ҚАЗАҚ ҰЛТЫНДАҒЫ ИМАНДЫЛЫҚ ПЕН ЖАТ АҒЫМ
Бүгінгі рухани кеңістікте жиі талқыланатын тақырыптың бірі – дәстүрлі қазақы имандылық пен қазіргі жат діни ағымдардың айырмашылығы. Бұл тек діни мәселе емес, тұтас ұлттық болмыс пен елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды идеологиялық мәселе. Себебі, қазақы имандылық – халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған рухани тәжірибесі, ал жат ағымдар – сырттан таңылған, кейде радикалдық сипаттағы, ұлт болмысына бөтен түсініктер жиынтығы.
Қазақы имандылықтың өміршеңдігін түсіну үшін, алдымен оның түп-тамырына үңілу қажет. Қазақ халқы ислам дінін қабылдағаннан бері бұл дінді өзінің ұлттық ерекшеліктерімен сабақтастырып, ұлттық дүниетаным мен ислам қағидаларын үйлестіре білді. Бұл үрдіс әсіресе сопылық бағытта айқын көрініс тапты. Ясауийлік мектеп, Абайдың «Толық адам» концепциясы, Шәкәрімнің ар ілімі – бұлардың барлығы ислам мен ұлттық болмыстың синтезі ретінде қоғамда үлкен із қалдырды.
Қазақы имандылық – бұл тек діни ритуалдар мен рәсімдер ғана емес. Ол – кеңпейілдік, кішіпейілділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-ананы сыйлау, қонақжайлық, кешірімділік, ағайын-туыспен татулық, ел-жерге адалдық сияқты моральдық-этикалық нормалармен өрілген рухани жүйе. Бұл жүйе ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, іс-әрекет арқылы беріліп отырды. Сондықтан да қазақтың «иманды бала», «пейілі кең», «діні бар», «молда сөзіне тоқтаған» деген сөз тіркестері – діни ұстаным ғана емес, адамгершілік сапаның көрсеткіші ретінде қалыптасқан.
Ал енді жат ағымдар туралы сөз етсек, олар көбіне қоғамда бейімделу қабілетін жоғалтқан, тарихи тәжірибені мойындамайтын, дін мен руханиятты тек сыртқы формалар арқылы бағалайтын бағыттар. Бұл ағымдар көбінесе «тек біздің жол – ақиқат», «басқалардың барлығы адасушы» деген тар шеңберлі, радикалды түсінікке негізделген. Мұндай көзқарас – діни төзімсіздікті, қоғам ішінде жікке бөлінуді, отбасылық және ұлттық құндылықтарға қарсы шығуды тудырады. Мәселен, қазақы имандылықта молда мен ақсақал – елдің рухани тірегі. Ал жат ағым өкілдері көбіне дәстүрлі мешіт имамдарын мойындамайды, жергілікті дін қызметкерлерін «нағыз дінді білмейді» деп айыптайды. Қазақы дәстүрде ата-баба аруағына Құран бағыштап, дұға ету – имандылықтың белгісі саналса, жат ағым өкілдері мұны «ширк» деп айыптайды. Бұл – діннің мәнін емес, сыртқы формасын ғана негізге алатын үстірт көзқарастың көрінісі.
Қазақы имандылықтың басты ерекшелігі – дінді үреймен емес, ізгілікпен жеткізуінде. Ұрпақ тәрбиесінде дін қорқыныш құралы емес, моральдық-этикалық бағдар ретінде ұсынылған. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абай мұрасы дінді адам мен Жаратушы арасындағы рухани байланыс ретінде түсіндіреді. Ал жат ағымдар көбіне дінді саяси құралға, тіпті идеологиялық қаруға айналдырып, діни фанатизм мен діни нигилизмнің екі шегінде жүреді. Мұндай көзқарас рухани тұрақтылықты емес, бейберекет радикалдануды туғызады.
Сондықтан да «қайсысы өміршең?» деген сұрақтың жауабы – айқын. Өміршең – қазақы имандылық. Өйткені ол ғасырлар сынынан өткен, халықтың жүрегіне сіңген, қоғамда үйлесімділік пен сабырды орнықтырған рухани негіз. Бұл жүйе қатаң догмалық емес, адам табиғатын ескеретін жұмсақ, кешірімді, мейірімді сипатымен ерекшеленеді.
Бүгінгі таңда бұл мәселе тек діни ортада емес, жалпы қоғамдық деңгейде маңызды болып отыр. Жастар арасында рухани вакуум пайда болған тұста, олар «нағыз дінді» іздеп, интернеттегі түрлі күмәнді ақпарат көздеріне тап болады. Онда ұлттың тарихын мойындамайтын, дәстүрін жоққа шығаратын, діни фанатизмге баулитын топтар белсенді әрекет етуде. Бұл ретте мемлекеттің, дінбасылардың, зиялы қауым мен ұстаздардың жауапкершілігі – қазақы имандылықты заманға сай тілмен түсіндіріп, жастарға жол көрсету.
Қазақы имандылық – өткеннің сарқыншағы емес. Ол – бүгінгі Қазақстан қоғамының рухани тірегі. Жаңа Қазақстан құру жолында рухани тұтастық пен діни тұрақтылықты сақтау – стратегиялық міндет болып табылады. Бұл бағытта дәстүрлі ислам мен қазақы дүниетаным үндестігін ашып көрсету, мешіттер мен оқу орындарында қазақы имандылыққа негізделген тәрбие беруді жүйелеу, діни білімді халықтық санаға жақын стильде ұсыну, жастарды дәстүрлі дін мен тарихи тұлғалар арқылы тәрбиелеу, жат ағымдардың идеологиясын әшкерелейтін ғылыми-танымдық жұмыстарды көбейту аса маңызды деп есептейміз. Қазақы имандылықты жаңғырту арқылы ғана біз ұлттық бірегейлікті сақтап, сырттан келетін діни экспансияларға қарсы тұра аламыз. Бұл – тек діни емес, ұлттық қауіпсіздіктің рухани шебі. Қорытындылай келе, қазақы руханияттың өміршеңдігін уақыт пен тәжірибе анықтайды. Қазақы имандылық – ұлттың бойына ғасырлар бойы сіңіп, сан ұрпақты тәрбиелеген рухани жүйе. Ал жат ағым – тамырсыз, қоғаммен үндеспейтін, ұлттық болмысты мойындамайтын жүйе. Ендеше, өміршең болған ол – өзіміздің төл руханиятымыз.
«JASTAR» дамыту орталығы»
жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Каныбек Муратбаев