КӨШБАСШЫҒА ТӘН ҮШ ҚАСИЕТ
Исламдағы көшбасшылық ұғымы тек билікке ие болу деген мағынаны білдірмейді. Көшбасшылық – Алла мен адамдар алдындағы үлкен жауапкершілік. Зайырлы түсініктерде көшбасшы басқарушы ретінде қарастырылса, Исламда ол ең әуелі халыққа қызмет етуші, әділдік, адалдық, тақуалық және мейірімділік қағидаларын ұстануға міндетті тұлға ретінде танылады.
Билік – аманат, яғни сеніп тапсырылған міндет. Ол үшін әрбір басшы Қиямет күні жауап береді. Алла Тағала Құранда: «Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады. Міне, осылайша Алла сендерге қандай керемет насихат айтуда. Шүбәсіз, Алла (айтқан сөздерің мен үкімдеріңнің) бәрін естуші һәм (не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін) көруші» («Ниса» сүресі, 58-аят) деген. Бұл аят көшбасшының өз орнына лайық болып, міндетін толық жауапкершілікпен атқаруы керектігін көрсетеді.
Шынайы көшбасшылық тәкаппарлыққа, мансапқорлыққа немесе байлыққа ұмтылуға негізделмейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінсіз көшбасшының ең көркем үлгісі болды. Ол даналық, батылдық, әділдік, мейірім, сабыр және адалдық сияқты барлық қасиеттерді бойына жинақтаған. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) билікті билік жүргізу үшін емес, әділдікті орнату және адамдарды тура жолға бастау мақсатында қабылдаған ауыр аманат ретінде түсінді. «Әрбір басшы – бақташы әрі ол өз қарамағындағылары үшін жауап береді» деген хадис осыны айғақтайды.
Исламда көшбасшы үш негізгі қасиетке ие болуы тиіс. Олар – жауапкершілік, адалдық және батылдық, яғни шешім қабылдай білу. Жауапкершілік – Исламдағы көшбасшылықтың негізі. Шынайы көшбасшы биліктің артықшылық емес, Алла мен қоғам алдындағы міндет екенін терең түсінеді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір мұсылманды бақташыға теңеп және оның өз қарамағындағы адамдар үшін жауап беретінін айтуы барша мұсылманға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Бұл қағида тек мемлекет басшыларына ғана емес, әрбір адамға қатысты. Отбасындағы отағасы, ұстаз, кәсіпкер немесе басшы қызметіндегі кез келген адам өз міндетіне жауапты. Жауапкершілік көшбасшыдан халықтың игілігін ойлауды, шешімдерді жеке пайда үшін емес, қоғам мүддесі үшін қабылдауды талап етеді. Ислам тарихында мұндай жауапкершіліктің жарқын үлгілері көп. Мысалы Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын):
«Егер Иракта бір есек сүрініп кетсе, Алла менен: «Неге оған жолды тегістемедің?» деп сұрай ма деп қорқамын» – деген. Бұл оның халық алдындағы жауапкершілікті қаншалықты терең сезінгенін көрсетеді.
Адалдық – көшбасшылықтың негізі. Адалдық болмаса, қоғамда сенім болмайды. Халықты алдаған басшы ерте ме, кеш пе қолдаудан айырылады, ең бастысы Алланың разылығынан мақұрым қалады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Басшылыққа адалдық жоғалса, Қияметті күте бер», – деген. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміз бойынша діни қызмет аясында «Ислам және адал қоғам» жылы деп жарияланды. Осы игі бастама аясында уағыздар мен ақпараттық түсіндірме жұмыстарында әр істе адал болудың маңызы кеңінен насихатталуда. Өйткені адалдыққа ұмтылған қоғам бақытты болары хақ.
Ислам көшбасшыдан шыншыл болуды, жемқорлықтан аулақ болуды, билік пен байлықтың азғыруына ермеуді талап етеді. Мұның жарқын мысалы – Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын). Ол халифа бола тұра қазынадан жеке басына бір тиын да алмаған, керісінше өз қаражатын үмбет игілігіне жұмсаған.
Батылдық – көшбасшы үшін аса маңызды қасиет. Ол қоғам мүддесін қорғау және әділдікті орнату жолында шешім қабылдаудан тартынбауы тиіс. Алла Тағала Құранда: «...Егер қандай да бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Шүбәсіз, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді» («Әли-Имран» сүресі, 159-аят) – деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шешім қабылдауда батылдықтың үлгісін көрсетті. Ол қиындықтардан қорықпай, әрқашан ақиқат жолында нық тұрды.
Ислам тарихында мұндай тұлғалар көп. Мысалы Салахаддин әл-Айюби Иерусалимді азат етіп, тек әскери қабілетімен ғана емес, әділдігімен де танылды. Қазақ тарихында да Абылай хан мен Кенесары хан елді қорғап, әділдікке ұмтылған көшбасшылар болды.
Исламда көшбасшы халықпен кеңесіп, ғалымдардың пікіріне жүгінуі керек. Құранда: «Олармен әр істе кеңес. Ал шешім қабылдаған соң Аллаға тәуекел ет» («Әли Имран» сүресі, 159-аят) – делінген. Бұл – басқарудағы даналық пен жауапкершіліктің көрінісі.
Мұсылман қоғамының болашағы оның көшбасшыларына байланысты. Егер олар Ислам қағидаларын ұстанып, халыққа адал қызмет етсе, қоғам дамиды. Ислам тұлғаны жауапкершілігі мол, адал, әділ, батыл және дана көшбасшы етіп тәрбиелейді. Шынайы көшбасшы биліктің сынақ екенін түсінеді және әрбір ісі үшін жауап беретінін біледі. Сол үшін әрбір ісін жауапкершілікпен, адалдықпен атқарады.
МҰНАРА ГАЗЕТІ №7 (157)
Аталмыш аятта ізгі қоғамның қалыптасуына қажетті басты себеп айтылуда. Бұл қоғамға бағыт-бағдар беретін, сөзімен және ісімен ізгілікте үлгі болатын жақсылар қалыптасуы керектігін ескертуде.
Хадисші ғұлама «Алла алдындағы пенделік парыздарын толық орындаушы және адамдарға қатысты азаматтың міндетін толықтай атқарушы» дейді. Демек, ізгі адам – иманнан бастап барлық асыл қасиеттерді шама-шарқынша тұла бойына қалыптастыруға тырысқан, әрі сол құндылықтарға сай өмір сүруге ұмтылған жан.
Мақаланың толық нұсқасы осында ІЗГІ ҚОҒАМ
«Айт – Исламның қастерлейтін рәміздерінің бірі және ең ұлы көріністеріне жатады. Оны қастерлеу – жүректегі тақуалықтың белгісі. Алла Тағала: «Кімде-кім Алланың рәміздерін ұлықтаса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан», - деген.
Отбасы – алғашқы тәрбие ошағы. Тәрбиедегі ата-ананың үлесі – үлгі бола білуі. Жастар ата-анаға қарап бой түзейді. Осылайша, олардың дүниетанымы мен көзқарасы қалыптаса бастайды. Жүсіпбек Аймауытұлының әйгілі «Тәрбие» мақаласындағы: «Балаға қайырымдылықты, қаталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі. Баланың бойына басынан сіңірген мінезді қайта түзету қиын. «Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді...».
Мақаланың толық нұсқасы сайттағы Бас имам блогында
Жаны саудың – тәні сау демекші, асыл дініміз адамның жан дүниесінің тепе-теңдігімен қатар физиологиялық денсаулығына да ерекше көңіл бөледі. Құран Кәрімде: «Біз Құранды мүміндер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз...»,-деп адамзатқа жан мен тән шипасы жіберілгендігі айтылады. Құран барлық сұрақтарға жауап беретін Алланың сөзі. Сондықтан, Құранда медицинаға қатысты аяттардың болмауы мүмкін емес.
мақаланың толық нұсқасы ИСЛАМ ЖӘНЕ МЕДИЦИНА
Зекет – асыл дініміздің үшінші негізі. Құранның көптеген аяттарында намаз бен зекет қатар жүреді. Зекет «тазару, көбею» деген мағынаны білдіреді.
Абдулла Омарұлы (оған Алла разы болсын): «Алла елшісімен бірге мешітте он кісі болып отырған едік. Ансарлық бір жігіт: «Уа, Алланың елшісі! Мұсылманның қайсысы абзал?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мінез-құлқы жақсысы» деді. «Ең ақылдысы кім?» дегенде: «Өлімді көп ойлап, соған дұрыс қамын жасайтыны» деп жауап берді. Сосын Пайғамбарымыз: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, мұхажирлер! Бес қасірет бар. Сол күнді сендер көрмесе екен деп Алладан тілеймін. (Біріншісі) Ел арасында арсыздық пен азғындық ашық белең алса, онда олар бұрын-соңды көрмеген түрлі ауру мен обаға душар болады. (Екіншісі) Сауда-саттықта таразыдан алдайтын болса, азық-түлік жетіспеушілігіне тап болады, (үшінші) мал-мүліктің зекетін бермейтін болса, жаңбыр жаумай қуаңшылық жайлайды...» деген еді. Демек, зекетке салық деп қарау – қателік. Бұл иләһи заңның бір тетігі. Ол бұзылса, зардабын зекет беруден бас тартқан адам емес, жаппай қоғам тартады. Сондықтан бұл парызды дұрыс насихаттау міндетіміз.
Бірінші аят. Өзгеруді өзімізден бастайық.
إِنَّ اللَّهَ لا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُوا مَا بِأَنفُسِهِمْ
«Расында қандай да бір қауым өз ішінде өзгермейінше, Алла ол қауымды өзгертпейді...» (Рағыд сүресі, 11-аят).
Мәселен, сіз – әкесіз. Сіз – бала-шаға мен жұбайыңызға әрбір іс-әрекетте үлгі тұлғасыз. Отбасы тәрбиесіне қатысты ұл-қызыңызға көптеген жақсы ой салатын сөздерді көп айтатын шығарсыз. Бірақ, сол сөздер сіздің жүріс-тұрысыңыздан көрініс таппаса, айтқан сөзіңіз желге кетеді. Зая болады. Темекі шегіп тұрып, балаңызға «темекі шекпе» дегеніңіз қаншалықты өтімді болмақ. Демек, бала-шаға мен әйеліңіздің жақсы болуын қаласаңыз ең әуелі сол жақсылыққа бейімділік өзіңізден көріну керек. Ұжымда да, ағайын-туыс арасында да осы қағида бойынша әрекет еткеніміз жөн.
Екінші аят. Еңбегіміз зая кетпесін.
وَلَا تَكُونُوا كَالَّتِي نَقَضَتْ غَزْلَهَا مِن بَعْدِ قُوَّةٍ أَنكَاثًا
«Жібін жақсылап иіріп алғаннан кейін қайта тарқатып жіберіп, бүкіл еңбегін еш қылған байғұс әйелге ұқсап...» (Нахыл сүресі, 92-аят).
Бұл керемет жол көрсетуші аят. Иә, рамазанда басқа айларда жасамаған көптеген ізгі амалдарды жасадық. Қайырымдылық не екенін де үйреніп, біраз адамға көмек те бердік. Бірақ, рамазан кетті деп, той бітті дегендей рамазаннан алдыңғы қалпымызға қайта түсу – қателік. Аяттың меңзегені осы. Яғни, күні бойы аш жүріп ауыз бекітіп, Құран оқып, түндерде тарауихта тұрып, жақсы жағынан өзгеруге тырысып жасаған амалдарымыз бейне бір иірілген жібі тарқатылып кеткені секілді еңбегіміз еш кетпесін! Қысқасы, рамазаннан кейін оразадағы алған иман қуаты артпаса кемімеуі тиіс.
Үшінші аят. Туралықтан танбайық.
فَاسْتَقِيمُوا إِلَيْهِ وَاسْتَغْفِرُوهُ
«...Ендеше Оған тұппа-тура бет алыңдар және Одан күнәларың үшін кешірім тілеңдер...» (Фуссылат сүресі, 6-аят).