ЖАТ АҒЫМНАН ЖАТ ЖҮР
Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпарат кеңістігінің қарқынды дамуы адамдардың діни танымына тікелей әсер етуде. Интернет желісі арқылы әртүрлі діни көзқарастар мен бағыттар еркін таралып, кей жағдайда діннің шынайы мазмұнын бұрмалап жеткізетін жат ағымдардың ықпалы күшейіп келеді. Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырғандықтан, қоғамдағы діни тұрақтылық пен рухани келісімді сақтау мемлекеттік маңызы бар мәселелердің қатарына жатады. Осы тұрғыдан алғанда, «жат ағымнан жат жүру» қағидасы тек діни ұстаным ғана емес, сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың кепілі ретінде қарастырылады.
Ислам діні мұсылмандарды бірлікке, ынтымаққа және ортақ жолды ұстануға шақырады. Құранда Алла Тағала дінде жік-жікке бөлінудің қауіптілігін ескертіп: «Діндерінде бөлініп, топтарға бөлінгендермен сенің еш қатысың жоқ…» деп айтқан: إِنَّ الَّذِينَ فَرَّقُوا دِينَهُمْ وَكَانُوا شِيَعًا لَسْتَ مِنْهُمْ فِي شَيْءٍ ۚ إِنَّمَا أَمْرُهُمْ إِلَى اللَّهِ ثُمَّ يُنَبِّئُهُمْ بِمَا كَانُوا يَفْعَلُونَ (Әнғам сүресі, 153-аят). Сондай-ақ тағы бір аятта тура жолды ұстану қажеттілігі баяндалып: «Бұл – Менің тура жолым. Соған еріңдер, басқа жолдарға ермеңдер…» деп ескертіледі: وَأَنَّ هَٰذَا صِرَاطِي مُسْتَقِيمًا فَاتَّبِعُوهُ وَلَا تَتَّبِعُوا السُّبُلَ فَتَفَرَّقَ بِكُمْ عَنْ سَبِيلِهِ ۚ ذَٰلِكُمْ وَصَّاكُمْ بِهِ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ (Әнғам сүресі, 159-аят).
Бұл аяттар мұсылман үмметінің жік-жікке бөлінуінің қауіптілігін және тек бір ғана тура жолдың бар екенін айқындайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да өз хадисінде үмметтің түрлі ағымдарға бөлінетінін айтып, олардың ішінен тек өзінің және сахабаларының жолын ұстанған топ қана дұрыс бағытта болатынын білдірген (Сунан әт-Тирмизи). Бұл ескертулер қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдарды ажырату үшін олардың негізгі белгілерін білу маңызды. Мұндай ағымдар, әдетте, дәстүрлі мәзһабтарды жоққа шығарып, ғасырлар бойы қалыптасқан діни мектептерді мойындамайды. Сонымен қатар, олар беделді діни ғалымдардың еңбектерін теріске шығарып, өздерінің тар түсінігін абсолютті ақиқат ретінде ұсынады. Көп жағдайда мұндай топтар басқа мұсылмандарды «адасқан» немесе «кәпір» деп айыптап, қоғамнан оқшаулануға шақырады. Бұл үрдіс өз кезегінде әлеуметтік байланыстардың үзілуіне, отбасы ішіндегі түсініспеушіліктерге және қоғамдағы алауыздықтың артуына алып келеді.
Жат ағымдардың зияны тек діни салада ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және қауіпсіздік тұрғысынан да айқын көрінеді. Діни тұрғыдан алғанда, адамның сенімі бұзылып, дінді үстірт әрі қате түсіну қалыптасады. Әлеуметтік тұрғыдан отбасы құндылықтары әлсіреп, адамдар қоғамнан шеттей бастайды. Ал қауіпсіздік тұрғысынан мұндай идеологиялар радикализацияға алып келіп, экстремизм мен терроризм қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселе тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Исламда діни білімді дұрыс әрі сенімді көздерден алу маңызды қағида болып табылады. Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» (Нахл сүресі, 43-аят) деп айтылуы осыны дәлелдейді: فَاسْأَلُوا أَهْلَ الذِّكْرِ إِنْ كُنْتُمْ لَا تَعْلَمُونَ.
Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім дінімізге оған жат нәрсені енгізсе, ол қабыл етілмейді» (Сахих Муслим) деп ескерткен: مَنْ أَحْدَثَ فِي أَمْرِنَا هَٰذَا مَا لَيْسَ مِنْهُ فَهُوَ رَدٌّ. Діндегі негізсіз жаңалықтардан сақтануды ескерткен. Бұл қағидалар әрбір мұсылманға діни мәселелерде сақтық танытып, сенімді ғалымдарға жүгінудің маңызын көрсетеді.
Ислам тарихында қалыптасқан дәстүрлі діни мектептер мен ғалымдардың ұстанымы да осы бағытты қуаттайды. Мәселен, Имам Әбу Ханифа, Имам Мәлік және Имам әл-Матуриди сынды ірі тұлғалар дінді түсінуде тепе-теңдікті, яғни шектен шықпауды (тавассут) және Құран мен сүннетке негізделген жолды ұстануды насихаттаған. Олардың еңбектері мұсылман қауымының діни бірлігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Қазақстан Республикасында діни қызмет заңмен реттеледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша еліміз зайырлы мемлекет болып табылады және әр азаматтың ар-ождан бостандығына кепілдік беріледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі экстремизм мен терроризмге байланысты әрекеттерге қатаң жауапкершілік қарастырады. Діни алауыздықты қоздыру, заңсыз діни үгіт жүргізу немесе радикалды идеяларды тарату заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескерген жөн.
Қорыта келгенде, жат ағымдардан сақтану – тек діни міндет қана емес, сонымен бірге қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарты. Әрбір адам дінді дұрыс түсініп, сенімді дереккөздерге сүйеніп, дәстүрлі діни құндылықтарды ұстануы қажет. Күмәнді діни топтардан аулақ болып, ресми діни мекемелермен және білікті мамандармен байланыста болу – қазіргі қоғамдағы рухани тұтастықты сақтаудың тиімді жолы болып табылады.
Айбар Асхатбекұлы
Әбу-Бәкір мешітінің наиб имамы