АБАЙДАН АЛАР ҒИБРАТ КӨП

Бүгінде Абай атын естімеген қазақ жоқ шығар. Елімізде Абай атындағы ауыл-аудан, мектеп пен көше жеткілікті. Абайды әлем таниды десек артық емес. Әдебиеттен бөлек қазақ діні хақында сөз қозғалғанда хәкім Абайды айналып өту мүмкін емес. Бір жарым ғасыр алдын жазылған Абай ілімі күні бүгінге дейін өзекті. Абайды тану мен білу екі бөлек дүние. Қазақ Абайды оқыса, шығармасындағы идеялардың, діни тұжырымдарын терең зерттесе дүние танымы едәуір кеңіп, оң өзгеріске ұшырары хақ.
Абайды неге Хәкім дейміз? Жалпы, хәкім деп кімді айтады? Мұның жауабын Абайдың өз сөзінен іздегеніміз жөн болар, ол: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым. Ғалымдарының нақлиясы бірлән мұсылман иман тақлиди кәсіп қылады. Хакімдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини болады. Бұл хакімдерден мұрат - мұсылман хакімдері» дейді. Расымен де, Абайдан қалған мұра қырық қара сөз қырық кітаптың жүгін арқалаған еңбек. Көлемі ықшамды болғанымен мазмұны орасан бай. Ескі медреселер оқыту әдісінде мәтіндерді жаттау үрдісі болды. Абайдың бұл еңбегі сол мәтін әдісімен жазылған. Жаттауға ыңғайлы әрі белгілі мәселелерді ереже сияқты жүйелеп көрсеткен. Ғақлияның, яғни қара сөздердің мазмұны мұсылман баласына имани, шариғи және ахлақ тұрғысынан ең қажетті тақырыптарды қамтыған.
Кітаптың атауына зер салсақ, дінімізде сенім-наным дәлел-дәйектері нақли және ғақли боп екіге бөлінеді. Нақли тікелей мәтіннен алынған дәлел. Ғақли – тәфәккур, пікірлеу нәтижесінде қол жеткізген дәлел түрі. Бұған қатысты Абай: «...Ғақлия дәлелім Құдай Тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бір пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатұғын ақылды инсанды жаратыпты », - дейді.
Ендеше, хәкім Абайдың аталмыш трактатында қозғаған ақида мәселелерін талдап көрейік. Хәкім Абай ақиданың маңыздылығы хақында: «Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады?, - дейді». Құлшылықтың сыртқы формасы мен ішкі мазмұны шариғат талабына сай болуы шарт. Сахаба Абдулла ибн Жундуб (р.а.):
«Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде біз балиғат жасындағы бала еді. Құран үйренбес бұрын иманның не екенін үйрендік. Содан кейін Құранды үйренгенде иманымыз күшейді», - дейді. Құлшылықтың дұрыс болуының бірінші талабы жайлы Имам Ғазали (р.а.):
«Мағбуд, Алланы танымайынша ғибадат дұрыс болмайды» дейді. Иман негізі дұрыс болмаса, істеген құлшылықтан ешбір пайдасы жоқ. Софы Аллаяр (р.а.):
Ақида билмаган шайтона элдур,
Агар минг йил амал деб қилса елдур, - деген.
Яғни: Ақида білмеген шайтан елі,
Егер мың жыл ғибадат деп бір істі жасаса бос, зая кетеді, желге ұшады.
Хәкім Абай да мұсылмандық жолының алғашқы қадамы, шариғаттың іргетасы – иманның түзу болуы екендігін айтуда.
13-қара сөзінде ақида мәселесін көтереді: «Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ».
«Ғайыпсыз бірлігіне» дегені айыпсыз, яғни мінсіз бірлігіне дегенді білдіріп тұр. Мінсіз бірлік дегенді қалай түсіну керек? Мұның жауабын Хәкім Абай «Китаб Тасдиқта»: «Біз Алла Тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те – ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те Алла Тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкинаттың ішінде не нәрсенің ужуді бар болса, ол бірліктен құтылмайды. Әрбір хадиске айтылатұғын бір қадимге тағриф болмайды», - деп ғажайып түрде түсіндіреді.
Имам Ағзам (р.а.) «Фиқһул Акбар» еңбегінде бұл мәселеге қатысты: «Алла Тағала бір, бірақ сан тұрғысынан емес. Бұл бірлік Оның ешбір нәрседе серігі, ортағы жоқ тұрғысынан», - дейді. Абай: «Ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз» деп ерекше шеберліктен жеткізген.
Жоғарыдағы сөздің соңында «Әрбір хадиске айтылатұғын бір қадимге тағриф болмайды» деген сөзін талқап көрелік. Хадис (حادث) – яғни жаңадан пайда болған, өзгеріп, құбылып тұратын дүние, ұғым. «Қадимге» (Бастауы жоқ) яғни Алла Тағалаға ешбір «тағриф» анықтама бола алмайды деп ақида мәселесін қамырдан қыл суырғандай етіп түсіндірген.
Абай иман не үшін керек деген сұрақтың жауабын беруде: «Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен Алла Тағаланың бірлігіне, уә Құранның оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалайһи уәссәлләм оның тарапынан елші екендігіне инандың. Жә, не бітті? Сен Алла Тағалаға Алла Тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, Алла Тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді». Имам Муслим жинағында мынадай құдси хадис бар: «...Бүкіл адамзат пен жын атауы араларыңдағы (пайғамбардай) ең жүрегі таза, тақуа жан сияқты болса бұл Менің иелігімде ешнәрсені көбейтпейді, арттырмайды. Ал егер, бүкіл адамзат пен жын араларыңдағы (шайтан сияқты) жүрегі ең бұзық біреуге айналса бұл нәрсе Менің иелігімде ешнәрсені кемітпейді... », - деген. Демек, иман тек адамның өзіне ғана керек. Ол дегені шариғаттың әрбір парызының пайдасы мен жемісі адамға. Сондай-ақ, шариғат тиым салған харамның зияны мен кері салдары да адамның өзіне.
Ендеше, иманның жемісі не? Абай: «Сіз «Әмәнту биллаһи кәма һуә би әсмайһи уа сифатиһи» дедіңіз. Ол есім Алла Тағаланың фиғыл ғазимләрінің аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары не деген сөз, кәміл үйрен. Өзіңді оның құлы біліп, өзіңе муслим ат қойып, тәслим болғаныңа раст боласың да. Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла Тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ. Оның үшін Алла Тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкуин. Бұл сегізінен Алла Тағаладағыдай кәмәлат-ғазамат бірлән болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты...», - дейді.
Хәкім Абайдың айтпағы, пенде өз хәліне жараса Алла Тағаланың көркем есім-сипаттарына бөлену. Мысалы. Құрбути: «...Әлде, Алланың өздеріңе кеңшілік жасағанын қаламайсыңдар ма? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді » аятын: «Алла Тағаланың сендерді кешіруін қалағандарың сияқты өздеріңнен төмен адамдарды кешіре біліңдер», - деп тәпсірлеген. Ибн Касир бұл аятты: «Сый-сияпат та, жазалау да жасаған істің түрінен болады. Саған күнә жасаған адамды кешір, сонда Біз де кешірім жасап, кеңшілік көрсетеміз. Алланың пенделерімен кешірім және кеңшілік қарым-қатынаста болсаң, саған да Алла Тағала кеңшілік және кешіріммен мәміле жасайды. Сондықтан, пенде Алла өзімен қалай мәміле жасауын қаласа адамдармен сол қарым-қатынаста болғаны жөн», - деп тәпсірлеген. Мына хадистерге зер салайық: «...Кімде-кім мейірімділік көрсетпесе, өзі де мейірімділік көрмейді», - делінген. «...Ақиқатында, Алла – Жәмил, көркем. Көркемдікті, сұлулықты жақсы көреді». «Алла Тағала – Хай (тірі және ұялушы деген мағына) және Карим (жомарт). Адам қолын көтеріп сұраса, оны құр бос қайтаруға ұялады», - деген. Осы мағыналас хадистерде Алла Тағаланың сипаттары айтылуы арқылы сол сипаттарды ізгі мұсылман бойына сіңіруіне ынталандырады.
Ал енді, Алланы танудың дұрыс тәсілі қандай? Бұған жауап ретінде: «Саниғын сұңғатына қарап білесіз» дейді Абай. Саниғ – Жаратушы, сұнғат – туынды, жаратылған көркем туынды. Демек, Алланы дұрыс танудың жолы – әлемге ғибрат көзімен зер салу. Әлемнің әсемдігі, үйлесімділігі, ғажайып тепе-теңдігі, табиғат заңдарына ғибратпен қарау арқылы Жаратушысының сипаттарын табамыз. Сахаба Ибн Аббас (р.а.): «Барлық жаратылыс жайында пікірлеңдер. Бірақ, Алланың Затына қатысты пікірлемеңдер» деген. Міне, бұл Алланы танудың дұрыс жолы. Құран Кәрімде перғауынның Мұсадан Құдай жайлы сұрағаны бар. Перғауын: «Құдайың кім?» дейді. Мұса пайғамбар Алланың заты жайлы ешнәрсе айтпайды. Ол жаратылыс және ғалам арқылы Жаратушы жайлы айтады. Өйткені, күллі жаратылыс Оның Құдіретті Раббы әрі Құдай екенін көрсетеді. Бұл диалог Құран Кәрімде: «Әлемдердің Раббысы дегенің кім?,-деді (тәкәппарланып перғауын). Мұса: «Ол – көктер мен жердің һәм екеуінің арасындағы барлық нәрсенің Раббысы» деп жауап берді», - деп баян етіледі.
Тәфәккур Жаратушыға деген махаббатты тудырады. Бұл нақылды Рамазан Бути сияқты Раббани ғалымдар көп айтады. Мағынасы: «Мені ізде, табасың». Яғни, Алланы әлемнің ғажайып жаратылысын зерттеу және тану арқылы ізде. Міне, сонда әлем Раббысының барлық сипаттарын тани түсесің. Әлемді қаншалықты зерттесең, сол дәрежеде Алланы тани түсесің.
«Тасдиқ Кітабында»: «Құдай тәбәрака уа тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған, мұны ізерлеп тәффаккару фи әла-иллаһи деген хадиске бинаән бұл сүнғати құдадан ізерлеп, құмар болып ғибратланушыларға тыю жоқ, бәлки, сұнғатынан себебін білмекке құмарлықтан саниғ ғашықтық шығады», - деген. Абайдың айтып тұрғаны хадисі: «Алланың аяттары, яғни жаратқан туындылары жайлы пікірлеңдер...». Адамның жаратылысы хақында Хәкім Абай тәфәккур етіп: «Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззаттанғандай қылып, ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстінен тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?» деген. Осылайша Хәкім Абай, Құран Кәрімдегі: «Олар бір сәтке болса да оңаша қалып ойланбай ма?...» «Күллі аспан мен жердің жаратылысына терең ой жүгіртіп: «Уа, Раббымыз! Сен мұны бекерге, мақсатсыз жаратпадың, дейді...»
«...Міне, бұл – барлық нәрсені кемеліне келтіріп, мінсіз етіп жасайтын Алланың шеберлігі. Шүбәсіз, Ол сендердің әрбір істеріңнен Хабардар » деген мағынадағы аяттардың сырын аша отырып, жаратылыс сұлтаны, тіршіліктің төресі адам баласы не үшін құлшылық етуге міндетті деген сауалдың жауабын айтады: «Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма?» деп түйіндейді.
Міне, бұл Абай ғақлиясындағы ақида мәселесіне қатысты тұжырымның теңізден тамшыдай ғана тәмсілі. Абай мұрасы терең зерттеуді қажет етеді. Оның шығармасы жалпы қазақтың мұсылмандық танымы көкжиегін кеңейтері сөзсіз.
Алматы қаласының бас имамы
Төлеби ОСПАН
«Иман» журналы 2025 жыл №8