ЕКІ ТҮРЛІ СТАНДАРТ
Алты жасар бала түнде ата-анасымен кино көріп отыр. Ең әуелі, мұның өзі өрескел қателік. Бірақ, айтпағым басқа жайт. Кенет анасы: «Тұр, төсегіңе жат. Бұл үлкендер көретін кино», - дейді. Немесе кино барысында, «көзіңді жұм, қарама, ұят болады» дейді. Көруге болмайды деп өздері емін-еркін тамашалауда.
Мұндайда бала дұрыс пен қатені қалай ажыратады? Ұят барлығына ортақ ұғым емес пе? Балаға көруге болмайтын жайтты, әке-шеше неге көруде? Ана баласына жаман бол демейді. Бар білген жақсы сөзін айтады. Жұрттың баласы сияқты жақсы мен жаманды ажыратса деп тілейді. Бірақ, ананың сөзі мен ісі үйлеспесе сөздің құны жоғалады. Міне, бұл құндылықтарға қатысты екі түрлі стандарт. Мәселе мынада, ересектер кейде өзін баладан артық санап, балаға тыйым салғанды өзі істейді. Алайда, бұл олай емес. Құндылық мен көркем мінез ешуақытта үлкенге және кішіге деп бөлінбейді. Әке дауыс көтеруге өзін құқылы деп біледі делік. Мұндайда баланың да дауыс көтеруіне рұқсат беруі керек. Ата-ана ашуланшақ болса, баласы ашуланғанда қой демеуі тиіс. Әкенің айтқан сөзін бала да айтуға құқылы. Кез-келген жағдайда ашуланып, балағаттап және бала-шағасын ұрып-соғатын әке бар делік. Ал, анасы: «Әкеңді құрметте», - десе. Осындай жағдайда баланың ой-санасындағы ұғымдар шатасады. Ұғымындағы ең қадірлі жанның қол көтеруі, ең жаман сөз айтуына рұқсат па? Осылайша, баланың санасында дұрыс пен қате, жақсы мен жаман ұғымы араласады.
Мәселен, әке жұмыстан келді. Ұл-қызы у-шу боп, үйді астаң-кестең етіп жатыр. «Сендерге мың рет айттым, шуламаңдар», - деп бар дауысымен айқайлады. Бірақ, мұндай айқайдың пайдасы шамалы. Мәселені шешу жолы не болмақ? Бала құлақ асып, дұрыс түсінсін десеңіз байсалдылықпен айтқан тиімді. Сонда бала мұны ертеңгі күнге дәріс деп біледі. «Айқайлама» деп, айқайлап айтқан тиімді емес. «Ініңді ұрма» деп, үлкен баласын ұруы. Бұл құндылықтарды екі стандартта қолдану.
Мына жағдайға қараңыз. Әке жұмыстан ашулы күйде кіріп келді. Үйдегілерге дауыс көтеріп жатыр. Жүзі түнеріп кеткен. Кенет телефоны шырылдады. Бірер сәт алдын айналасын қырып-жойып жатқан әке басқаша бір бейнеге енді. Өте жұмсақ және мейірімді дауыспен: «Ассаламу алейкум! Уа, досым, қош келдің!», - деді. 5-6 жасар бала әкесіне таң қалып қарап тұр. Бірнеше секунд алдын арыстанша ақырған әке мейірімді де жұмсақ кейіпте сөйлесуде. Бұл қалай? Бала санасы мұндай эмоционалды өзгерісті қорыта алмайды. Енді, аналар. Күн бойы бала-шағасына дауыс көтеріп, ұрсып жүреді. Барлығын бір шыбықпен айдап жатады. Көрші әйел кіріп келгенде анасы танымастай өзгеріп шыға келеді. Күлімсіреп жайдары кейіпте әңгімелесіп тұр.
Бала тәрбесінде бұған жол бермеңіз. Сөз бен іс-әрекет арасындағы мұншама алшақтық теріс әсерін тигізеді. Сіздің айтқан жақсы сөздеріңіз зая кетеді. Мынадай қызық жағдай болған. Екі жасар бала жуыну бөлмесінен сүлгісін оранып шығады. Бөлмеге қарай жүрігіп бара жатқанда сүлгісі сытылып түсіп қалады. Үйдегілер ішек-сілесі қатып жатты. Бала үлкендердің жүзінен шаттық белгісін көреді. Ертесіне балконда орындыққа шығып, киімдерін шешіп тастайды. Анасы: «Не істеп тұрсың? Тез киіміңді ки», - деп, бар дауысымен баланың зәресін алады. Кеше барлығы күлген. Бүгін ұрсып жатыр. Неге? Бала түсіне алмауда. Кешегі күлген жағдай үшін бүгін ұрыс естіді. Не болса да, киіммен жүру әдеп екенін түсінгендей болды. Бір апта өтеді. Отбасы жазғы демалыс ретінде көлге барады. Көл жағасында анасы: «Кәне, киімдеріңді шеш»,-дейді. Бала түсінбей: «Киімдерімді шешейін бе, киіп алайын ба?», - деп анасына сұраулы түрмен қарайды.
Мұндай жағдай баланы қатты қобалжытады. Бір әрекетті істегені үшін де, істемегені үшін де ұрыс естуде. Нәтижеде ата-анасының сөзіне толықтай сенуге болмайтынын түсініп өседі. Әке сөзінің салмағы біртіндеп жоғала бастайды. Соның салдарынан тәртіп сақталатын көптеген отбасыда бала-шаға «тәртіп» дегенді жек көріп өседі. Себебі, бала көзінде қатаң тәртіп тікелей әке-шешенің жүріс-тұрысы және қарым-қатынасы. Алайда, әке-шешенің сөзі мен іс-әрекеті арасында жер мен көктей алшақтық байқалып тұрады. Айтқан ақылы мен істеген әрекеті бір-біріне түбегейлі қайшы.
Әдетте, көпшілігіміз көшеге әдемі, үйлесімді киіммен шығамыз. Ең жақсы сөздерді теріп сөйлейміз. Үйде киімге мән бермейміз. Жүріс-тұрыс пен сөйлейтін сөзге де аса көңіл аудармаймыз. Енді жағдайға бала көзімен қарап көрейік. Әкесі көшеде әдеппен сөйлеп, үйде көрмеген мұқияттылық танытады. Ал, үйде әкесі өзгеріп шыға келеді. Әке құндылықтарға екі түрлі стандарт қолдануда. Баланың әлемінде рухани құндылық, қарым-қатынастағы көңіл-күй, мейірім, ашу-ыза, тәртіп, ұрыс-керіс, талап және зорлық-зомбылық барлығы араласып кетті.
Маған ерекше әсер еткен жайт, он жасар баланың сөзі. Ол бала: «Әкем көшеде жұртпен ерекше ашық-жарқын. Барлығы жақсы дегендей бас бармағын көрсетіп жүреді. Адамдар да әкемді: «Керемет азамат. Мейірімді де ақ көңіл» деп жатады. Бірақ, үйде анаммен өте дөрекі, мінезі жаман. Мен әкемнің кім екенін білмеймін. Оның шынайы бейнесі ел алдындағы ашық та ақ көңіл көрінісі ме, әлде үйдегі жаман мінезі ме?
Бала санасында құндылық дұрыс қалыптасуында ата-ананың сөзі мен іс-әрекеті бір болуы маңызды рөл атқарады. Бала естіген сөзіне теріс әрекет көргенде құндылықтар құнсызданып кетеді. Демек, сөздің құны әрекеттен көрініс табады.
Иман журналы 2026 №1
Руслан Қамбар, РАНТ мүшесі, Таугүл мешітінің бас имамы