ҚАСИЕТТІ ЖҰМА КҮНІНІҢ ӘДЕПТЕРІ
Мұсылман жұма күнінің қасиеті мен ерекшелігін біліп сезінгені дұрыс. Жұма күні – күндердің ең абзалы әрі мұсылмандардың мейрамы болып есептелінеді. Сонымен қатар, бұл күні жұма намазы оқылады. Егер мұсылман бұл күнді және жұма намазды қадірлеп, әдептерін ұстанса, Алла оның сауабын арттырып, күнәларын кешіреді. Бұл күнде бір сәт бар. Егер мұсылман пенде сол сәтте Раббысынан намаз оқыған күйінде қажеттігі сұраса, Алла оған сұрағанын береді.
Хадисте «Күндердің ең абзалы – жұма күні. Бұл күні Адам атамыз жаратылған. Және осы күні жаннатқа кіргізілген. Әрі осы күні одан шығарылған. Қиямет те осы жұма күні болады» деп келтіреді.
Ибн Аббастан (р.а) келген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы жұма күні туралы: «Расында, бұл күн – Алланың мұсылмандар үшін мейрам еткен күні. Сендерден біреу жұмаға келетін болса, ғұсылданып (толық жуынсын). Әрі мисуакпен тістеріңді тазалаңдар», - айтқан.
Әбу һурайрадан (р.а) жеткен сахих хадистердің бірінде жұма күнінің қасиеті мен артықшылығы жайында былай делінген: «Кім ғұсылданып, жұма намазына барса әрі өзіне бұйырған нәпіл намазын оқыса; Одан соң имамның құтпасын ақырына дейін мұқият тыңдаса; Кейін онымен бірге намаз оқыса, онда ол үлкен күнәдан аулақ тұрғандай болса – осы жұма мен келесі жұма арасындағы кіші күнәлары кешіріледі. Және оған қосымша үш күн». Әбу һурайрадан (р.а) риуаят етілген шарапатты хадистердің тағы бірінде: «Жұма күні бір сәт бар. Егер мұсылман пенде намаз оқыған күйінде сол сәтке түс келіп, бір жақсылығын сұраса, Алла оған сұрағанын береді», – делінген.
Мұсылманға істеуі абзал болған жұма күнінің әдептерін келтіре кетелік:
1. Жұма күні таң намазының парызында «Сәжде» және «Инсан» сүрелерін оқу. Бұл әдеп Ибн Аббастан (р.а) келген мына хадис дәлел болады. Ол хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұма күнінің таң намазында «Сәжде» және «Инсан» сүрелерін оқитын еді», – делінген.
2. Мисуакпен тіс тазалау. Онымен тіс тазалау сүннет амалдарына жатады. (Мисуак - ағаштан дайындалған тіс тазалауға арналған құрал).
3. Жұманың күндізгі мен кешінде Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауатты көп айту. Бұл әдепке мына хадис дәлел: «Жұманың күндізі мен кешінде маған салауат айтуды көбейтіңдер», – делінген.
4. «Кәһф» сүресін оқу. Бұл жайында хадисте былай делінген: «Кім жұма күні «Кәһф» сүресін оқыса, онда оған екі жұма арасына нұр болады». Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жұманың түнін басқа түндерден арнайы намаз оқып ерекшелеңдер», – деген.
5. Жұма намазына дайындық жасау.
Оған төмендегі істер жатады:
• Ғұсылдану
• Иіс суымен жұпарлану
• Мисуакпен тіс тазалау
• Жұма намазына ертерек шығу
• Ең жақсы, таза киімдерін кию
• Сүннеттегі денеге қатысты тазалықтарды атқару (тырнақ алу, қолтық пен әурет түктерін кетіру сияқты)
• Сүннет бойынша жұмаға жаяу бару
7. Мешітке жұма намазы үшін асығып-аптықпастан бару. Негізінде әрбір намаз үшін мешітке асықпай, аптықпай бару – шариғат әдептеріне жатады. Бұл әдепке Әбу Қатададан (р.а) келген мына хадис дәлел болады: Біз бірде Пайғамбармен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге намаз оқып жатқанымызда, бір кісілердің асығыс тапырлап келген дауыстары естілді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазын бітіргеннен кейін:
– Сендерге не болды? – деп сұрады. Олар:
– Біз намазға жақындап едік – деді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Енді олай істемеңдер. Егер намазға келген болсаңдар, асығып, аптықпаңдар. Намаздан үлгерген рәкәғаттарыңды оқыңдар, үлгермеген рәкәғаттарыңды толықтырып бітіріңдер, – деді.
8. Азанның намазға шақыруын естіген шақта дүние ісін қоя тұрып, оған жауап беру. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Ей, иман келтіргендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланың зек артына (намазға) ұмтылыңдар. Және сауданы қойыңдар. Егер білсеңдер, бұл нәрсе сендер үшін жақсы», – делінген.
9. Тәһиятул масжид намазын оқу (мешіт ақсы, әуел уақытында оқылмайды).
10. Имам мінберге шыққанда, Алланы зікір ету, Құран оқу (уәғаз тыңдау) сияқты істермен шұғылдану.
11. Жұма намазына келгенде адамдардың үстінен аттап немесе жақын отырған екі адамның арасына қыстырылмасын немесе біреуді орнынан тұрғызып, оның орнына отыру сияқты істерден сақ болу.
Бұл жөнінде көптеген дәлелдер келтірілген, олардың ішінде: Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құтпа кезінде алдынғы жаққа өту үшін адамдардың үстінен аттап бара жатқан кісіге: «Отыр, басқаларға зиян келтірдің ғой», – деген сөзі бар. Тағы да: «Сендердің ешбірің жұма күні бауырың орнынан тұрғызып, кейін оның орнына отырып алмасын. Бірақ орын ашыңдар», – делінген.
Имам Шафиғи: «Қажет жол таба алмаған жағдайда ғана басқалардың үстінен аттап жүру – мәкруһ», – деген. Ибн Хажар: «Лажсыз жағдайда, мысал: имамға жақындауға мүмкіндік болмағанда рұқсат етіледі», – деген.
13. Құтпа айтылып жатқан кезде, мүмкіндігінше имамға жақын отырып, бос сөздер мен бекер істермен айналыспай, құтпаны мұқият тыңдау. Құтпа кезінде тізені құшақтап отыру – мәкруһ. Муғаф Ибн Әнас (р.а) мына хадисті келтіреді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұма күні имам құтпа айтып жатқан кезде тізені құшақтап отырудан тыйған». Имам Хаттаби: «Тізені құшақтап отыру адамның ұйқышыл болуына себеп болуы мүмкін», – деген.
14. Жұма күніндегі дұғаның қабыл болатын сәтіне түс келу мақсатында ол уақыттарды дұғалармен, зікірлермен толықтырып, өткізіп алмауға тырысу. Әбу һурайрадан (р.а) келген хадисте былай делінген: «Жұма күні бір сәт бар. Егер мұсылман пенде намаз оқыған күйінде сол сәтке түс келіп, Алладан бір қажет сұраса, Алла оның сұрағанын береді. Әрі ол сәт сол сәттің аз ғана уақыт екенін қолымен ишарат етіп көрсетті». Бұл сәттің уақыты туралы ғұламалар бірнеше пікір айтқан. Ең көп таралғаны:
1. Имам мінберге отырғаннан бастап, парыз намазын бастағанға дейінгі уақыт.
2. Екінші мезгіл – екінті намазынан күн батқанға дейінгі уақыт.
Бұл пікірге Абдулла Ибн Саламанның сөзі дәлел: «Жұма күні бір сағат бар. Егер дәл сол сәтке түс келсе, Алла мұсылман пенденің тілегін қабыл етеді», – деген.
Мұсылман пенде жұма намазына бекем болып, оған себепсіз қалмауға тырысуы қажет.
Жұма күнгі дұға тілектер қабыл болсын!
Алатау ауданы
“Бекет-ата” мешітінің
наиб имамы
Сәрсенбай Наржігіт