РАМАЗАНДА НӘПСІНІ ТІЗГІНДЕУ МӘДЕНИЕТІ
Жаратқан Алланың көркем есімінің бірі – Хаким. Хаким – әр ісінде дархан даналық пен сансыз сыры бар хикмет Иесі. Ақиқатында, Алла Тағала парыз еткен әрбір үкімде даналық пен хикмет тұнып тұрады. Оның бағзысы адам баласына мәлім болса, кейбірі адамзат ақыл-санасы жетпейтіні де хақ. Құран Кәрім мен хадистерінде кейбір парыздың сыры айтылған. Десе де, даналығы құпия күйінде қалған парыздар да болады. Он екі айдың сұлтаны Рамазан оразасы асыл дініміздің негізгі бес тірегінің бірі.
Ораза иләһи хикметті һәм сырды арқалаған құлшылық. Алла Тағала Рамазан оразасын үлкен хикмет үшін парыз етті. Соның бірі – тақуалық. Құран Кәрімде: «Уа, иман еткендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), – күнә атаулыдан сақтанып тақуалыққа жетерсіңдер» («Бақара» сүресі, 183-аят), деп әмір етілген. Аталмыш аяттағы «...тақуалыққа жетерсіңдер» дегеннің мағынасын Ибн Касир тәпсірде: «Оразаның бірқатар сырынан адам ағзасын тазарту және шайтанның адам бойына, санасы мен ақылы және жүрегіне кіретін жолдарды тарылту» – деп баян еткен. Әз-Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кейбір ораза тұтушыға оразасынан алар үлесі тек ашығу ғана. Кейбір түнде құлшылық жасаушыға тиер несібе түнді ұйқысыз өткізу ғана», – деген (Бұхари, Мүслим).
Ендеше, тақуалық деген не? Тақуалық – адам өзі мен Алланың азабы арасына қорған жасауы. Ал, хазіреті Әли ибн Әбу Тәліп (оған Алла разы болсын): «Тақуалық – Алладан қорқу. Түсірілген Құранмен жүру. Азға разы болу, қиямет күнге дайындалу», – деген. Ал, сахаба Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) Жаратушы алдында лайықты түрде тақуалық таныту туралы ұғымын былай түсіндіреді: «Алла Тағалаға бойұсыну, қарсы келмеу. Алланы зікір етіп жадында сақтау, ешқашан ұмытпау. Әрдайым шүкіршілік ету, күпірлік етпеу». Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза – қалқан. Сендердің бірің ораза тұтса жаман сөз, жаман әрекет істемесін. Балағат айтқан, ұрыс шығарған кісіге: «Мен оразамын» десін», – деп (Бұхари, Мүслим) оразаның мән-мағынасын түсіндірді.
Ораза қалқан, бұл дүниеде нәпсіні тыю арқылы күнә атауынан қорғайды. Ал ақыретте тозақ отынан сақтайды. Оразаның сырын терең түсіндіре отырып, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім жаман сөз бен ісін тастамаса, оның тамақ жемей, сусын ішпей жүргенінің Алла Тағалаға ешбір керегі жоқ», – деген (Бұхари, Әбу Дауд, Термизи). Сахаба Жабир ибн Абдулла (оған Алла разы болсын): «Ораза тұтсаң құлағың, көзің және тілің өтірік пен арам істен ораза болсын. Көршіге зиян тигізуден сақ бол. Ораза күніңде салмақты және байсалды бол. Ораза күнің мен басқа күндерің ешбір айырмашылығы жоқ, бірдей болмасын», – деген екен. Демек, ораза – тақуалық қасиетін бойға сіңірудің жолы. Алла Тағаланың әмірін ықыласпен орындауда тақуалықтың көмегі мол. Ендеше оразаның ең басты хикметі мен сырын зерттеп көрелік.
Бірінші: Ораза – нығметке шүкір етуге себеп. Ораза – ас пен сусыннан және жұбайына жақындасудан тыйылу. Осы нығмет түрлерінен белгілі уақытқа тыйылу оның қадірін сезінуге жәрдемдеседі. Әдетте, адам баласы нығметтерді ұғынып түсіне бермейді. Уысынан шығып кеткенде ғана танып қадірлей бастайды. Демек, ораза – шүкіршіл болуды үйрететін ғибадат.
Екінші: Ораза – арам атаулыдан тыйылуға себеп. Ораза күндері адам Хақ Тағаланың разылығы үшін әдетте адал болған ас-судан және некелі жарына жақындасудан өзін тыятын болса, онда арам атаулыдан тыйылуы жеңіл бола түседі. Демек, ораза Алла Тағала тыйым еткен істерден аулақ болуды үйретеді.
Үшінші: Ораза – нәпсіні жеңуге себеп. Нәпсі табиғаты тойынса қалау мен құмарлық жетегінде кетеді. Ал, ашықса құмарлықтан тыйылады. Сол себепті де, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, жастар! Кімнің шамасы жетсе үйленсін. Өйткені (үйлену) көзді арамнан, жынысты (ойнастықтан) жақсы сақтайды. Ал, үйленуге шамашарқы жетпегенің ораза ұстасын. Ораза құмарлықты тізгіндейді», – деп кеңес берген.
Төртінші: Ораза – мейірімділіктің қайнар көзі. Ораза ұстаушы аштықтың не екенін сезінеді. Десе де оның ас-сусыз жүруі бірнеше сағатпен шектеулі. Ал, күні бойы ұзақ нәр татпай жүретін, аштық күнделікті өмір салтына айналған мұқтаж жанның күйін түсінуге оразаның көмегі мол. Нәтижеде, ораза тұтушы жағдайы төмен, мұқтаж адамның не сезінетінін естіп, көріп емес, бар жан тәнімен түйсінеді. Осылайша, ораза оның жүрегін жұмсартып, мейірімін оятады. Қайырымдылық жасауына септігі тиеді.
Бесінші: Ораза – шайтанға тойтарыс берудің тәсілі. Ораза құлшылығы шайтанның азғыруын әлсірете түседі. Әзәзілдің арбауы мен азғыруы едәуір бәсеңдеп, адамның күнәсі азая түседі. Өйткені, хадисте айтылғандай шайтан малғұн адамның қан тамырымен жүреді. Ал, оның жолын бөгеп, жүруін тарылтудың жолы ораза тұтумен жүзеге асады. Міне, бұл оразаның адам баласына берер нығметінің теңізден ғана тамшыдай сыбағасы.
Таң қылау бергеннен бастап күн ұясына батқанға дейін тамақ мен сусын ішпей жүру – оразаның сыртқы көрінісі. Алайда, осы амалдың мақсаты бар. Әр істе басты талап белгілі бір мақсатқа жету үшін жасалатыны мәлім. Оразаның мақсаты да жан дүниесін тазартып, тақуалыққа қадам басу. Сол арқылы әлемдердің Раббысы, Рамазан оразасын парыз еткен Алла Тағаланың разылығына бөлену.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби ОСПАН
IMAN | АҚПАН 2026