ДІН НЕ ҮШІН КЕРЕК?
Ең жақсы сөз Алла Тағаланың сөзі, адамзаттың абзалы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең жаман нәрсе дінге жаңалық енгізуге тырысу және дінге қарсы болу, тиісу, мазақ ету - ол күнә. Алла Тағала адамзатқа тақуа болуды бұйырды. «Әй, мүминдер! Алладан шынайы қорқынышпен қорқыңдар да мұсылман болған халде ғана өліңдер» (Құран Кәрім, «Али Имран» сүресі, 102-аят).
Яғни дінді ұстануды, қорқуды, діннің тәртібімен жүруді бұйырды. Қазір әлемге , көрші елдерге, әсіресе батысқа қарасақ діннің әлсірегенін байқаймыз. Жалпы дінге сенушілік әлсіреді, көптеген елдер діндерін терең ұстанбайды, балаларын дінге үйретпейді , мүмкін, кезінде өздері дінді үйренген, ал қазір мүлдем ұстанбайды. Қазіргі жәйт, кез-келген елде мұсылмандар көбейіп, олардың үлесі артып келеді. Әлемдік ғылыми-зерттеу орталықтарының сараптамалық есеп бойынша, болашақ - ислам дінінің үлесінде. Алайда, дәл қазір ислам діні шапшаң тарауда деп айту қиын, керісінше, қазіргі кезде жылдам тарап жатқан құбылыс – дінсіздік, атеистік көзқарас. Біз, посткеңестік елдер, бұл кезеңнен өттік, көрдік. Бұл саяси құрылым рухани өмірге ешбір жақсылық әкелмеді. Керісінше, діни нанымы үшін қуғынға ұшырады, сотталды, атылды, ит жеккенге айдалды. Кейбір атейсттер Агностиктік көзқарасты жамылғы етіп, басты әрекеті исламға қарсы шабуыл жасауға айналғанын байқаймыз. Көбіне 70 жыл бойы атеизм ықпалында болған адамдар өздерінің құлшылыққа ынтасыздығын ақтау мақсатында дінге қарсы көзқарасты қолдай бастады. Олардың ойынша дінге тиісудің ең оңай тәсілі мазаққа айналдыру, келемеждеу.
Міне осы кезде, дін адамзатқа не үшін керек екенін түсініп алуымыздың қажеттілігі туындағанын байқаймыз. Өкінішке орай, қазір діннің тек сыртқы пішінін ғана алып, ішіне кіре алмай жүрген жағдайымыз бар. Дінді салт-дәстүр ретінде ғана қабылдап жүрміз, жол сілтер негізі рухани тірек ретінде емес. Тадаббур ( Құранға жан- жақты, түрлі қырынан, түрлі деңгейден қарау) жасап дінге, басқа қырынан қарауымыз қажет. Тазалық, ғылым тағы басқа да жайттарда Алла Тағала мінсіз және де адам баласын дұрыс пропорцияда жаратты. «Расында адам баласын көркем бейнеде жараттық» (Құран Кәрім, «Тин»сүресі, 95-4 аят). Адамның бейнесі, сүлбесі қандай сұлу. Таң қаласың, бір адамның бойында түрлі жүйелер бар ( эндокриндік,нерв, қан тамыры, сүйек т.б).
Алла Тағала бүкіл қажеттілікті керегінше адамның бойына салып берді. Сонымен қатар, адамға ең қажетті ауа, су, күн энергиясын да берді және оны тегін қылды, не нәрсеге мұқтаж болсақ, соны тегін қылды. Физикалық мұқтаждықты толыстырды. Дененің мұқтаждығын ойлаған Алла Тағала рухани өмірімізді де ойластырып қойды. (Мұса а.с): « Раббымыз,әр нәрсеге бір бейне беріп, сонан соң оны тура жолға салған»,- деді. (Құран Кәрім, 20:50 аят). Барлығын жүйеледі.
Қазіргі таңда кейбір адамдар діннің қажеті жоқ, тек ғылым керек деп жүр. Құранда «Олар дүниедегі қу тіршіліктің тек сыртқы жағын ғана біледі. Ал ақырет мәселесіне келгенде, мүлдем ғапыл әрі бейқам» (Құран Кәрім, «Рум» сүресі,7- аят). Түсінуіміз қажет жағдай, ғылым жақсы, хадисте айтылғандай әлемнің тұрақтылығын ұстайтын төрт маңызды тіректің бірі, алайда ол тек жаратылыстың қалай болғандығын ғана түсіндіре алады, ал неге олай болатынын түсіндіре алмайды. Қалай - ол физика болса, неге деген ол метофизика, яғни түсіністікке жатпайды. Ғылым натижені ғана түсіндіреді, мысалы адамның жанын әлі түсіндіре алмай, оның бар екенін немесе жан шыққанда қайда кететінін дәлелдей алмайды. «Адамзат жаратылған соң, қараусыз қалдырылдық деп ойлайды ма? » (Құран Кәрім, 36- аят). «Біз сендерді босқа жараттық та тіпті бізге қайтарылмаймыз деп, ойладыңдар ма? »,- дейді (Құран Кәрім, «Муминун» сүресі, 23-115аят).
Ислам дінінің тарихында ғылымға қарсы шыққан кезең немесе жағдай орын алмаған. Керісінше, XVIII ғасырға дейін араб тілі ғылымның тілі болып келді. Алла Тағала адамзатты белгілі бір тәртіппен, тәрбиелеуде. Міне сол тәртіпке жоғарыдан келетін жоралғы, бағыт-бағдар үшін уахи ретінде Құран Кәрім түсірілді. Ол Құран жоғарғы мораль, заңдылық.
Әрине адам керемет жаратылыс. Адамның ақылына, ептілігіне ештеңе тең келмейді. Адамзат жазады, жазу арқылы сезімін, ойын қағазға түсіреді, оны мұра етіп қалдырады. Ұғынады және не ұққанын баяндай алады. Ешбір жаратылыс олай емес. «Оған сөйлеуді үйретті» (Құран Кәрім, «Ар рахман» сүресі, 55-4 аят). Яғни ойымызды баяндай аламыз, сөйлеуге шешендік берді. Алла Тағала Адам атаға барлық заттардың атауын үйрету арқылы оған танымдылық қабілетті дарытты. Оны ғылыми түрде Блумның таксономиясы деп атайды.
Адам қаншалықты ақылды болса да, Алла Тағала оның ақылын шектеулі етіп жаратқан. Бізге пайғамбарлар арқылы жол көрсетіп бағыт бағдар берді. Пайғамбарымызды жастайынан күнә атауынан Алла Тағала өзі қорғады, адамзаттың абзалы қылды. Бірақ пайғамбарлық уахи келмейінше ақиқатты білмеді. «Міне осылайша саған да өзіміздің әмірімізден ( жүректерге һәм ой-санаға жан бітіруші) рух ( Құран) уахи еттік. Сен одан бұрын кітаптың не екенін және иманның не екенін білмейтін де едің. Алайда біз ол рухты ( Құранды) нұр қылдық. Һәм сол арқылы құлдарымыздың арасынан қалағандарымызды тура жолға бастаудамыз. Шүбәсіз сен ( Үмбетіңді) тура жолға бастаудасың» (Құран Кәрім, «Шура» сүресі, 42-52 аят ).
Яғни өз бетінше ақиқатқа жеткен жоқ, Алла Тағала тарапынан үйретілгеннен соң ғана білді. Уахи, Құран түсірілді. Құран ол- нұр, жолбасшы және де біз оған мұқтажбыз. Моральдың жоғарғы ұғым екенін дін түсіндіреді. Ғылым ол материалисттік - көргеніне ғана сенеді. Ғылым рух, діннің сілтемесінсіз жан дегенді түсіндіре алмайды. Дінмен келген жоғарғы мораль болмаса жақсы-жаманды кім өлшейді?. Адамға салса өз қалауына салып, тек өзіне пайда беретінді жақсыға шығарып алуы бек мүмкін. Мысалы, мектеп баласына: «Өздеріңді өздерің оқытыңдар, содан-соң емтихан алыңдар, өз- өздеріңе баға қойыңдар, уйретіңдер», - дей алмаймыз. Олардан ақылы, білімі жоғары тұратын ұстазы болу керек. Бізге де сол сиякты, жол сілтейтін жол көрсететін уахи қажет. Егер жақсы - жамандықтың өлшеуін пенде қалауына салса, не болары айтпаса да түсінікті. «Егер ақиқат олардың ерік- қалауына ерген болса, онда сөзсіз, күллі аспан әлемінің, жердің және онда тіршілік еткендердің бәрінің жүйесі бұзылып, күл- талқаны шығар еді. Әйтседе, Біз оларға екі дүниеде де бақытты да абыройлы болуы үшін бұл өмірде ұстануы тиіс насихат пен нұсқаулар жиынтығын тарту еттік. Алайда олар өз бақыты мен абыройынан сырт айналуда» (Құран Кәрім, «Муминун» сүресі, 71 аят).
Келесі аятта «( Уа Мұхаммед) Өз әуейілігін тәңір тұтып, нәпсінің құлы болған мына бейбақты көрдің бе? Сонда оған сен кепіл боласың ба? (яғни, нәпсіге еріп, күнәға батқаны үшін сен жауап бересің бе?)» (Құран Кәрім, «Фурқан» суресі, 43 аят).
Пендеге салса әркім өз жағына тартып, әлемді құрдымға кетіретіні анық. Ал дін адамзатқа не береді; психологиялық күш, алға талпыныс, мотивация, береді. Аяққа нық әрі тіке тұруға күш, ақпен - қараны ажыратуға парасат береді. Өмірге мән-мағына береді, өмірді жақсы, таза сүруге жетелейді. Өмір деген тек нәпсі қалауын орындап ішіп-жеу емес, руханият, ішкі жан дүние деген ұғымы, ар-ождан тазалығы.
Өмір ол қателесуге болмайтын Алла Тағаланың берген нығмет сыйы. Сол үшін де тәртіп қажет. Дін қиындықты жеңуге күш, жігер, қайсарлық береді. Қоғамды бір үмбет болуға, бауырластыққа үндейді. Бірігейлік (идентичность) береді, ұлттық код бекиді. Олай болмаған жағдайда өзге мәдениеттерге жұтылып кетуіміз бек мүмкін. Тарих, өзіндік ұлттық код береді. Дін ұлттық мәдениетке қарсы келмейді. Бөлінбейтін бөлшекке салып, ұлтты діни сенімнен ажырату мақсатында психологиялық «дихотамия»(бөлінбейтін ұғымдарды бөліп жару) әдісі жүрмеуі керек. Тақуалық жолында адамдарды біріктіреді. Өмірдің мәні осы- дін.
Ешбір жүйе, діннің орнын баса алмайды. Намыс, ар-ождан, абырой рухани кемелдік береді. Қазір дінге тиісушілердің құралы немесе тарихы XVI-XVIII ғасырдағы Еуропа жағдайындағы мысалмен айтады. Дін ғылымға қарсы болды деп, XIII-XVI ғасырдағы мұсылман емес діндарлардың карсылығын сөзге тиек етеді, Г.Галилео, Коперник т.б мысалдар келтіреді. Бұның ешқайсысы да Ислам дінінің көзқарасына, қағидасына қатысы жоқ. Керісінше XIII-XVIII ғасыр арасы діннің мұсылмандар арасында дамыған кезеңі. Өкінішке орай сый-құрметтің тәжін мұсылмандардан кетіруге тырысуда. Мұсылмандарды соғысқұмар деп жала жабу да бой көтеруде. Керісінше, 1099 ж крестшілер крест жорығын бірінші бастап, айналдырған он күннің ішінде жаппай, ұлтына, дініне қарамай 120.000-150.000 адамды қырып тастағаны тарихқа мәлім. Қай кезеңде де Ислам жаулары соғысты бірінші бастап отырды. Мысалы, Еуропадан қуылған өзге дін өкілдері, мұсылман жерлеріне қашып келіп, сонда пана тапты. Мүмкін Ислам дініне тиісушілерде, діни жоралғыға байланысты, теріс(неготивті) жағдай өмірінде болған болуы мүмкін, соны желеу етіп дінге тиіседі
.
Ең бастысы – діннің өзі пәк, ал оны ұстанушылар әрдайым пәк бола бермейді, Әйтседе, пәктікке ұмтылуда. Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде «Ғұламалар пайғамбарлардың мұрагерлері»,- деді, ғұламаларда пенде, олардың да қателігі, қателесетін тұстары болады. Құран пәк, оны оқитын, зерттейтін қари пенде және оның пендешілігі болады. Осы жағдаяттарды ескере отырып дінге тіл тигізер алдында, «Бұл әрекетті не үшін жасап отырмын?»,- деп ойланған жөн болар. Сұбхан Алла Тағаланы еске алумен ғана жүректер тыныштық табады. Дінімізге берік болып, ұстанымымызды жоғалтудан Алла Тағала өзі сақтасын. Жаратушы Жаббар иеміз баршамызға қорған болып, тура жолдан тайдырмауын тілейміз.
Қ.Ахметов. «Заря Востока» мешітінің имамы