етуінде екенін ескерткен. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз адамдықтың басты белгісін мейірімділікпен байланыстырып:
Жетімді көрсең жылама,
Жәрдемсіз тастап қалдырма.
Қолыңнан келген жақсылық,
Аяма ешбір адамнан – деп жырлайды.
Қазақта «Жетімін жылатпаған ел» деген аталы сөз бар. Тіпті соғыс пен ашаршылық заманында да қазақ халқы сырттан келген, панасыз қалған қаншама өзге ұлттың жетімдерін өз бауырына басып, бір үзім нанын бөліп берген. Бұл – біздің қанымызда бар имандылық пен мәрттік қасиет.
Құрметті жамағат!
Жетімге қарау – тек оған тамақ беру немесе киім әперу ғана емес. Ең бастысы оған отбасылық жылулық сыйлау, оны қоғамның толыққанды, тәрбиелі, иманды азаматы етіп өсіру. Бүгінгі таңда елімізде жетімдер үйлерінің азаюы, балалардың отбасыларға қабылдануы – имандылықтың артқанының белгісі. Егер айналамызда жетім балалар болса, олардың көңіліне қаяу түсірмей, қолдан келгенше демеу болайық. Біз жетімнің басынан сипайтын болсақ, қолымыз тиген әрбір шаш талшығы үшін Алла Тағала еселеген сауап жазады.
Жаратушы Иеміз елімізді аман, жұртымызды тыныш еткей! Жетімдеріміз жыламасын, ұрпағымыз панасыз қалмасын! Жасаған ізгі амалдарымызды қабыл алып, баршамызды жәннатта Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрші болуды нәсіп етсін!