ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ИШАНДАР МЕН АХУНДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ
Қазақ жұртының рухани саладағы әрлі-берлі тарихына зер салсақ, небір діни қайраткерлердің қажырлы еңбектеріне қайран қаларсыз. Мешіт ұстау, шәкірт тәрбиелеу, кітап жазу, ел іргесін бекіту, бірлік-ынтымағын арттыру, халық арасында имандылық, әділдік, тазалық пен пәктік құндылықтарын жан-жақты насихаттаған абыздар, ишандар мен ахундар жүздеп емес, мыңдап саналғанын білеміз. Кешегі кеңес кезеңінде ол кісілердің есімдерін халық жадынан ұмыттыру үшін қаншама әрекеттер жасалса да, елдің есінен ешқашан шықпайтын асыл тұлғалар аз болмаған. Мысалы, сонау қазақ хандығы енді құрыла бастаған кезеңнің өзінде Сайд Ахмат Жалаладдин Қосанидың (1461-1542 жж.) ел игілігіне жұмыс жасағаны тарихи деректерде бар.
Одан бөлек, Мақтұм Cейіт Баба (1590-1663 жж.), Қожжан қожа (1595-1676 жж.), Мүсірәлі сопы әзиз - Әжіқожа Жәдікұлы (XVII ғ. екінші жартысы - XVIII ғ.), Сейтбембет әулие (XVIII ғ. аяғы - XIX ғ. ортасы), Айқожа ишан Темірұлы (1773-1857 жж.), Марал ишан Құрманұлы (1780-1841 жж.), Оразай ишан Бұғыбайұлы, Қалқай ишан - Қалмұхамед Маралұлы (1815-1870 жж.), Молдашер ахун Жамұратұлы (1825-1904 жж.), Мырзабай ахун Азаматұлы (1833-1916 жж.), Әлібай ахун Қосқұлақұлы (1835-1928 жж.), Алтайбек ахун (1841-1913 жж.), Бәймен ахун (1846-1916 жж.), Тапал ахун - Нұрмұхаммед Қадырұлы (1848-1921 жж.), Алдашбай ахун Ерназарұлы (1858-1936 жж.), Садық ахун Қодарұлы (1860-1937 жж.), т.б. есімдер бүгінгі ұрпақтың жадынан өшкен жоқ.
Халықты имандылық пен ізгілікке шақырған, ұлттың рухани мәдениетіне зор үлес қосқан мұндай тұлғаларды халық әспеттеп, хазірет, ишан, ахун, абыз (хафиз), қалпе, дамолла, молда, қары (қари), имам, мүфти, т.б. атаулармен атап келді.
Әрине, дін саласында қызмет ету оп-оңай шаруа болған емес. Әсіресе, олар өмір сүрген кезеңдерде. Олардың арасында Хиуа, Бұқара медреселерінде оқып, Бағдат, Мысыр, Ыстамбул, Шам, Мекке, Медине, Герат қалаларында білімін жетілдіргендері болды.
Енді қазақ даласында ғұмыр кешкен бұл имам, қалпе, ишан-ахундардың негізгі ерекшелігі не еді деген сауалға келейік. Барлығының да діндегі жүрек іліміне, басқаша атаумен айтқанда, сопылыққа, ихсан іліміне терең мән берулері еді. Жалпы діннің иман, ислам және ихсан деген үш тармағы бар десек, бұл үшеуінің ішіндегі ең маңыздысы, ең тереңі, ең ауқымдысы – ихсан ілімі деп түсінгеніміз мақұл.
Өйткені ихсан күллі әлемді жаратқан, ғаламды өзіне қаратқан құдіреті шексіз, Мәңгі тірі, ұйықтамайтын, қалғымайтын, Бәрін білуші, Бәрін есітуші, Бәрін бақылап, уысында ұстаушы ұлы Алла Тағаланың үнемі бізді көріп тұрғанын бір сәтке де естен шығармай, «ояу» өмір сүруді айтамыз.
Осыны сезінген адам өзінің әрбір айтқан сөзіне, әрбір жасаған қылығына, мінез-құлқына, әдеп қағидаларына терең мән беретін болады.
Мысалы, Алланың үнемі көріп тұрғанын, дәл қасымызды екенін, Құранда айтылғандай, «бізге күре тамырымыздан да жақын» екенін сезінетін адамның аузынан өсек-өтірік, ғайбаттың, мазақ сөздердің, біреуді кекету, келемеждеу секілді жарасымсыз сөздер шықпайтын болады.
Ондай деңгейге көтерілген адамның өз ата-анасымен, туған-туысымен, көрші-қолаңымен, бала-шағасымен қарым-қатынасы да терең әдепке құрылады.
Осы тұста жас ата-аналарға кішігірім бір кеңес бере кетпекпіз. Бір ана өзінің енді тілі шығып келе жатқан баласына ұйқыға жатар кезде үнемі 11 рет «Алла мені көріп тұр, Алла менің қасымда» деген сөзді айтқызады екен. Құдайдың құтты күні осы сөзді қайталатады екен. Содан жылдар өте береді, бала осы әдетті күнделікті естен шығармай орындап жүреді. Енді бір күні осы бала балиғат жасына толған кезде анасы: «Балам, үнемі сені көріп тұратын, үнемі сенің қасыңда болатын Алланың көзінше мынандай-мынандай істерді жасауы мүмкін бе?» деп оған бүкіл тәрбиенің негізін бере бастаған екен.
Ал енді біз әңгіме қозғап отырған ишан-ахундар ең алдымен осы сопылық дәстүрлеріне терең мән берген болатын. Атап айтқанда, Алланы тану (мағрифатулла), Алланы жақсы көру (мухаббатулла), Алладан қорқу (махафатулла) салаларын терең игеріп, өз өмірлеріне енгізген болатын.
Екінші мәселе, бұл тұлғалардың сенімдеріне (иман немесе Ақида саласы) қатысты көзқарастары. Адамның сенімін күшейту үшін Алланың бар және бір екенін дәлелдейтін фактілерді көбірек білумен байланысты. Ол үшін халықты ағартуда тарих, әдебиет, математика, география сынды дүниетану ғылымдары діни-исламдық тәрбиемен бірге қоса берілген кезде зор нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтты. Мысалы, сол кездегі жәдидшілік қозғалысының жетекшілерінің бірі Махмудқожа Беһбуди жас ұрпаққа бұл идеяның қаншалықты маңызды екенін ескере отырып былай үн тастайды: «Исламият сондай өркениетті дін, оны танимын деген адам дүние ғылымын қанша көп оқыса, ақидасы (сенімі) сонша берік болады. Мысалы, заманауи ғылымды көп оқыған мұсылман ғалымдары Еуропаның дамуына ерекше үлес қосқаны бізге мәлім. Сондықтан да, заманауи білім исламиятқа зиян емес, қайта пайда келтіреді» – дейді (Беһбуди М. Танланган асарлар. Нашрга тайѐрлаган: Қосимов Б. – Тошкент: Маънавият, 2006.).
Ислам дінін, Алла Тағаланың адамзатқа жіберген соңғы кітабы Құран Керімді негізге алып, оның мән-мағынасына терең үңіле отырып, математика, география, тіл, тарих сынды әлем халықтарына ортақ дүниелік ғылымдарды оқып үйренуді қолға алу бұл кезеңде жәдидтік көзқарастағы ишан-ахундардың басты принципіне айналды.
Міне, бұл пікір бүгінгі таңда да өте өзекті деп санаймыз. Өйткені дін ілімдері мен дүние ілімдері бірінсіз-бірі ұша алмайтын құстың қос қанатындай сипатта.
Жинақтай айтқанда, біз бүгін қазақ даласында Ислам дінінің өркендеуіне өте көп үлес қосқан ишан-ахундардың бірен-саран ерекшеліктеріне ғана тоқталдық. Ал тереңірек үңілген сайын бұл «құдықтан» небір дәмді кәусар бұлақтар шыға беретіні анық. Солардың іздеп тауып, бүгінгі жұртқа бөлісе жүруді нәсіп етсін.
Руслан Елемесов
«Байкен» мешітінің наиб имамы