НАШАҚОРЛЫҚ - ҚОҒАМДЫ ҚҰРДЫМҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ДЕРТ
 
        Адам баласына берілген ең үлкен нығметтердің бірі – денсаулық. Денсаулықтың қадірін түсініп, дені сау болған мықты жан ғана еңбек етіп, отбасын асырайды, білім алады, қоғамға пайдасын тигізеді. Сол үшін де халқымыз: «Бірінші байлық – денсаулық» деп сау жүрудің өлшенбес байлық екендігін ертеден ұққан.
Денсаулық – ең алдымен Алладан берілген аманат. Оны қорғау – әрбіріміздің парызымыз. Алайда, өкінішке қарай, бүгінде сол аманатқа қиянат жасайтын темекі, арақ, құмар ойындар сияқты зиянды әдеттер көбейе түсуде. Соның ішінде қарқындап бара жатқан әрі ең қауіптісі – нашақорлық. Бұл – адамды да, қоғамды да құрдымға жетелейтін індет. Бұл туралы Жаратушы Иеміз қасиетті Құран Кәрімде: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» (Бақара сүресі, 195-аят) - деп ескертеді.
Нашақорлық – осы ескертудің айқын көрінісі. Өйткені есірткіні қолданған адам өз денсаулығын улап қана қоймайды, жанұясына, айналасына да зиян тигізеді. Қоғамдық тәртіп бұзылады, қылмыс артады, ар-ұят аяқ асты болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Өзге адамдарға зиян келтірмеңдер, өздерің де зиян шекпеңдер» (Ибн Мәжа риуаят еткен)-деп үмметіне насихат қылған.
Бүгінгі таңда осы бір қоғам дертінің негізгі құрбандары – жастар. Олар қызығушылықпен немесе жаман ортаның ықпалымен бір рет дәмін татып көрсе, қайта оралуы өте қиын. Есірткі адамның еркіндігін тартып алып, құлдыққа салады. Сол себепті әрбір ата-ана баласына ерекше назар аударып, олардың бос уақытында пайдалы іспен айналысуға, спортпен шұғылдануға, кітап оқуға, имандылыққа тәрбиелеуге тиіс.Себебі, қоғамдағы жауапкершілікке сай әр ортаға жауапты болу қажет. Оның мәнісі жайлы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбірің – бақташысыңдар және әрбірің өз қарамағындағыға жауаптысыңдар» (Бухари мен Мүслім риуаят еткен)-деп қияметте әр іске сұралатынымызды ескерткен. Яғни, ата-ана баласына, ұстаз шәкіртіне, басшы еліне жауапты болу арқылы айналамызды жақсылыққа тәрбиелеуге мүмкіндік ашамыз.
Қазіргі таңда түрлі зерттеулер нәтижесінде нашақорлық – жай ғана «жаман әдет» емес, медицинада нақты ауру деп танылады. Оның адам ағзасына, психикасына және әлеуметтік жағдайына орасан зияны бар. Соның ең әуелгісі денсаулыққа деген кері әсері:
• Есірткі жүрек-қан тамыр жүйесін зақымдайды: қан қысымын көтеріп, жүрек соғуын бұзады, инфаркт пен инсульт қаупін арттырады.
• Бауыр, бүйрек, өкпе сияқты ішкі мүшелер істен шығады, созылмалы аурулар пайда болады.
• Инъекция арқылы қолдану кезінде ВИЧ/СПИД, В және С гепатиттері секілді жұқпалы аурулар тарайды.
Психикаға әсері
• Есірткі ми қызметін бұзады: есте сақтау қабілеті төмендейді, ойлау жүйесі әлсірейді.
• Депрессия, агрессия, галлюцинациялар, психоз сияқты психикалық ауруларға алып келеді.
• Өзін-өзі өлтіру (суицид) қаупін арттырады.
Статистика деректеріне сүйенетін болсақ:
• Қазақстанда есірткіні қолданудан психикалық бұзылысқа ұшыраған кәмелетке толмағандардың саны соңғы жылдары азайғанымен, жастар мен ересектер арасында әлі де жоғары.
• 2024 жылғы ресми дерек бойынша, елімізде 18 329 адам нашақор ретінде тіркелген. Оның ішінде 18-29 жас аралығындағы жастардың үлесі шамамен 15%.
• Есірткі түрлерінің ішінде ең көп тарағаны – канабиоидтар (35,4%), одан кейін опиоидтар (33,2%).
Бұл дертпен күресу – тек полиция мен дәрігерлердің ғана жұмысы емес. Бәлки, бүкіл қоғам болып жұмыла атқаратын іс.
Ол үшін ең алдмымен мешіттерде, мектептерде, университеттерде жастарға арналып салауатты өмір салтын насихаттайтын дәрістер мен кездесулер жиі өткізіп, рухани тазалықты дәріптеу қажет. Сондай-ақ, Дін мен дәстүрді ұштастыра отырып, жастарды имандылыққа баулып, жақсылыққа ұмтылдыру. Өйткені, жақсылыққа ұмтылу Алла Тағала ұнамды істер қатарынан. Ол жайлы қасиетті Құранда: «Жаман істердің ашығын да, жасырындысын да тастаңдар. Ақиқатында күнә істегендер өздерінің тапқандары үшін жазаланады» (Әнғам сүресі, 120-аят) - деп ашық айтылады. Демек, бұл аят бізге жаман әдеттен аулақ болудың маңызын анық көрсетеді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, нашақорлықтың алдын алуда отбасының орны ерекше. Әке мен шеше баласына тек материалдық жағдай жасап қана қоймай, оның рухани дүниесіне де көңіл бөлуі тиіс. Үнемі жылы сөз айтып, сырласып, бағыт-бағдар беріп отырса, бала бөтен ортаның ықпалына тез түспейді.
Жүрегінде иманы бар жас жаман әдетке жоламайды. Сондықтан әрбір отбасында дініміздің құндылықтарын дәріптеп, Алланың аманатын сақтау тәрбиесін қалыптастыру басты міндет.
Қорыта айтқанда, денсаулық – Алланың берген ең үлкен сыйы. Сол аманатқа қиянат жасамай, өмірімізді адал жолмен өткізейік. Өзімізді ғана емес, балаларымызды да, ұрпағымызды да сақтайық..
Алла Тағала елімізге амандық, халқымызға береке, ұрпағымызға иман нәсіп етсін!
Серікхан қажы Рымханұлы,
Ақсай мешітінің бас имамы,
РАНТ мүшесі
 
                                     
             
             
             
             
             
             
             
             
             Намаз уақыттары
        Намаз уақыттары    