ҚҰРАНДАҒЫ ТӘРБИЕ НЕГІЗДЕРІ
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Қасиетті Құран – ең қысқа сүресінің өзі мұғжиза болып табылатын, ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсірілген, оқылуы құлшылық саналатын Алла Тағаланың сөзі. Бұл қасиетті кітапта сенім мәселелері, шариғи үкімдер, қиссалар, ақырет ахуалдары баяндалумен қатар адамзатты рухани тәрбиелейтін, көркем мінезге баулитын аяттар да қамтылған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 90-аятында:
إِنَّ اللهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ
«Ақиқатында, Алла әділдікті, ихсанды (игі істер істеуді) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зиян келтіруден тыяды», – деп айтқан.
Бір аяттың өзінде Алла Тағала әділдік, әрбір істі көркем істеу, жақындарға қарайласу сияқты құндылықтарды бұйырып, арсыздыққа барудан, күнәлі іс жасаудан, өзгеге зиян беруден тыйған.
Алла Тағала қасиетті Құранда әмір еткен намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты ғибадаттардың түп негізі адамның бойында көркем мінез қалыптастырады. Себебі намаз арсыздықтан тыяды, ораза арқылы нәпсімізді тәрбиелейміз, зекет беру арқылы жүрегімізді сараңдықтан тазартамыз, қажылыққа бару арқылы сапар машақатына сабыр етеміз. Ендеше, көркем мінезді, тәрбиелі жан болудың мұсылман үшін маңызы өте үлкен.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنَّ مِنْ أَحَبِّكُمْ إِلَيَّ وَأَقْرَبِكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَحَاسِنُكُمْ أَخْلَاقًا
«Менің сендердің араларыңда ең жақсы көретінім және қиямет күні маған ең жақын болатындарың мінез-құлқы ең көркем болғандарың», – деген (имам Термизи).
Қасиетті Құранда мұсылмандарға бұйырған көркем сипаттар, тәрбиелі өсиеттер көп. Бүгінгі жұма уағызымызда біздің бойымызда көрініс табуы аса маңызды деп танылған және Құранда айтылған төрт көркем мінезге тоқталатын боламыз:
Бірінші: тақуалық
Тақуалық – мұсылманның бойында болуы керекті ең маңызды сипаттардың бірі. Тақуалық деп – пенденің Алла Тағаланың бұйрықтарын орындау мен тыйымдарынан тыйылуы арқылы Оның азабынан сақтануды айтамыз.
Қасиетті Құранның реттілігі жағынан екінші сүресі болып табылатын «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарында-ақ:
ذَلِكَ الْكِتَابُ لاَ رَيْبَ فِيهِ هُدًى لِّلْمُتَّقِينَ
«Міне, осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші», – деп айтылған («Бақара» сүресі, 2-аят). Яғни қасиетті Құран бізге тура жол көрсетуі үшін алдымен біздің бойымызда тақуалық болуы қажет.
Тақуалық маңызды сипат болғандықтан бұрынғы өткен пайғамбарлардың барлығы да өз қауымдарын тақуалыққа шақырған. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресі, 131-аятында:
وَلَقَدْ وَصَّيْنَا الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ وَإِيَّاكُمْ أَنِ اتَّقُوا اللهَ
«Сендерден бұрынғы кітап берілгендерге де, сендерге де Аллаға тақуалық етуді өсиет еткенбіз!» – деп айтқан.
Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз өзінің «Мұсылманшылық шарты» атты кітабында тақуалықтың мән-мағынасы жөнінде: «Иманды әрқашан айтып, салақ болмай жүру керек. Құранда неше жерде пейіш – тақуалар үшін деген. «Тақуа» деп – сақтанғандарды айтады. Адам әр уақыт Алла Тағаланың азабынан қорқынышта, мейірімінен үмітте болып, қауіп пенен үміттің ортасында болуы керек», – деп айтқан.
Тақуа адам ізгілік атаулыға құштар болып, жамандық пен күнә атаулыдан бойын аулақ ұстайды. Ата-бабаларымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деу арқылы Жаратушысын таныған адам Одан қорқатындығын, жаман істерден тыйылатындығын айтқан.
Тақуалықтың орны жүректе. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
التَّقْوَى هَاهُنَا
«Тақуалық міне, мына жерде», – деп, қолымен жүрек тұсын үш мәрте нұсқаған (имам Мүслим). Жүрек – адам ағзасының патшасы болғандықтан, жүрекке тақуалық орнайтын болса, ол адамның бүкіл ісінен көрініс табады. Тақуа жан ешкімге қиянат жасамайды, біреудің ала жібін аттамайды, кісі ақысын жемейді, бір сөзбен айтқанда қолымен де, тілімен де өзгелерге зиян беруден сақтанады.
Екінші: әділдік
Жеке адамның әрі қоғамның бақытты да баянды өмір сүруі үшін қажетті деп танылатын ең негізгі сипат – әділдік. Алла Тағала қасиетті Құранда ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
وَقُلْ آمَنْتُ بِمَا أَنْزَلَ اللَّهُ مِنْ كِتَابٍ وَأُمِرْتُ لِأَعْدِلَ بَيْنَكُمُ اللَّهُ رَبُّنَا وَرَبُّكُمْ لَنَا أَعْمَالُنَا وَلَكُمْ أَعْمَالُكُمْ
«Оларға: «Алла түсірген Кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділдік орнатуға бұйырылдым. Алла, біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың», – де», – деп айтқан («Шура» сүресі, 15-аят).
Аяттағы «әділдік орнатуға бұйырылдым», – дегенге қатысты имам Қатада (Алла оны рақымына алсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әділетті болуға бұйырылып, дүниеден өткенінше әділдіктен тайған жоқ», – деген.
Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр сөзі мен ісі әділдікке негізделіп әрі өзгелерді де әр істе әділ болуға шақыратын. Хадис шәріпте:
عَدْلُ سَاعَةٍ خَيْرٌ مِنْ عِبَادَةِ سَبْعِينَ سَنَةً قِيَامٍ لَيْلُهَا وَ صِيَامٍ نَهَارُهَا
«Бір сағат әділдік жасау жетпіс жылғы ғибадат құлшылықтан, оның түндерін намазбен, күндерін оразамен өткізгеннен де қайырлы», – деген.
Қазақ халқында да әділдіктің орны әрқашан жоғары бағаланған. Ата-бабаларымыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп әділдікті иманның негізгі көрінісі деп білген. Адамдардың туыстығы мен жақындығы, дүниесі мен мансабына қарамай, әділ үкімін бере білген қазыны «қара қылды қақ жарған» деп мадақтаған.
Хакім Абай: «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ», – дейді. Бұл жердегі ұят сөзінің астарында «иман» деген мағына жатқаны анық. Өйткені хадисте: «Ұялу – иманнан» делінген.
Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Нысап пен мейірім, әділетті,
Жаныңдай көріп жан сақта.
Ол жолда өлсек, неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та, – деп адам бойында болуы керекті үш негізгі сипатты айтқан.
Ыбырай Алтынсарин: «Алдыңа келсе, әділдігіңді аяма», – деп айтқанындай, мұсылман адам әр істе әділ болуы қажет. Әділ адам бұл өмірде адамдар арасында сүйікті, ақыретте де Жаратушының сүйіспеншілігіне бөленетін болады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا بِالْعَدْلِ وَأَقْسِطُوا إِنَّ اللهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ
«Онда араларын әділдікпен жарастырыңдар, туралық істеңдер. Расында Алла туралық істеушілерді жақсы көреді», – деп айтқан («Хұжұрат» сүресі, 9-аят).
Үшінші: кешірімділік
Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلَمَنْ صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَلِكَ لَمِنْ عَزْمِ الأُمُورِ
«Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – деп айтқан («Шура» сүресі, 43-аят).
«Кешіру» бір ғана сөзден болғанымен, кешіру керекті болған жағдайға тап болғанда, оны іске асыру нәпсісіне өте ауыр келеді. Бұндай жағдайда нәпсіге берілсек бізді терең ойландырмай, ренжіген адамымызға деген жеккөрініш, ыза мен кек салады. Осы кезде Алланың разылығын ойлап, Оның кешірімін үміт ете отыру, өзгенің қателігін кешіре білу – ұлы амал. Хасан Басри (Алла оны рақымына алсын) сол үшінде: «Мүминнің ахлағының ең абзалы – кешірімділік», – деп айтқан. Өкпелеу, ренжу, көңілге алу әркімнің де қолынан келеді. Алайда, сабырға келіп, кешіру – жүрегіне иман ұялаған, Алла Тағаланың кешірімін үміт ететін құлдарға тән қасиет. Сондықтан да аятта ол: «ұлы іс» делінеді.
Дін мен дәстүрін қатар алып жүрген ата-бабаларымыз жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтындығын ескеріп: «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» немесе «Жақсы адамның ашуы – шәй орамал кепкенше» – деуі арқылы, ренжісті ұзаққа созбай, тезірек кешірісудің адам бойындағы ізгі қасиеттерден екендігін айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дін дұшпандарының жасаған зұлымдықтарының өзіне кешіріммен қарай білген. «Алланың арыстаны» деген лақапқа ие болған, Хамзаны өлтірген Уахшидың өзін Алла Елшісі кешіріп, оны Исламды қабылдауға шақырып, бірнеше мәрте хат жазған еді. Бірақ Пайғамбардың жақынын өлтірген Уахши үмітсіздікке түсіп, мұндай күнәмді Алла Тағала кешпес деген оймен, мұсылмандықты қабылдауға тәуекел ете алмай жүреді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Құранның «Зүмәр» сүресі, 53-аятындағы:
قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعاً إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ
«Былай де: «Уа, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла Тағала күнәлардың барлығын кешіреді. Күмәнсіз, Ол тым жарылқаушы әрі өте мейірімді», – деген Алла Тағаланың кәләмін жазып жібереді. Осылайша Уахши тәубе етіп, мұсылманшылықты қабыл алады.
Осындай кеңпейілді, кешірімді болған ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзгелерді де кешірімді болуға шақырып:
مَا نَقَصَتْ صَدَقَةٌ مِنْ مَالٍ ، وَمَا زَادَ اللَّهُ عَبْدًا بِعَفْوٍ إلا عِزًّا ، وَمَا تَوَاضَعَ أَحَدٌ لِلَّهِ إلا رَفَعَهُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ
«Садақа еш уақытта байлықты азайтпайды, өзгелерді кешірумен Алла құлының даңқын арттырады. Алла үшін кішіпейілдік танытқан пендені, Ұлы Алла Тағала әлбетте жоғарылатады», – деген (имам Мүслим).
Төртінші: кішіпейіл болу
Алла Тағала қасиетті Құранның «Фұрқан» сүресі, 63-аятында:
وَعِبَادُ الرَّحْمَنِ الَّذِينَ يَمْشُونَ عَلَى الأَرْضِ هَوْنًا
«Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілдікпен жүреді», – деп айтқан. Аяттағы «һәунун» (هَوْنٌ) сөзіне ғалымдарымыз: жұмсақтық, кішіпейілділік, тыныштық деген мағыналар берген.
Мұсылман адам қандай мансап-мәртебеге жетсе де, өзін кішіпейіл ұстап, тәкаппарлыққа салынбау – оның бойындағы адамгершілігін, мінезінің көркемдігін паш ететін негізгі сипат. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إنَّ اللَّهَ أَوْحَى إلَيَّ أَنْ تَوَاضَعُوا حَتَّى لا يَفْخَرَ أَحَدٌ عَلَى أَحَدٍ ، وَلا يَبْغِي أَحَدٌ عَلَى أَحَدٍ
«Расында Алла: «Кішіпейіл болыңдар. Тіпті, ешбіреуің екінші біреуге мақтанбасын әрі ешкім ешкімге жәбір көрсетпесін», – деп маған уахи етті», – деп әрбір мұсылманды кішіпейіл болуға шақырған (имам Мүслим).
Ал кішіпейілдікке қарама-қайшы сипат – тәкаппарлық. Ахмед Иүгінеки бабамыз:
Кішіпейілдің – абыройы асар,
Тәкаппардың – құты қашар, – деп кішіпейілдік адамға абырой, игілік алып келетінін, ал тәкаппарлық құт-берекені қашыратынын айтқан.
Ең алғашқы күнә атаулы да осы тәкаппарлықтан болған. Өйткені Алла Тағала лағынеті Ібіліске «Адамға сәжде ет», – деп бұйырғанда, тәкаппарлануы себепті Алланың әміріне қарсы шығып, күпірлікке ұшыраған. Ол жайында қасиетті Құранда:
وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلاَئِكَةِ اسْجُدُوا لآَدَمَ فَسَجَدُوا إِلاَّ إِبْلِيسَ أَبَى وَاسْتَكْبَرَ وَكَانَ مِنَ الْكَافِرِينَ
«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер», – дедік. Сонда олар дереу сәжде жасады. Бірақ Ібіліс бас тартып, тәкаппарланып, қарсы келушілерден болды», – деп айтылған («Бақара» сүресі, 34-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәкаппарлық жайында:
الْكِبْرُ بَطَرُ الْحَقِّ، وَغَمْطُ النَّاسِ
«Тәкаппарлық – ақиқатты мойындамау және адамдарды менсінбеу», – деп анықтама берген. Яғни ақиқат айтылғанда менсінбеушілікпен қарсы шығу, адамдарды өзінен төмен санап, оларды менсінбеу – тәкаппар адамның ісі.
Имам Самарқандидің «Тәнбиһу әл-ғафилин» (Хабарсыздарды ояту) атты кітабында мынадай риуаят келтірілген: «Алла Тағалаға үш нәрсе ұнамсыз, бірақ үш нәрсе одан да ұнамсыз:
1) Жас адамның күнә жасағаны ұнамсыз, бірақ қарт адамның күнә жасағаны одан да ұнамсыз;
2) Тәкаппар адам ұнамсыз, бірақ дүниесі жоқ бола тұра тәкаппарлық қылған адам, одан да ұнамсыз;
3) Сараң адам ұнамсыз, бірақ дүниесі бола тұра сараңдық еткен адам, одан да ұнамсыз;
Сол сияқты Алла Тағала үш нәрсені жақсы көреді, бірақ үш нәрсені одан да қатты жақсы көреді:
1) Тақуаларды жақсы көреді, жас бола тұра тақуалық танытқан пендені одан да қатты жақсы көреді;
2) Жомарттарды жақсы көреді, кедей бола тұра жомарт болғандарды одан да қатты жақсы көреді;
3) Кішіпейіл болғандарды жақсы көреді, бірақ ауқатты бола тұра кішіпейіл болғандарды одан да қатты жақсы көреді», – деген .
Қисса
Бесінші әділетті халифа деген атпен танылған Омар ибн Абдулазиздың үйіне бір күні қонақ келген еді. Құптан намазын оқып болғаннан кейін Омар ибн Абдулазиз қағазға бірнәрсе жаза бастайды. Шырақтың сәулесі қараңғыланып, сөнуге жақын қалғанын көрген қонағы: «Уа, мүминдердің әміршісі! Рұқсат етсеңіз, мен тұрып шыраққа май құяйын?» – дейді. Омар: «Қонақты жұмсау әдепке жатпайды», – дейді. Қонақ: «Онда қызметшіні оятайын ба?» – деп сұрайды. Омар: «Жоқ. Ол жаңа ғана ұйықтады», – дейді. Халифа орнынан тұрып, ыдыстан майды алып, май шамды толтырады. Омардың кішіпейілдігіне таңданған қонақ: «Мүминдердің әміршісі бола тұра шыраққа өзіңіз май құйғаныңыз қалай?» – деп сұрайды. Сонда Омар: «Мен орнымнан тұрғанымда да Омар едім, қайтып келіп отырғанымда да сол Омармын», – деп жауап берген екен.
Қадірменді жамағат!
Қасиетті Құранның ақиқаттығын мойындап, оны құрметтеп, оған шынайы махаббатпен еретін болсақ, бұл кітап жан-дүниемізді байытып, жоғары адамдық қасиеттерге тәрбиелеп, рухани кемелденуімізге жол ашады. Алла Тағала Құран кітабын «Рух» деп атап:
وَكَذَلِكَ أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ رُوحًا مِنْ أَمْرِنَا
«(Мұхаммед ғ.с.) саған осылайша әмірімізден бір «Рух» (Құранды) уахи еттік», – деп айтқан («Шура» сүресі, 52-аят).
Рухтың денеге өмір сыйлайтыны сияқты, Құран кітабы да адамның жүрегіне өмір сыйлап, оны рухани тәрбиелеп, екі дүние бақытына жетелейді.
Айша анамыздан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезі жайында сұрағанда: «Оның мінезі Құран еді», – деген. Қасиетті Құранда қандай да бір көркем мінез турасында сипатталмасын, ол көркем мінез Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойында болатын. Сол үшін ардақты Пайғамбарымызды «Адамдар арасында жүрген тірі Құран еді», – деп сипаттайтын болған.
Алла Тағала біздің бойымызға қасиетті Құранда әмір етілген көркем мінезді нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі