ИХСАН ІЛІМІ
Ихсан ілімі адамды немесе адам рухын кемелдендіретін хал ілімі ретінде сипатталады және ол Құран мен сүннеттегі қағидалардың толық орындалуымен түсіндіріледі. Ихсан ілімі қателік пен күнә жасауға себеп болатын адам бойындағы материалдық әрі рухани қуат көздерін тізгіндеп, оның орнына сауап пен ізгілікке себеп болатын қуат көздерін оятуды, күшейтуді негізге алатын ілім.
Ихсан ілімінің негізгі мақсаты адамды жағымсыз мінез-кұлықтардан, жаман әдеттен тазартып, әдемі, көркем сипаттармен көріктендіру және кемелдендіру. Яғни, мұсылманды Алла Елшісінің көркем мінез-құлқымен безендіріп, кемелдікке көтеру, кемел адам тәрбиелеу және Алланың разылығына бөлендіріп, мәңгілік бақытқа жеткізу болып табылады.
Ихсан ілімі – ғибадат, зікір, мужәһадә (күрес), риязат (тежеу, шектеу) сынды амалдар арқылы рухани кемелдікке, кәшфке (ішкі жан дүниенің ашылуына), мағрифатуллаһқа (Алланы танып-білуге) және болмысты, жаратылысты тануға қатысты ләдундік (құпия/тылсым) әрі кәшфтік мағлұматтарға қол жеткізуге жетелейді. Сонымен қатар ғашықтық, жәзбә (шаттану, толқу), шәук (қалау, құмарлық, қуаныш), зәук (рухани ләззат алу, рахаттану) сынды рухани сезімдерді бастан кешуге апарады. Бұл рухани хал мен ішкі нұр сырттан да байқалады және айналасындағыларға әсерлі, айбарлы, айбынды болып көрсетеді. Алла Елшісінің рухани халі мен нұры айналасындағыларға үлкен әсер ететін. Уағызын тыңдаған сахабалар ерекше сезімге еніп, шабыттанып, рухтанып отыратын. Алла Елшісінің осы рухани халі мен рухани өмірін ауызша немесе жазбаша жеткізу мүмкін емес. Ол көңілден көңілге, жүректен жүрекке, сезімнен сезімге жету арқылы жалғасқан.
Адамның тәнінде болған күнә жасауға итермелейтін материалдық ағзалар тіл, көз, қол, аяқ т.б. Ал рухани күнә жасауға апаратын ол - нәпсі. Тән мен нәпсі бір-біріне байланысты әрекет етеді, яғни екеуі бір-бірін қозғаушы күш. Нәпсіден мал-мүлікке, атақ-мансапқа, дүниеге, дүниенің өткінші ләззаты мен қызығына, қызылы мен жасылына деген қалау-құмарлықтар мен тәкаппарлық, қызғаныш, ашу-ыза, кек, мақтан, рия, міндетсу, эго сияқты індеттер туады.
Ихсан ілімі тән мен нәпсіні тәрбиелеу, аталмыш індет көздерін емдеу арқылы һәм жеке адамның, һәм әлеуметтің кемелденуін негізге алады. Ихсан ілімі мен әрекет алдымен өзін кемелдендіруге, одан кейін әлеуметті кемелдендіруге арналады. Өйткені өзі кемелдіктен мақұрым жанның өзгені кемелдендіруі мүмкін емес. Сондықтан ихсан ілімін рухани тәрбие негізі ретінде сипаттауға болады.
Ихсан – мүминнің иманын қуаттап, ғибадат-құлшылыққа деген тебіренісін арттыратын ілім. Сонымен қатар, бір істі қолға алғанда ұқыптылықпен тиянақтылықпен сапалы әрі кемеліне жеткізе орындау.
Алла Тағала құлдарының әрбір іс-әрекетін көріп тұратындығы және уақыты келгенде оларды жауапқа тартатындығы аятта былай баяндалады: «Оларға болған жайдың бәрін нақты ілімге сүйене отырып бүге-шігесіне дейін айып береміз. Біз олардыңне істеп, не қойғандарынан әсте бейхабар емес едік» (Ағраф сүресі, 7-аят).
«Сонда әлгі мұнафықтар ішке бүккен сырларын да, өзара сыбырласқандарын да Алланың біліп тұратынын, сондай-ақ, Алланың ғайыпты толық білетінін әлі күнге дейін білмей ме?!» (Тәубе сүресі, 78-аят).
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерінде, ихсан және оның жемістерін өте тамаша сабақтастырып түсіндіріп береді.
Абдуллаһ бин Аббас (радиаллаһу анһума) былай дейді: Бір күні Алланың Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) артына мінгесіп келе жаттым. Ол маған: «Құлыным! Саған бірнеше қағида үйретейін» - деді. Сосын сөзін арықарай жалғастырып: «Алланың бұйрықтарын сақта! Сонда Алла да сені сақтайды. Алланың разылығын барлық ісіңде алдыңғы кезекке қойсаң, Алланы алдыңнан табасың. Бір нәрсе сұрамақ болсаң, Алладан сұра. Жәрдем сұрасаң да, Алладан сұра!..» (Тирмизи, қиямет 59/2516).
Тағы бір риуаятта былай делінген: «Алланың әмірлері мен тыйымдарын сақтап жүр, сонда Оны алдыңнан табасың. Молшылық кезде Алланы танысаң, қиыншылық кезде Ол сені таниды...» (Ахмед I, 307).
Қорыта айтар балсақ, ихсан ілімі – иманның нақты өзегі болып табылады. Барлық ғибадаттар мен іс-амалдар тебіреніспен, шынайы ықыласпен, тек қана Алланың ризашылығын қалап тақуалықпен орындалуы тиіс. Өйткені, Алланы көзбен көріп тұрғандай күйде жасалған әрбір ғибадат пен ізгі амал ықыласпен тақуалықты кемелдендіріп құлды құлшылығы мен амалынан нәр алып ихсан дәрежесіне жетеледі. Ал, ешкім көрмейтін жерлерде тура болып, жұмысын тиянақты сапалы орындап, адамдардың назарынан ұзақ мекендерде күнәлардан сақтану, «Ол мені кез келген уақытта және барлық жерде көріп, бақылап тұрады!» деген ихсан сезіміне ие болу арқылы болады. Ихсан ілімінің негіздері мен қағидалары мүминнің ой-санасын Алланың көріп бақылап тұрғанындай халге жеткізуді мақсат тұтады. Алланың уәли құлдары осы халге жету үшін бүкіл қайрат, күш жігерлерін, ғұмырларын осы жолға жұмсаған.
Бостандық аудандық
«Байкен» мешітінің
Бас имамы Болатбек Абу