КӨШБАСШЫҒА ТӘН ҮШ ҚАСИЕТ
Исламдағы көшбасшылық ұғымы тек билікке ие болу деген мағынаны білдірмейді. Көшбасшылық – Алла мен адамдар алдындағы үлкен жауапкершілік. Зайырлы түсініктерде көшбасшы басқарушы ретінде қарастырылса, Исламда ол ең әуелі халыққа қызмет етуші, әділдік, адалдық, тақуалық және мейірімділік қағидаларын ұстануға міндетті тұлға ретінде танылады.
Билік – аманат, яғни сеніп тапсырылған міндет. Ол үшін әрбір басшы Қиямет күні жауап береді. Алла Тағала Құранда: «Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады. Міне, осылайша Алла сендерге қандай керемет насихат айтуда. Шүбәсіз, Алла (айтқан сөздерің мен үкімдеріңнің) бәрін естуші һәм (не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін) көруші» («Ниса» сүресі, 58-аят) деген. Бұл аят көшбасшының өз орнына лайық болып, міндетін толық жауапкершілікпен атқаруы керектігін көрсетеді.
Шынайы көшбасшылық тәкаппарлыққа, мансапқорлыққа немесе байлыққа ұмтылуға негізделмейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінсіз көшбасшының ең көркем үлгісі болды. Ол даналық, батылдық, әділдік, мейірім, сабыр және адалдық сияқты барлық қасиеттерді бойына жинақтаған. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) билікті билік жүргізу үшін емес, әділдікті орнату және адамдарды тура жолға бастау мақсатында қабылдаған ауыр аманат ретінде түсінді. «Әрбір басшы – бақташы әрі ол өз қарамағындағылары үшін жауап береді» деген хадис осыны айғақтайды.
Исламда көшбасшы үш негізгі қасиетке ие болуы тиіс. Олар – жауапкершілік, адалдық және батылдық, яғни шешім қабылдай білу. Жауапкершілік – Исламдағы көшбасшылықтың негізі. Шынайы көшбасшы биліктің артықшылық емес, Алла мен қоғам алдындағы міндет екенін терең түсінеді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір мұсылманды бақташыға теңеп және оның өз қарамағындағы адамдар үшін жауап беретінін айтуы барша мұсылманға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Бұл қағида тек мемлекет басшыларына ғана емес, әрбір адамға қатысты. Отбасындағы отағасы, ұстаз, кәсіпкер немесе басшы қызметіндегі кез келген адам өз міндетіне жауапты. Жауапкершілік көшбасшыдан халықтың игілігін ойлауды, шешімдерді жеке пайда үшін емес, қоғам мүддесі үшін қабылдауды талап етеді. Ислам тарихында мұндай жауапкершіліктің жарқын үлгілері көп. Мысалы Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын):
«Егер Иракта бір есек сүрініп кетсе, Алла менен: «Неге оған жолды тегістемедің?» деп сұрай ма деп қорқамын» – деген. Бұл оның халық алдындағы жауапкершілікті қаншалықты терең сезінгенін көрсетеді.
Адалдық – көшбасшылықтың негізі. Адалдық болмаса, қоғамда сенім болмайды. Халықты алдаған басшы ерте ме, кеш пе қолдаудан айырылады, ең бастысы Алланың разылығынан мақұрым қалады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Басшылыққа адалдық жоғалса, Қияметті күте бер», – деген. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміз бойынша діни қызмет аясында «Ислам және адал қоғам» жылы деп жарияланды. Осы игі бастама аясында уағыздар мен ақпараттық түсіндірме жұмыстарында әр істе адал болудың маңызы кеңінен насихатталуда. Өйткені адалдыққа ұмтылған қоғам бақытты болары хақ.
Ислам көшбасшыдан шыншыл болуды, жемқорлықтан аулақ болуды, билік пен байлықтың азғыруына ермеуді талап етеді. Мұның жарқын мысалы – Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын). Ол халифа бола тұра қазынадан жеке басына бір тиын да алмаған, керісінше өз қаражатын үмбет игілігіне жұмсаған.
Батылдық – көшбасшы үшін аса маңызды қасиет. Ол қоғам мүддесін қорғау және әділдікті орнату жолында шешім қабылдаудан тартынбауы тиіс. Алла Тағала Құранда: «...Егер қандай да бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Шүбәсіз, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді» («Әли-Имран» сүресі, 159-аят) – деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шешім қабылдауда батылдықтың үлгісін көрсетті. Ол қиындықтардан қорықпай, әрқашан ақиқат жолында нық тұрды.
Ислам тарихында мұндай тұлғалар көп. Мысалы Салахаддин әл-Айюби Иерусалимді азат етіп, тек әскери қабілетімен ғана емес, әділдігімен де танылды. Қазақ тарихында да Абылай хан мен Кенесары хан елді қорғап, әділдікке ұмтылған көшбасшылар болды.
Исламда көшбасшы халықпен кеңесіп, ғалымдардың пікіріне жүгінуі керек. Құранда: «Олармен әр істе кеңес. Ал шешім қабылдаған соң Аллаға тәуекел ет» («Әли Имран» сүресі, 159-аят) – делінген. Бұл – басқарудағы даналық пен жауапкершіліктің көрінісі.
Мұсылман қоғамының болашағы оның көшбасшыларына байланысты. Егер олар Ислам қағидаларын ұстанып, халыққа адал қызмет етсе, қоғам дамиды. Ислам тұлғаны жауапкершілігі мол, адал, әділ, батыл және дана көшбасшы етіп тәрбиелейді. Шынайы көшбасшы биліктің сынақ екенін түсінеді және әрбір ісі үшін жауап беретінін біледі. Сол үшін әрбір ісін жауапкершілікпен, адалдықпен атқарады.
МҰНАРА ГАЗЕТІ №7 (157)