РАМАЗАН - ТӘУБЕ АЙЫ
Қасиетті рамазан айына аман-сау жеткізген Алла Тағалаға сансыз мадақ-мақтаулар болсын. Мұхаммед Пайғамбарымызға, отбасына, сахабаларына салауаттар мен сәлем болғай. Жаратқан Ие баршамызға осы айда өзінің қалағанындай, ақыретте шапағатшы болатындай түрде ораза ұстауға жәрдем етсін.
Рамазан дегенде ойымызға әуелі ораза түсетіні сөзсіз. Ораза – Ислам дінінің бес парызының бірі. Хақ Тағала оны бұрынғы өткен үмбеттерге де міндет еткен. Алла Тағала әр жақсылыққа оннан бастап жеті жүз есеге дейін сауап беріледі. Алайда оразаның жөні мүлдем бөлек, «оның сыйын, әжір-сауабын бір өзім беремін» дейді Алла Тағала. Ораза – өте ерекше әрі терең мән-мағынасы бар құлшылық. Пенденің риядан, яғни көзге көрсетушіліктен өзін аулақ ұстайтын құлы мен Жаратушы арасындағы құпия – ғибадат.
Оразаның артықшылығы жайында айтылған көптеген хадистер бар, солардың кейбіреулеріне тоқталатын болсақ.
Әбу Хұрайра (р.а) Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтып еді дейді: «Рамазан айы кіргенде пейіштің қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады, шайтандар шынжырмен бұғауланады» (Мүслім, Сыйам, 1).
Тағы бір хадисте Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген екен: «Алла Тағала: «Адамның оразадан басқа әрбір амалы өзі үшін болса, ораза – мен үшін. Оның сыйын да мен беремін» деді. Ораза – қалқан. Біреулерің ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын және жанжал шығармасын. Егер біреуі келіп оған тіл тигізіп, балағаттаса, «Мен – ораза тұтқан едім» деп айтсын. Мұхаммедтің жаны құдіретті қолында болған Алланың атымен ант етейін, ораза ұстағанның аузынан шыққа иісі Алланың алдында мисктен де хош иісті. Ораза ұстағанның қуанатын екі сәті бар: Біріншісі, ауыз ашқанда қуанса, екіншісі – Раббысына қауышқан кезде оразасы үшін берілген сыйға қуанады» (Бұхари, Сауым, 9).
Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Пейіште Райян деп аталатын бір қақпа бар. Қиямет күні ол жерден тек ораза тұтқандар ғана кіретін болады, олардан басқа ешкім де аяқ аттап баспайды...» (Бұхари, Сауым, 4)
Жоғарыдағы хадистер аясында оразаның хикметіне үңілетін болсақ, Алла Тағаланың бұйырған әмірлерінде құлдары үшін көптеген пайдалар, ал тыйым салған нәрселерінде көптеген зияндары бар. Сол әмір-тыйымдарының сырын кейде адам ақылы ұғынса да, көбінде ақылға салып, хикметін толық түсіну мүмкін емес. Әлбетте құлшылықтардың басты негізі – Алла Тағаланың ризашылығы үшін, шын ықыласыпен, жан тебіренісімен орындау болып табылады. Ғалымдарымыз оразаның бізге мәлім және беймәлім сырлары бар екенін айтады. Солардың кейбірін айтар болсақ.
Адамды жарға құлататын тойымсыз нәпсінің жетегіне еруден сақтап, қиындыққа төзімділікпен қарап сабыр етуді үйреткен ораза адам баласын белгілі бір ерік-жігерге және нәпсіні тәрбиелеуге көндіріп, тақуалық дәрежеге жеткізеді. Ораза ұстаудың арқасында адам өзіне берілген игіліктердің, нығметтердің қадірін түсіне бастайды, көңіл дүниесіндегі мейірім-шапағат сезімдері күшейеді, қоғамдағы жарлы-жақыбайлардың, мұқтаждардың жағдайын анық сезінеді, Алла Тағаланы мақтап, мадақтап, оның құлдарына мейірім көзімен қарап, оларға деген жанашырлық сезімі оянады.
Сондай-ақ оразаның адам денсаулығына өте көп пайдасы бар екендігін кез келген біледі. Яғни ет пен сүйектен құралған тәніміз ораза ұстағанда жүрек те, нәпсі де, дененің өзге мүшелері де ораза ұстауы, түрлі харам нәрселер мен жиіркенішті істерден аулақ тұруы тиіс. Сол себепті ораза ұстаған жанның жалған сөз айту, жала жабу, біреуді ғайбаттау, сөз тасу сияқты жағымсыз қылықтардан, күпірлік пен қарғыс айту сияқты жаман сөздерден, түбі жоқ дау-дамайлардан, әр түрлі жаман әрекеттер мен күнә атаулыдан барынша сақ болуы керек. Ораза талап етілгендей ұсталмайтын болса, адам бар болғаны парыз-қарызынан құтылады да, оразаның рухани артықшылығынан, игілігінен құр алақан қалады.
Оразадан мақсат – Алла Тағаланың алдындағы құлдық міндетін орындау, жүгенсіз нәпсіні тізгіндей отырып, тақуалыққа жол салу, жеке басын және қоғамды көркейтіп, Алла риза болатындай тыныштықты ту еткен тату-тәтті өмір кешкен орта қалыптастыру. Рамазан айында ораза ұстау деген таңертеңнен кешке дейін аш жүру деген сөз емес, ораза – бұл рухани тазару, кемелдену құлшылығы. Адам өз-өзін тәрбиелейді. Оразада ауыз бекітіп қана қоймай, күнәдан тазарады. Көзін, құлағын, тілін, қолын, аяғын бүкіл ағзасын күнәдан тияды. Яғни, адам отыз күн бойы жаман істерден тыю арқылы өзін тәрбиелейді. Адам бір ай бойы бір нәрсемен шынықса, кейін басқа уақытта да сол әдеті қалады ғой. Сол сияқты Оразадан кейін да адам жақсы ой мен ізгі істерге ұмтылады.
Тәубе – қайту деген мағынаны білдіреді. Иә, қайту. Хақ Тағаланың таза етіп жаратқан табиғи жаратылысына қайту. Өзіңнің таза қалпына, яғни саф рухыңа қайту.
Тәубе жасау үшін белгілі мекен мен уақыттың қажеті жоқ. Қай жерде, қандай уақытта жаңылыс басып сүрініп кеткен кезімізде дереу өкініш білдіріп, өз қатесін мойындап, күнәсі үшін шын өкініп, Құдайдан кешірім сұрап, ақиқи тәубеге келуі керек. Жасаған күнәні Аллаға қарсы және адамзат баласына байланысты деп екіге бөліп қарауға болады. Олай болса жасаған күнәсі кісі ақысына қатысты болса, әуелі олардың разылығын алып кешірім сұрауы міндет. Себебі кісі ақысын иесі кешірмейінше Құдай да оны кешірмейтіндігі дінімізде қатаң ескертіледі. Бұл өмірлік өте маңызды қағида.
Тәубе еткен құл Алланың разылығын алады. Алла Тағала құлының шынайы тәубесін қабыл етіп, күнәларын кешіреді. Аятта: «Расында, мен тәубе етушілерді өте кешірушімін», (Таһа сүресі, 82-аят) делінген. Алланың кешірмейтін ешқандай күнә жоқ, тіпті күнәнің үлкендігіне қатысты тәубе қақпасы жабылатындай да ешбір күнә жоқ. Өйткені Алланың кешірімі мен рақымы шексіз. Адамгершілік қасиеттен ұзақтататын қылмыс болып табылатын зина, ұрлық тіпті барлық жамандықтың көзі саналатын ішімдік тәрізді күнәларды жасағандар үшін де тәубе есгі әрдайым ашық. Адамның барлық амалдары ақыретте жоққа шығарылатындай үлкен күнә «иртидат» яғни діннен безгендер үшін де егер қайта оралып, тәубе ететін болса тәубенің қабыл болатындығы аятта айтылады. Күнәлардың ең ауыры деп аталатын ширк (Аллаға) ортақ қосу болса да, егер иманға келетін болса бұл да қабыл етілмек. Ең бастысы ақырғы демінде күпірлік етпей, иманмен жан тапсырса болғаны. Алла Тағала тәубе еткен құлының күнәларын жақсылыққа ауыстырады. «Фурқан» сүресінің 70-аятында: «...Тек қана тәубе етіп, иман келтіріп, ізгі іс істегендер олай емес. Өйткені Алла олардың күнәларын жақсылықпен алмастырды...», делінген.
Күнә жасамаған кезде де тәубе-истиғфар етуіміз өмірдің қиыншылық пен ауырпалықтарын жеңілдетеді. Алла сол арқылы күтпеген жерден бізді ризықтандырады. Бірақ пенде күнә жасаған кезде тәубе ету арқылы күнәлардан арылып бейне бір жаратылыс пәктігіне қайта оралғандай болады. Өйткені Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күнәсінен тәубе екені адам ешбір күнә жасамаған адам тәрізді»,- деген. Олай болса, Алла Елшісін өнеге тұтқан мұсылмандар жүрегі мен рухын күнәдан арылту тәсілін Пайғамбардың насихаттарындағыдай жасап, тәубе мен кешірім тілеу қажет. Күнәлардан құтылу себебі болған тәубе мен истиғфарды Раббылары мен араларындағы күші қуаттандыру үшін мүмкіндікке айналдыруды біліп, осы мүмкіндікті бағалау үшін рамазан айындағы уақыттарды пайдалануы қажет.
Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауатымен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім артықшылығына сене отырып, әрі сыйын Алладан күте отырып, Рамазан оразасын ұстайтын болса – өткен-кеткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Иман, 28).
Жыл он екі айда айналып келетін рамазан айының мүмин өміріндегі рөлі өте үлкен. Өйткені мұсылман адам рамазан айын қол жетпес қазына, әрі таптырмас мүмкіншілік деп біледі. Осындай маусымды пайдаланып қалу үшін бір ай болса да күйбең тірліктен өзін ұзақ ұстап Ұлы Жаратушысымен бірге болуға ат салысады. Сонымен қатар, өмірде кейде артық кетіп сүрініп, кейде кем кетіп мүдіріп, бірде әлсіздік танытып, жаңылап, басқа бір уақытта сабыры сарқылып қателікке ұрынып күнәға батқандығына тәубе ету арқылы Аллаға бет бұрып, иманын қуаттандырып жаңадан өмірге байланып, сүрінген жерінен қайта тұрып үмітсіздікке жол бермей тіршілігін жалғай түседі.
Бостандық ауданы
«Байкен» мешітінің
бас имамы Құлмұхаммед Маханбет