ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ІЗГІЛІКТЕ ЖАРЫСУ

Аллаға және ақырет күніне толық иман келтірген мұсылман, амал дәптерін жақсылықтармен, ізгі амалдармен толтыру үшін өмірінің әрбір сәтін тиімді және жемісті өткізуге күш салады. Әрқашан салих амал істеуге құлшынып, жақсылық пен ізгілік жасау мүмкіндігін Хақ Тағаланың өзіне берген игілігі деп біледі. Сондықтан, кейбір адамдардың жақсылық пен ізгілік жасауға деген бейғамдығына алданып қалмай, кезіккен барша жақсылықты жүзеге асыруға тырысады.
Алла Тағала жәннатқа кірудің жолы жақсылық жасауда жарысумен өтетіндігін былай деп жеткізеді: «Жақсылықта жарысыңдар» (Бақара сүресі, 148-аят). «(Сонымен қатар) олар жақсылықта жарысады» (Әли имран сүресі, 185-аят). «Раббыларыңның кешіріміне әрі тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жәннатқа жарысыңдар» (Әли имран сүресі, 133-аят).
Ал, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адамдардың ішінде жақсылыққа кілт, ал жамандыққа құлып болатындары бар. Сонымен қатар керісінше жамандыққа кілт, жақсылыққа құлып болатындары да бар. Алла Тағаланың қолдарына жақсылық кілттерін берген жандар нендей бақытты! Ал Хақ Тағаланың қолдарына жамандық кілттерін берген жандар нендей бақытсыз!» (ибн Мәжә, Мұқаддима 19).
Жақсылық дегенде ізгілік, амандық, мейірімділік, рақымдылық, əдептілік, адалдық, пайда, бақыт, сəттілік, парыз, жақсы, игі іс, жақсы қарым-қатынас, молшылық, келісу, жақсы, оң, адамгершілілік тағы басқа ұғымдармен нақтылана түсіп, сабақтасып жатады.
Ізгілік – бұл адамның жеке басының тәртібін ретке келтіретін адалдық, адамгершілік, көркем мінез-құлық, мейірбандық, қайырымдылық, тәртіп, намысшылдық, еңбекқорлық сынды қасиеттерді біріктіретін сипат. Бұл қасиет адам болмысын адамгершілікке, рухани тазаруы мен азаттыққа ұмтылуына итермелейді. Адамгершілік ар мен ұяттан, имандылық пен парасаттылықтан және т.б. мәндік құндылықтардан бастау алып, осы қасиеттер арқылы келбеттене түседі. Адамзаттың өмірдегі ең үлкен жемісі – «адам» деген атқа кір келтірмей, дүниеден адам болып өту. Жалпы ізгілік, адамның болмысымен тікелей байланысты болып келеді, оның шынайылығынан туындаған және жүзеге асқан игі, нұрлы қадамдар болып табылады.
Жақсылық пен ізгілік жасауда жарысу, күндері санаулы дүниені ең пайдалы түрде өткізу болып табылары сөзсіз. Негізінде салих амалдар істеген әрі ізгілік жасаған кісі, тек өз пайдасы үшін еңбектенеді. Алла, Құранда былай дейді: «Кімде-кім тозаңның түйіріндей ізгілік жасаса, қайтарымын көреді (яғни сауабын алады)» (Зілзала сүресі, 7-аят). «Сендер қандай да бір ізгілік жасасаңдар, күмәнсіз Алла оны біледі» (Бақара сүресі, 273-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алла Тағала жақсылықтар мен жамандықтарды жазды. Кейін олардың жақсы және жаман болуын былай деп түсіндірді: «Кімде-кім жақсылық жасауға ниеттеніп, оны жүзеге асыра алмаса Хақ Тағала оны толықтай жасалған жақсылық ретінде тіркейді. Ал егер кімде-кім жақсылық жасауға ниеттеніп, оны жүзеге асырса Хақ Тағала оның қайтарымын он еседен жеті жүз есеге дейін, тіпті одан да көп етіп жазады. Кімде-кім жамандық жасауға ниеттеніп, оны жүзеге асырудан бас тартса Алла Тағала оны толықтай жасалған жақсылық ретінде тіркейді. Ал егер кімде-кім жамандық жасауға ниеттеніп, оны жүзеге асырса Хақ Тағала ол жамандықты тек бір күнә ретінде жазады» (Бұхари, Риқақ 31).
Адам баласын ізгілікке бастайтын жақсылыққа жаны құмар жандар бар. Олардың жүзінен жылулықты, көзінен қуанышты бірден аңғарасың. Олар жақсылық жасау арқылы жалғыз қалған жанға серік, шаршап-шалдыққанға тіреу, мүсәпірге көмек бола алады. Негізінен адам баласы дүниеге ізгі амалдар атқару үшін келеді. Ал біздің ғұмырымыз жақсылық жолындағы үлкен сапар. Жалпы, жақсылықтың ең асылы – адамға қуаныш сыйлау. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткеннің өзі жақсылық емес пе?! Адамдарға жақсылық жасау – бақытқа жетелейтін қысқа жолдардың бірі. Қолыңнан қандай игі іс келсе де оны жақсылыққа жетелеу керек. Алла адамды жаратып, пенденің ой санасымен сезімі қалыптасқаннан бері жақсылық қатар келеді. Алайда жақсылық жасасаңда, жамандық қылсаңда өзіңе кері айналып келері анық. Жақсылық міндетті түрде жалғасын табады. Себебі, сенің бір жанға қуаныш сыйлағаның, одан кейінгі адамдардың да жақсылыққа ұмтылуына себепші болады. Өзгеге жақсылық жасасаң, өзің де себепсіз бақытқа бөленесің.
Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме бүгінгі қоғамда күннен-күнге сан түрлі жамандықты көз көріп, құлақ естіп жүр. Соңғы кездері келеңсіз жағдайлардың көптігі сонша, етіміз үйреніп тасбауыр болып бара жатқандаймыз. Алайда өмір ақ пен қарадан құралғандай жақсылықпен бірге жамандықта тыным таппай арпалысуда. Ғылым мен технологияның күн сайын қарыштап дамуы, адамның ниеті мен пиғылы бұзылып, жақсылық жасауды да ұмыттырып бара жатқандай. Өкінішті-ақ. Сондай-ақ қазір жақсылық жасау үшін «ақшасы бар, бай болу керек» деген түсінік қалыптасты. Алайда айналаңа кішкентай жақсылық істеп, қуаныш сыйлау үшін қаржының керегі жоқ. Жақсылық пен ізгіліктің жаршысы болу үшін таза жүрекпен шынайы ниет қажет. Әбу Зар (р.а.) былай дейді: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған қарап: «Дін бауырыңды күлімсіреп қарсы алудың өзін кішкене іс деп есептеме», - деді (Мүслим, Бирр 144).
Адамзат баласына санаулы күн ретінде берілген өмір нығметі иләһи емтихан. Ақылды жан бұл құнды әрі шектеулі мүмкіндікті ең көркем түрде және пайдалы өткізудің жолын қарастырады. Мүмин, жақсылық пен ізгілікте жарысуды нығмет деп біліп, дереу жүзеге асыру керек. Кейінге қалдырылған жақсылық пен ізгілікті іске асыру үшін көптеген кедергілер шығуы әбден мүмкін. Өйткені жақсылық пен ізгілікті кейінге қалдырғандар жайлы: «ертең жасаймын дегендер, күйреп жоқ болды» деген ұлағатты сөз қалған». Мұсылман адам – амал дәптерінің оң жағынан беріліп, жәннатта биік дәрежелерге қол жеткізу үшін жақсылық пен ізгілік жасауға жарысып, уақытын тиімді пайдалануы қажет.
Бостандық ауданы
«Байкен» мешітінің
бас имамы Құлмұхаммед Маханбет