ЗЕКЕТ ПЕН САДАҚА БЕРУДІҢ ПАЙДАСЫ МЕН БЕРЕКЕТІ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Асыл дінімізде зекет пен садақа – қоғамдағы әділет пен мейірімді нығайтатын ұлы құлшылықтар. Бұл амалдар тек материалдық көмек көрсетумен шектелмейді, пенденің жүрегін тазартып, мал-мүлкіне береке дарытатын, қоғамға игілік келтіретін рухани тетік. Зекет – парыз, ал садақа – ерікті құлшылық. Бұл екеуінің де түпкі мақсаты ортақ – адам баласын сараңдықтан арылтып, жомарттыққа тәрбиелеу және әлеуметтік тепе-теңдікті сақтау. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
مَثَلُ الَّذِينَ يُنْفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنْبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنْبُلَةٍ مِائَةُ حَبَّةٍ وَاللَّهُ يُضَاعِفُ لِمَنْ يَشَاءُ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ
«Мал-дүниесін Алла жолында сарп ететіндердің мысалы – жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек секілді. Алла қалаған пендесіне еселеп береді. Алла – Уасиғ (өте кең, сондай жомарт), Алим (құлдарының барлық жай-күйін өте жақсы білетін шексіз ілім иесі)», – деп баяндайды («Бақара» сүресі, 261-аят).
Бұл аяттағы мал-дүниені сарп етудің теңеуі математикалық есеппен өлшенбейді, оның берекесі мен қайтарымы Алланың қалауымен еселенетінін білдіреді. Демек, Алла жолында мал сарп ету, азайту емес – көбейту, жоғалту емес – сақтау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл амалдың ақыреттегі зор сыйын ескертіп, жомарттықтың жәннатқа бастайтын жол екенін былайша баяндайды:
مَن أنْفَقَ زَوْجَيْنِ في سَبيلِ اللهِ نُودِيَ في الجَنَّةِ: يا عَبْدَ اللهِ، هذا خَيْرٌ لَكَ
«Кім Алла жолында жұп-жұбымен (молынан мал-дүние) жұмсаса, жәннаттан оған «Уа, Алланың құлы! Міне, бұл жақсылық сен үшін!» – деп шақырылады», – деген (имам Мүслим).
Дінімізде зекет пен садақа екеуі де жомарттық пен мейірімге негізделген құлшылық болғанымен, үкімдік дәрежесі, беру тәртібі және мақсаты жағынан айырмашылықтары бар.
Зекет – парыз құлшылық. Ол адамның иелігіндегі мал-мүлік нисаб мөлшеріне жетіп, бір жыл толған жағдайда, одан зекет беру міндет болады. Зекеттің мөлшері нақты белгіленген. Сондай-ақ зекет тек Құранда көрсетілген сегіз топқа ғана беріледі.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ فَرِيضَةً مِنَ اللَّهِ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ
«Зекет-садақалар (тек қолы қысқа) пақырларға, мұқтаждарға, зекет жинау міндетін атқарушы қызметкерлерге, исламға тарту үшін көңілін аулау көзделген жандарға, тұтқыннан немесе құлдықтан азат етілетіндерге, қарызға батқандарға, Алла жолында жүргендерге және елінен жырақта жүрген немесе жолда қалған жолаушыларға арналады. Алланың парыз еткен кесімді үкімі осы. Алла – шексіз ілім және асқан даналық иесі», – деген («Тәубе» сүресі, 60-аят).
Ал садақа – нәпіл (ерікті) құлшылық. Ол міндетті емес, адамның ықыласы мен ниетіне байланысты беріледі. Садақаның мөлшері де, уақыты да шектелмейді. Адам қалаған кезде, қалаған мөлшерде садақа бере алады. Садақа тек ақша немесе малмен ғана емес, жақсы сөз, күлімсіреу, көмек көрсету сияқты кез келген игі іспен де жүзеге асады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) садақаның кең мағыналы екенін айтып, әрбір жақсылықтың садақа болатынын ескерткен:
تَبَسُّمُكَ فِي وَجْهِ أَخِيكَ لَكَ صَدَقَةٌ، وَأَمْرُكَ بِالْمَعْرُوفِ صَدَقَةٌ، وَنَهْيُكَ عَنِ الْمُنْكَرِ صَدَقَةٌ، وَإِرْشَادُكَ الرَّجُلَ فِي أَرْضِ الضَّلَالَةِ لَكَ صَدَقَةٌ، وَبَصَرُكَ لِلرَّجُلِ الرَّدِيءِ الْبَصَرِ لَكَ صَدَقَةٌ، وَإِمَاطَتُكَ الْحَجَرَ وَالشَّوْكَ وَالْعَظْمَ عَنِ الطَّرِيقِ لَكَ صَدَقَةٌ، وَإِفْرَاغُكَ مِنْ دَلْوِكَ فِي دَلْوِ أَخِيكَ لَكَ صَدَقَةٌ
«Бауырыңның жүзіне күлімсіреуің – сен үшін садақа. Жақсылыққа шақыруың – садақа, жамандықтан тыюың – садақа. Жол таппай адасқан адамға бағыт көрсетуің – сен үшін садақа. Көзі нашар көретін жанға көмектесуің – сен үшін садақа. Жолдан тас, тікен, сүйек секілді зиянды нәрселерді алып тастауың – сен үшін садақа. Өз шелегіңнен бауырыңның шелегіне су құюың да – сен үшін садақа», – деген (имам Термизи).
Бірінші: зекет берудің пайдасы мен берекеті
Зекет сөзінің тілдік мағынасы: «тазару», «өсу», «көбею». Ал шариғатымызда зекет деп – нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады.
Алла Тағала Қасиетті Құранның көптеген аяттарына зекетті намаз құлшылығымен бірге бұйырған. «Бақара» сүресі, 110-аятында:
وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ وَمَا تُقَدِّمُوا لِأَنْفُسِكُمْ مِنْ خَيْرٍ تَجِدُوهُ عِنْدَ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ
«Намазды кемеліне жеткізіп оқыңдар және зекетті толық беріңдер. (Алланың разылығына бөлену мақсатында) дүниеде өздерің үшін қандай да бір жақсылық жасап, (ақиретке) жолдасаңдар, сол Алланың құзырына барғанда міндетті түрде алдарыңнан шығады. Шүбәсіз, Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруде», – деп айтылған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зекетті бес парыздың ішінде атап:
بُنِيَ الإِسْلامُ عَلَى خَمْسٍ : شَهَادَةِ أَنْ لا إِلَهَ إِلا اللَّهُ، وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَإِقَامِ الصَّلاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَصَوْمِ شَهْرِ رَمَضَانَ، وَحَجِّ الْبَيْتِ
«Ислам бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Оның Елшісі екендігіне куәлік беру, намазды орындау, зекет беру, рамазан оразасын ұстау, шамасы келген кісіге Алланың үйіне қажылық ету», – деген.
Хакім Абай:
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс... – деп, мұсылман адам бес парызын толығымен орындау керектігін айтқан.
Зекеттің адамдардың жанын тазартуда, мінез-құлықтарын жақсартуда ерекше бір әсері бар. Ол қоғамдағы түрлі дерттерге, қарым-қатынастардағы салқын қабақтылыққа қарсы таптырмас дауа. Ол үмбеттің ішкі байланыстарын нығайта түсетін берік жіптей жалғау.
Қолында бар дүниені өзгеге беру адам нәпсісіне өте ауыр келетін іс екені белгілі. Алайда Алла Тағалаға иман келтіріп, екі дүние бақытын қалаған адам қалайда бойындағы жаман мінездерін тастап, жүрегіндегі рухани дерттерін емдеуі қажет. Адам баласының осындай арылуы керек болған сипаттардың бірі – сараңдық. Шәкәрім бабамыз: «Құдай Тағаланың пақырлар үшін жүз қойдан бір қой зекет бізге осынша ауыр көрінгені қалай? Тегінде байқасаңыз бізге көрінбей тұрса да бізді теріс жолға қызықтырып, оң жолдан жиіркендіріп тұрған бір нәрсе бар емес пе? Сол шайтан деген жауыңыз. Не қылсаңыз соған алдатпа», – деп сараңдықтың шайтан мен нәпсіден екендігін айтқан. Ал шайтанның азғыруына ермей, сараңдық дертін емдеудің бірден-бір жолы – Алла жолында мал дүниенің белгілі бір мөлшерін сарп етіп үйрену. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَمَن يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ
«Кім өзінің сараңдығынан сақтанса, міне, солар – табысқа жетушілер», – деп айтқан («Хашр» сүресі, 9-шы аят).
Зекет оны берушінің де, алушының да нәпсісін тазартады. Ауқатты адам қолында барын Алла жолында жұмсау арқылы жүрегіндегі сараңдықты жойса, мұқтаж адам оны алу арқылы дүниесі бар адамға деген көреалмаушылық, қызғаныш, жек көру сияқты дерттерден арылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 103-ші аятта:
خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا
«Олардың дүние-мүлкінен (малдары көбейіп, берекет табуы үшін) зекет, садақа ал. Сол арқылы тазартып, күнәларынан арылт», – деген.
Екінші: садақа берудің пайдасы мен берекеті
Ислам дінінде садақа – адамның иманын кемелдендіріп, қоғамдағы әділет пен мейірімді нығайтатын ұлы құлшылықтардың бірі. Садақа – малды кемітетін емес, оның берекесін арттыратын, адамның жүрегін тазартып, қоғамды тұтастыратын құлшылық. Оның шынайы құны берілген мөлшерде емес, ниет пен ықыласта, ал ықыласпен берілген садақа бұл дүниеде де, ақыретте де ешқашан зая кетпейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:
مَا نَقَصَتْ صَدَقَةٌ مِنْ مَالٍ، وَمَا زَادَ اللَّهُ عَبْدًا بِعَفْوٍ إِلَّا عِزًّا، وَمَا تَوَاضَعَ أَحَدٌ للَّهِ إِلَّا رَفَعَهُ اللَّهُ
«Садақа ешбір малды кемітпейді. Алла біреуге кешірім жасаған пендесінің абыройын асырады. Кімде-кім Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді», – деген (имам Мүслим).
Адамның дүниесі тек материалдық құнмен емес, рухани салмақпен де өлшенеді. Сараңдық пен менмендік малдың берекесін кемітсе, садақа сол жүрегіндегі рухани дертке дауа болады. Сондай-ақ садақа – бәле-жаладан сақтайтын қалқан әрі Алланың рақымына себеп болатын амал. Халқымыз «Сауыңда садақа бер», – деген. Садақаның берекеті бұл дүниемен шектелмей, ақыретке жиналатын мәңгілік азыққа айналады. Алла Елшісі (оаған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
اتَّقُوا النَّارَ ولو بشِقَّةِ تَمْرَةٍ، فمَن لَمْ يَجِدْ شِقَّةَ تَمْرَةٍ فَبِكَلِمَةٍ طَيِّبَةٍ
«Тіпті, жарты құрма болса да (садақа беріп) тозақ отынан сақтаныңдар. Ал егер жарты құрма табылмаса, онда жылы сөзбен (сақтаныңдар)», – деген (имам Бұхари).
Садақа қоғамда бай мен кедейдің арасын жақындатып, өшпенділік пен көреалмаушылықты азайтады, өзара сенім мен мейірімді күшейтеді. Ол қатыгездік пен немқұрайлылықтың орнын қамқорлық пен жауапкершілікке алмастырып, қоғамның тұрақтылығын нығайтады.
- Шын көңілмен беру
Садақа беру – жүректі тазартып, қоғамдағы мұқтаждың жүгін жеңілдететін ұлы құлшылық. Алайда бұл амалдың қадірі тек берген малмен емес, оны қалай және қандай ниетпен бергенімізбен өлшенеді. Егер адам садақасын ықыласпен емес, міндетсініп немесе берген жақсылығын кейін сөз етіп, мұқтаж жанның намысына тиетін болса, ол амалымен сауапқа емес, керісінше күнәға ұрынуы мүмкін. Алла Тағала Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 264-ші аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تُبْطِلُواْ صَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالأذَى كَالَّذِي يُنفِقُ مَالَهُ رِئَاء النَّاسِ وَلاَ يُؤْمِنُ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ
«Уа, иман келтіргендер! Мал дүниесін адамдарға рия үшін жұмсап, Аллаға және қиямет күніне сенбейтін біреу секілді садақаларыңды міндетсініп және ренжіту арқылы зая кетірмеңдер!..» – деген.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
سَبَقَ دِرْهَمٌ مِئَةَ أَلْفِ دِرْهَمٍ، قَالُوا: َكَيْفَ؟ قَالَ: كَانَ لِرَجُلٍ دِرْهَمَانِ، تَصَدَّقَ بِأَحَدِهِمَا،
وانطَلَقَ رَجُلٌ إِلَى عُرضِ مَالِهِ فَأَخَذَ مِنهُ مِئَةَ أَلفِ دِرْهَمٍ، فَتَصَدَّقَ بِهَا
«Бір дирһам жүз мың дирһамнан озып түсті», – дейді. Сонда сахабалар: «Бұл қалай?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп түсіндіреді: «Бір адамның екі ғана дирһамы болды, соның біреуін садақа етті. Ал екінші бір адам өз мал-мүлкінің тұрмысына ауыр тимейтін, артылып тұрған байлығынан жүз мың дирһамды алып, оны садақа ретінде берді», – дейді (Нәсәи).
Бұл хадис садақаның артықшылығы берілген мөлшердің көптігімен емес, берушінің жағдайы мен ықыласы арқылы өлшенетінін білдіреді. Бірінші адам садақа беру кезінде өзіндегі малдың жартысын жұмсады, бұл – оның өзіне ауыр, бірақ Алла разылығы үшін жасалған шынайы құрбандығы. Ал екінші адам мол байлығынан бергенімен, ол оның тұрмысына айтарлықтай әсер етпеді. Ғалымдар осы хадиске сүйене отырып: «Сауаптың өлшемі – амалдың саны мен көлемінде емес, ниетінің тазалығы мен жүрекке түскен салмағында», – деп түйін жасаған. Сондықтан бұл хадис садақа мен зекет мәселесінде ықылас, әділдік және жанқиярлық ұғымдарының негізгі өлшем екенін айқын көрсетеді.
- Ең жақсысын беру
Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресі, 267-ші аятта:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِ ۖ وَلَا تَيَمَّمُوا الْخَبِيثَ مِنْهُ تُنفِقُونَ وَلَسْتُم بِآخِذِيهِ إِلَّا أَن تُغْمِضُوا فِيهِ ۚ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ حَمِيدٌ
«Уа, иман келтіргендер! Тапқандарыңның және Біз сендерге жерден шығарып бергеніміздің жақсыларынан (садақа етіп) жұмсаңдар. Әрі көздеріңді жұмып тұрып болмаса, өздерің де алмайтын нашар нәрсені жұмсауға талпынбаңдар. Алланың аса Бай, өте Мақтаулы екенін біліңдер», – деген.
Бұл аятта Алла Тағала мүмін құлдарына мал-мүліктерінен жұмсауды, оның ішінде жақсысын беруді бұйырады. Мұндағы «инфақ» сөзі «садақа» деген мағынада.
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Алла Тағала мүміндерге мал-мүлкінің ең жақсысынан жұмсауға бұйырды. Ал көңілге қонбайтын дүниені садақа етуге тыйым салды. Өйткені Алла – Пәк, әрі Ол тек таза нәрсені ғана қабыл етеді», – деген.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
لا تُقْبَلُ صَلاةٌ بغيرِ طُهُورٍ ولا صَدَقَةٌ مِن غُلُولٍ
«Ақиқатында, дәретсіз оқылған намаз, арам жолмен табылған дүниеден берілген садақа қабыл етілмейді», – деген (имам Мүслим).
Қисса
Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Алла сендердің мінез-құлықтарыңды да, ризықтарыңды да бөліп қойған. Алла дүниені жақсы көргеніне де, жақсы көрмегеніне де береді, ал дінді тек жақсы көрген құлына ғана береді. Кімге Алла дінді нәсіп етсе, оны жақсы көргені. Жаным иелігінде болған Аллаға ант етемін! Құлдың жүрегі мен тілі түзелмейінше ол толық мұсылман болмайды,
ал көршісі оның зиянынан аман болмайынша, шынайы иманға жетпейді», – дейді.
Сонда Сахабалар:
– Уа, Алланың Елшісі! Оның зияны деген не?» – деп сұрайды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Оның келтіретін зияны қиянаты және әділетсіз әрекеттері», – деп жауап береді де, әрі қарай: «Мұсылман адам арам жолмен мал таппайды! Оны садақа етсе, одан қабыл етілмейді; одан жұмсаса, оған береке берілмейді; ал оны өзінен кейінгілерге қалдырса, ол оның тозаққа апарар азығы болады. Ақиқатында, Алла жамандықты жамандықпен жоймайды, алайда жамандықты жақсылық арқылы жояды. Расында, арам нәрсе арамды тазарта алмайды», – дейді.
- Көпшіліктің көзінен жасырып беру
Алла Тағала «Бақара» сүресі, 271-ші аятта:
إِن تُبْدُوا الصَّدَقَاتِ فَنِعِمَّا هِيَ ۖ وَإِن تُخْفُوهَا وَتُؤْتُوهَا الْفُقَرَاءَ فَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ ۚ
«Егер садақаларды ашық түрде берсеңдер жақсы. Ал, егер оны (бергендеріңді) жасырсаңдар және оны кедейлерге берсеңдер, ол өздерің үшін қайырлы», – деген.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
سَبْعَةٌ يُظِلُّهُمُ اللَّهُ يَومَ القِيَامَةِ في ظِلِّهِ، يَومَ لا ظِلَّ إِلَّا ظِلُّهُ: إِمَامٌ عَادِلٌ، وَشَابٌّ نَشَأَ في عِبَادَةِ اللَّهِ، وَرَجُلٌ ذَكَرَ اللَّهَ في خَلَاءٍ فَفَاضَتْ عَيْنَاهُ، وَرَجُلٌ قَلْبُهُ مُعَلَّقٌ في المَسْجِدِ، وَرَجُلَانِ تَحَابَّا في اللَّهِ، وَرَجُلٌ دَعَتْهُ امْرَأَةٌ ذَاتُ مَنْصِبٍ وَجَمَالٍ إلى نَفْسِهَا، قالَ: إنِّي أَخَافُ اللَّهَ، وَرَجُلٌ تَصَدَّقَ بِصَدَقَةٍ فأخْفَاهَا حتَّى لا تَعْلَمَ شِمَالُهُ ما صَنَعَتْ يَمِينُهُ.
«Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді. Олар: әділ имам (басшы); ғұмырын Аллаға бойұсынып, құлшылықпен өткізген жас жігіт; жалғыз қалғанда Алла Тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам; мешітке жүрегі байланған кісі; бір-бірін Алла жолында жақсы көретін екі адам; мансапты, көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын», – деп харамнан қашқан ер кісі; оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа берген кісі», – деген (имам Бұхари).
Тағы бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
صِلَةُ الرَّحِمِ تَزيدُ في العُمْرِ، و صَدَقةُ السِّرِّ تُطفِئُ غَضَبَ الرَّبِّ
«Туыстық байланысты үзбей сақтау ғұмырды ұзартады,
ал жасырын берілген садақа, Раббының ашуын басып, рақымына себеп болады», – деген (имам Термизи).
Жоғарыдағы хадистерде айтылғандай садақаны жасырын беру – садақаның ең абзалы. Бұл бір жағынан көзбояушылықтан (риядан) сақтайды, сауабын жоймайды. Дегенмен, садақа, зекет бергенде өзгені ынталандыру үшін немесе үлгі көрсету мақсатында көрсетіп берсе, шариғатта рұқсат етіледі.
Құрметті жамағат!
Бұл дүниеде Алла Тағаланың пендесіне берген ризық-несібесі әркелкі. Мәселен, біреулер дәулетті өмір сүрсе, енді біреулері кедейлік тауқыметін кешіп, таршылықпен ғұмыр кешеді. Алайда екеуі де бұл өмірдегі Алла Тағаланың адам баласына берген сынағы. Өйткені Алла Тағала «Әли Имран» сүресі, 26-шы аятында:
قُلِ اللَّهُمَّ مَالِكَ الْمُلْكِ تُؤْتِي الْمُلْكَ مَنْ تَشَاءُ وَتَنْزِعُ الْمُلْكَ مِمَّنْ تَشَاءُ وَتُعِزُّ مَنْ تَشَاءُ وَتُذِلُّ مَنْ تَشَاءُ بِيَدِكَ الْخَيْرُ إِنَّكَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ
«Мұхаммед былай деп айт: Уа, Мүлік иесі болған Алла! Сен қалаған жанға мүлік бересің, Сен қаламасаң сол мүлікті оның қолынан алып қоясың. Сен қалағаныңның абыройын арттырасың, қалағаныңды қорлыққа саласың. Барлық игілік бір Өзіңнің иелігіңде. Сенің құдіретің барлық нәрсеге толық жетеді», – делінген.
Алла қалаған пендесінің ризық-несібесін мол етіп байытады, қалаған пендесінің ғұмырына кедейшілік береді. Кім осы сынақты сабырлығымен, табандылығымен еңсерген болса және дәулетіне шүкір етіп, ақысын берсе, Құдай Тағала ол пендені ерекше сый-сияпаттармен марапаттайды. Яғни зекет-садақа берген кісі осы дүниеде берекетін көреді, ақыретте сауабын алады.
Сондықтан осындай қасиетті Рамазан айы кезінде мейлінше зекет-садақамызды беріп, еселеген сауапқа кенелуге тырысқанымыз жөн. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Рамазан айының түндерінде Жәбірейіл періштемен Құранды бастан аяқ қайталайтын болса, күндізінде ораза ұстап, адамдарға жәрдемдесіп, ерекше жомарттық танытатын болған. Өйткені хадисте: «Ең абзал садақа – қасиетті Рамазан айында берілген садақа», – делінген (имам Термизи).
Алла Тағала қасиетті айда ұстаған оразамызды, берген зекет, садақамызды, тілеген дұға-ниеттерімізді қабыл етсін!