МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІ ҚҰРМЕТТЕУ - ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ МІНДЕТІ
Рәміздердің тарихы мен мәнін білу, оларды құрмет тұту — әрбір қазақстандықтың борышы. Әр рәміздің артында үлкен тарих, зор мағына жатыр. Мемлекеттік рәміздер — сол елдің өмір салтын, бүкіл болмыс, ерекшелігін, мақсат-мұраты мен арман-тілегін білдіретін белгі.
Мемлекеттік рәміздеріміздің ресми хатталуының да өз тарихы бар. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев 1992 жылғы 4 маусым күні «ҚР Мемлекеттік туы туралы», «ҚР Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «ҚР Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды.
Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар. Біздің мемлекетіміздің рәміздері - Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұл рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Біздің мемлекеттік туымыздың түсі – көк.
Көк түс қазақ халқының ұлттық реңі деп саналады. Кезінде Түркі қағанаты (552-630 ж, 682-743 ж), Хазар қағанаты (651-983 жж.), Ұлы Селжұқ қағанаты (1040-1157 жж.), Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ хандығының (1465-1737 жж.) бірқатар хандары мен батырлары көк асаба көтерген. Қазақ КСР-нің (1920 - 1991 жж.) мемлекеттік жалауында да шағын көк жолақ республиканың төл болмысының нышандық белгісі ретінде пайдаланылады. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық» деген ұғымға сәйкес келеді. Яғни, тудың түсінен белгілі бір нақты географиялық ақпарат алуға болады. Ол геральдика тілінде бүкіл әлемге Қазақстан жер шарының шығысында орналасқандығын, Ұлы дала өркениетінен бастау алатын, тамыры тереңде жатқан шығыс мәдениетінің өкілі екендігін баян етіп тұрғандай.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы N 258 санды «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңының 1-бабында «Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады» делінген. Сондай-ақ осы бапта аталмыш ұғымдарға мынандай құқықтық анықтамалар берілген.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы - 1:2 деп жазылған. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туының авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы - дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде - бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде "Қазақстан" деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ "Қазақстан" деген жазу - алтын түстес деп жазылған. Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбаның авторлары – Ж.Мәлібеков пен Ш.Уалиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны /Гимні/ – осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық-поэтикалық туынды.
Осы баптың соңында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады» деп бекітілген. Ал 2006 жылы еліміздің мемлекеттік Әнұраны /Гимн/ ретінде - әні Шәмші Қалдаяқовтың, сөз мәтіні Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлығымен шыққан жаңа Әнұраны қабылданды. Сонымен бірге бұл қабылданған Әнұранымыздың тек қана мемлекеттік тілде орындалатыны – қазақ тілінің мәртебесін биіктетті.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында: «Әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» - деп жазылған. Бұл міндеттілікті сезіну әрі құрмет тұтып орындау үшін әрбір отандасымызға үйде, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында, өндірісте, мекемелерде ұдайы тәлімдік-тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі шарт. Осыны ескергенде, бұл бағыттағы соңғы жылдары жүргізілуі қолға алынған тәлім-тәрбиелік, үгіт-насихат жұмыстары балабақша мен мектептен бастау алып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Мемлекеттің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды, өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн.
Өз еліне деген терең сүйіспеншілік сезім мен шынайы отансүйгіштік мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен басталады. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы ғана емес, Конституциялық заңмен бекітілген міндет. Бұл міндет Қазақстан Республикасының азаматтарымен қатар, Республика аумағында жүрген барлық адамдарға қатысты.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақстандықтардың абыройлы міндеті. Өйткені, біз мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу және қастерлеу арқылы елімізге, мемлекетімізге деген ізгі ниетіміз бен шын ықыласымызды білдіреміз. Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленіп, қазір бүкіл дүниежүзі білетін Республика Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ардақтап, құрметтеуге тиіспіз.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет халықаралық, мемлекетаралық қарым-қатынастың тәжірибесінде қалыптасқанын және ресми орнықтырылып отыратынын белгілі. Соның ішінде, Мемлекет басшыларын қарсы алу және шығарып салу сәттерінде сол елдердің туы жоғары көтеріліп, ән-ұрандары орындалады. Бұл – бір мемлекеттің екінші бір мемлекетке ресми түрде көрсеткен жоғары дәрежедегі құрметі ғана емес, елімізге, тәуелсіздігімізге жасалатын құрмет болып саналады.
2007 жылғы 4 маусымда бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздеріміздің сипаттамасы мен оларды ресми қолдану тәртібін нақты белгілеп, осыған байланысты мемлекеттік органдардың құзіретін айқындады, оларға деген жауапкершілікті бекітті.
Бүгінгі күнде республикамызда 4 маусым «Мемлекеттік рәміздер күні» ретінде аталып өтіліп келеді. Бұл мерекенің жөні өз алдына ерекше. Себебі, әрбір азаматтың жүрегінде Отанына деген сүйіспеншілікті, өз еліне деген мақтаныш, патриоттық сезімдерін қалыптастыруда мемлекеттік рәміздердің маңызы аса зор. Көк аспан түсті Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз – баға жетпес тарихи құндылықтарымыз болып табылады. Ал осы құндылықтарға деген қарапайым халықтың құрметін қалыптастыру, жас ұрпақтың санасына отаншылдық сезімді сіңіру, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу – аға буын ұрпақ өкілдерінің, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің басты мақсаты, отан алдындағы парызы. Осы себептен біздің әрқайсымыз мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, олардың мәртебесін жоғары бағалау, көпшілік алдында маңызын насихаттау тек мемлекеттік органдардың, билік мекемелерінің міндеті деп қарамауымыз қажет.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу, оның мәртебесін көтерумен байланысты тәрбиелік сипаттағы жұмыстарын жүргізуді барлық деңгейде сөз жүзінде емес, іс жүзінде қолға алу қажет. Сондай-ақ оларды әрдайым құрмет тұтып, сүйіспеншілік сезіммен қарауды жас буын ұрпақ өкілдерінің бойына балабақша, мектеп қабырғасынан бастап сіңіру – біздің мемлекетімізге, ұлтымызға, елдігімізге қосқан өлшеусіз үлесіміз болары анық.
Бостандық ауданы
«Байкен» мешітінің
наиб имамы Саясат Көкенай