ҚҰРАН - ҚОҒАМҒА МҰҒЖИЗА
«Күллі аспан әлем мен жердің жаратылысында, түн мен күннің бір ұзарып, бір қысқарып, бірін–бірі қуалап алма-кезек алмасуында, адамдардың пайдасы үшін теңізде жүзген алып кемелерде, Алланың аспаннан жауын жаудырып, сол арқылы өлі жерге жан бітіруінде, жер бетіне жайған барлық тіршілік иелерінде, желдердің мың құбылып соғуында және аспан мен жердің арасындағы Алланың әмірінде болған бұлттарда ақылға салып ойлана білетін қауым үшін (Алланың құдыреті күшті жалғыз жаратушы екенін көрсететін) сан алуан дәлелдер бар». (Бақара, 2-164)
Құран Жаратушымыз тарапынан Адам (а.с.), Шис (а.с.), Ыдырыс (а.с.), Ибраһим (а.с.) пайғамбарларға түсірілген иләһи парақтар мен Мұса (а.с.), Дәуіт (а.с.), Иса (а.с.) пайғамбарларға уахи етілген кітаптардың ең соңғысы, әрі қиямет-қайымға дейін бірде-бір әріп-нүктесі өзгертілмейтін Құдайдың сөзі. 22 жылдан астам мерзімде түскен Алланың сөзі 114 сүреден тұрып, 30 параға бөлінеді. Құранды сандармен көрсетсек, мынадай таңғажайыпқа куә боламыз: Қасиетті Кітабымызда күн сөзі 365 рет, ай сөзі 12 рет келеді. Сондай-ақ дәл бірдей көлемде қайталанып, мысалы дүние мен ақырет (115), періштелер мен жындар (88) деп келуі сөзсіз тек ұлы жаратушының қолынан ғана келетін бірізділік пен жүйелілік емес пе?
Оқып-жазуды меңгермеген Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тылсымға толы асқан шеберлікпен көркем тілде руханиятты толық қамтыған айрықша Құранды Алладан басқа кім үйретуі мүмкін еді? Әрине, Құран Алладан Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жіберілген мұғжиза. Өткені мен келешекте болатын оқиғаларды, ғайыпты білетін тек Раббымыз. «(Уа, Мұхаммед!) «Ант етемін! Егер күллі адамзат пен жындар дәл осы Құран сияқты бір кітап жазу үшін жиналса, тіпті сол мақсатта бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетіп, күш біріктірсе де, бәрібір дәл сондай кітап жаза алмайды», - деп айт». (Исра, 17-88)
«Алла күллі аспан әлемі мен жерді жаратты және аспаннан жауын жаудырып, сол арқылы сендерге ризық болатын алуан түрлі көкөністер мен жемістер шығарды. Сондай-ақ Оның пәрмені, қалауы (орнатқан табиғат заңдылығы) бойынша теңізде емін-еркін жүзуі үшін сендерге алып кемелердің тізгінін ұстатты. Сонымен қатар өзендерді де сендерге бағынышты етті (яғни, пайдаларыңа жаратты)» (Ибраһим, 14:32). Тіршілік көзі болған су туралы сөз қозғасақ, Әнбия сүресінде «Кезінде көктер мен жер тұтасқан бір бүтін еді, Біз ол екеуін бір-бірнен ажыраттық, күпірлік қылғандар соны көрмей ме? Сондай-ақ, тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық. Олар сонда әлі де иман келтірмей ме?» (Әнбия, 21-30) делінген. Барлық тірі ағза жасушадан, ал жасуша судан құралғанын бүгінде ғылымнан білеміз. Биология оқулықтарында келтірілгендей тірі ағза цитоплазмасының 80 пайызы судан құралып тұр. Сумен байланыстыра отыра, иман келтірмеген пенденің қараңғылықта қалуын Нұр сүресінде теңіздің астындағы қараңғылықпен шебер сипаттаған Рабымыз: «Немесе олардың істері бейне үсті-үстіне толқындары басып оның үстін бұлттар қаптап, қараңғылықтар қабаттасқан, (осы қараңғылықта қалған адам) қол созса да (қолын басын) көре алмайтын шөңет теңіздегі тұңғиық іспетті» (Нұр, 24-40) дейді. Адамзат арнайы тыныс алу жабдықтарынсыз 70 метрге дейін ғана сүңги алады, бұл тереңдікте жарық бар. Ал егер 1000 метрден төмен су астына түскенде теңіз асты қараңғылық екеніне көз жеткізуге болады. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи алған кезеңдерде теңіз астын зерттейтін кемелер мен жабдықтар болмағаны баршаға аян.
«Адамдарға пайдалы әрі мықты күші бар темірді түсірдік» (Хадид, 57-25) деген Хадид (Темір) сүресіндегі темірдің жер бетіне ғарыштан түсірілгенін сипаттауы айрықша. Миллиондаған жыл бұрын жердің метеориттермен жанасуынан алыс жұлдыздар темірдің космостан жер бетінде пайда болғанын ғалымдар 20 ғасырда айта бастады. Табиғаттың, ғылымның сан қилы тарапын қамтып алатын Құранның біз бір тамшысындай ғана бөлігін сөз еттік. «Құранның ақиқат екендігі айқындалғанша біз оларға атыраптағы және өз бастарындағы белгілерімізді көрсете береміз. Раббыңның барлық нәрсеге куә екендігі (сенің растығыңның дәлелі болуға) жетерлік емес пе?!» (Фуссиләт, 41-53). Құранның мұғжизасы, сыры қоғамға әлі де ашыла бермек.
Жетісу аудандық
«Әл-Мадина» мешітінің бас имамы
Мухамеджан Қыдырхожаұлы