ҰЛТТЫҚ КИІМ - ҰЛТ МӘДЕНИЕТІ

Ұлттық киім – халықтың мәдени мұрасы мен ұлттық рухының көрінісі. Әр халықтың өзіндік мәдениеті, дәстүрі мен дүниетанымы оның ұлттық киімінен көрініс табады. Ұлттық киім – түркі халықтары үшін маңызды орынға ие. Орта Азияны мекен еткен әр халықтың өзіндік киім кию үрдісі бар. Олардың басындағы тақиясынан аяғындағы мәсісіне дейін бір бірінен ерекшеленіп тұрады. Сонымен қатар ұлттық киім – ұлттың тарихы мен рухани құндылықтарының айнасы болып табылады. Ол әр халықтың өмір салтын, табиғатпен үйлесімділігін, эстетикалық талғамын және әлеуметтік мәртебесін айқындайды. Мысалы: Қазақ халқының ұлттық киімі көшпелі өмір салтына бейімделіп, ыңғайлылығымен, табиғи материалдардан жасалуымен ерекшеленеді.
Адам көркі – шүберек деп ұрандаған қазақ халқының ұлттық киімі ислам құндылықтарына да сай келеді. Әйелдердің кимешек, жаулық тағуы, ер адамдардың кең, денені толық жабатын киімдер киюі – мұсылмандық дәстүрмен үйлеседі. Алла Тағала Құранда:
«Ей, Адам ұрпақтары! Біз сендерге ұятты жерлеріңді жабатын киім және сәндік киім түсірдік. Ал тақуалық киімі – ең жақсысы» (әл-Ағраф сүресі, 26-аят) деген. Бұл аяттан киімнің адам өміріндегі маңызын, оның ұят пен тақуалықты сақтау құралы екенін көреміз деп түсінген. Кез келген жанның бойына әсемдік сыйлайтын, талғамының ерекшелігін айшықтайтын бұйым әрине оның үстіне киген киімі. Ата-бабаларымыз ұлттық киімдерімізді зор талғаммен, сәнді әрі қонымды етіп үйлестіре білген. Киім-кешек тек шүберек қана емес, сол ұлттың мәдениетінен, қоғамдық өмірінен сыр шертетін ажырамас бөлік деп қараған.
Шоқан Уәлиханов қазақ халқының киіміне қатысты: «Қазақ киімі – көшпелі өмірге барынша бейімделген, әрі ыңғайлы, әрі сәнді»деп сипаттаған. Қазақтың ұлттық киімі ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған болып бөлінеді. Бөлінуінің негізгі себебі әйел адамның киімі ерлердің киімдеріне ұқсамауы тиіс. Ендеше ел арасында ер кісілерге тән киім ретінде танылған киімді әйелдің киюіне болмайды. Сахаба Әбу һурайра былай дейді: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ер кісілердің киімін киген әйелді және әйел кісілердің киімін киген ер кісілерді лағынеттеді деген.Мысалы: Ер адамдар көбіне шапан, шекпен, тон, көктамыр, саптама етік киетін болса, әйелдер кемер белдік, сәукеле, кимешек, және үстіндегі көйлегіне айрықша мән берген. Бұл киімдерге түскен әр өрнектің түстері мен ою-өрнегі терең мағыналарға ие. Мысалы қазақтың түсінігінде ою-өрнек тілсіз сөйлейтін құндылық. Қазақтың ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектер белгілі бір мағынаны білдіреді. Мысалы, «қошқар мүйіз» өрнегі байлық пен берекені, «өрмекші» өрнегі еңбекқорлықты білдіреді.
Түстердің мәні. Қызыл – қуаныш пен махаббаттың белгісі, ақ – тазалық пен адалдықты, жасыл – жастық пен өмірді білдіреді.
Адамның әлеуметтік мәртебе көрсеткішін қандай екенін айтқызбай ақ көрсететін қазақтың киімінде адамның жас ерекшелігі, отбасылық жағдайы, тіпті әлеуметтік орны да айқын көрініс табады. Бай-манаптар зерлі шапан кисе, батырлар жауынгерлік сауыт жамылған. Бойжеткендер мен жас келіншектер ашық түсті, әшекейлі киім кисе, егде жастағы әйелдер қарапайым, жабық киімдерді таңдаған.
Қорыта келсек, ұлттық киім – ұлттың мәдени келбеті. Ол халықтың ғасырлар бойғы өмір салтын, рухани құндылықтарын бейнелейді. Ұлттық киімді сақтау – ата-бабамыздан қалған мұраны қастерлеу, рухани жаңғырудың бір белгісі. Демек, ұлттық киім кию – өз мәдениетімізге деген құрметіміздің көрінісі. Ұлттық киімді дәріптеу – мәдени мұраны сақтаудың бір жолы. Ұлы Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегендей, өз мәдениетін құрметтеген адам ғана өзгені де сыйлай біледі. Ұлттық киімді кию арқылы біз өз болмысымызды дәріптеп, келер ұрпаққа аманат ете аламыз.
Ибрагимов Әлиасқар
“Ақсай” мешітінің наиб имамы