ПАЙҒАМБАР ӨМІРІН ОҚЫП БІЛУ ҚАНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ?
Хәкім Абай: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» демекші, он сегіз мың ғаламға зер салып қараған жан Жаратушының адамзатқа деген махаббатына куә болады. Әрине, әрбір саналы пенде әлемді мінсіз жаратқан Раббысын жақсы көргісі келеді. Алайда, жақсы көру деген не? Оның жолы қандай деген сұраққа Құран Кәрім: «(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы шынымен жақсы көрсеңдер, маған ілесіңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт. Алла – Ғафур, құлдарының күнәсін кешіруші және Рахим, мүмин құлдарына ерекше мейірімді[1]», – деп баян етеді. Аталмыш аятқа қатысты Хасан Басри (р.а.): «Алланы жақсы көреміз деп айтқан адамдарды, Алла осы аятпен сынайды» деген. Ал Ибн Касир (р.а.): «Бұл қасиетті аят Алланы жақсы көремін деген әрбір адамға төреші. Ол Мұхаммед жолында болмаса, айтқан сөзі өтірік. Мұхаммед шариғатына ілеспейінше айтқаны жалған», - дейді. Пайғамбар – Хақ Тағаланың ең сүйікті пендесі. Адамзаттың асылы. Жақсылық пен кемелдік кені. Мінез-құлқы – Құран. Аллаға жағамын десең, пайғамбарды үлгі тұт.
Ендеше, аятта айтылған «пайғамбарға ілесу» қалай болмақ? Оған ілесу әуелі өнелегі өмірімен танысудан басталады. Пайғамбар өмірімен танысудың маңыздылығы жөнінде ғалымдар Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) іс-әрекетін үлгі тұту тұтас діни мәселеде – міндет, барлық дүниелік жағдайда – мұстахаб деген. Демек, екі дүние сұлтанының өнегелі өмірін, ғибратты ғұмырын оқу – мұсылманға міндет. Құран Кәрім: «Ақиқатында, сендерге және Алла мен ақырет күнінен үміті бар және Алланы көп еске алатын кісілерге Алла елшісінде көркем өнеге бар[2]», - дейді. Ибн Касир: «Бұл аят Алла елшісінің айтқан сөзі мен жасаған ісін үлгі тұту керектігін дәлелдейтін басты негіз. Азхаб сияқты ауыр жорықта Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға сабырлық пен төзімділік не екенін үйретті. Жеңіске жету үшін шыдамдылық, күш-қайратты қалай жұмсауды көрсетті», - дейді. Құртуби (р.а.): «Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) - үлгі-өнеге тұтатын тұлға. Барлық істе, әр жағдайда оған қарап бой түзеу қажет. Ұхуд жорығында мүбәрак жүзі жараланды, тісі сынды. Көкесі Хамза өлтірілді. Өмірдің ауыр сынағы мен қиыншылығын сабырлы, шүкіршіл және разы болған кейіпте қарсы алды», - деп тәпсірлейді. Түйіндей айтқанда, мұсылман өмір жолындағы мың-сан сұрақтың жауабын Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырынан табады.
Ал енді, Пайғамбар өмірімен танысу қалай болмақ? Алла елшісінің (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірімен танысу төрт сатыдан тұрады. Әр сатысы, келесі деңгейге өтуге жетелейді.
1. Иман. Иман екі басты ұғымнан құралады. Алладан басқа құдай жоқ екеніне иман ету және Мұхаммед – Алланың елшісі екенін мойындау. Пайғамбарымызды (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың елшісі деп мойындамайынша иман толық болмайды. Құран Кәрімде: «Уа, иман еткендер! Аллаға, пайғамбарына һәм пайғамбарына бірте-бірте түскен Кітапқа, сондай-ақ бұрын түсірген иләһи кітаптарға лайықты түрде иман келтіріңдер...[3]», - деген аят соның айғағы. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұхаммедтің жаны иелігінде болған Алламен ант етемін. Бұл үмбетте мен жайлы естіген яһуди немесе насара маған берілгенге (пайғамбарлық пен Құранға) иман етпесе, тозақ иелерінен болады[4]», - деген.
2. Сүйіспеншілік. Пайғамбарға иман оған деген сүйіспеншілікке жетелейді. Алла елшісін танып білген сайын адам бүкіл болмысымен жақсы көретіні анық. Ал, пайғамбарды жақсы көру – дініміздің негіздерінің бірі. Әсілі, мұсылманның Раббысына деген махаббатынан ұлық, кемел һәм толық сүйіспеншілік жоқ. Шынайы махаббат тек әлемдер Раббысына арналады. Пайғамбарымызды (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла үшін жақсы көреміз. Демек, пайғамбарды жақсы көру иманның айнымас шарты. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббат, құрмет пен ардақтау дінді тұтастай құрметтеуді білдіреді. Ал, пайғамбарды жақсы көрмеу, құрметтің жоқтығы немесе немқұрайлық таныту тұтастай дінге бағытталған құрметсіздік.
Абдулла бин Һишам (р.а.) былай деп әңгімелейді: «Біз Пайғамбармен бірге едік. Ол кісі Хаттабұлы Омардың қолынан ұстап тұрған. Омар: «Уа, расул Алла! Сізді барлық адамнан артық жақсы көремін, өзімді қоспағанда», - деді. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, менің жаным иелігінде болған Алламен ант етемін, өзіңнен артық мені жақсы көрмейінше кәміл иманды болмайсың», - деп айтты. Сонда Омар (р.а.) (Пайғамбар болмаса ең қымбат дүние Аллаға иман да жоқ екенін түсініп): «Уаллаһи, бұдан былай Сізді жанымнан да артық жақсы көремін», -деді. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Омар! Міне енді (иманың толықты)[5]», - деген екен.
3. Бойұсыну. Пайғамбарға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойұсыну – оған деген иман мен махаббаттың ең қуатты дәлелі. Құран Кәрімде: «...Пайғамбар сендерге не берсе, соны алып, соған риза болыңдар. Пайғамбар өздеріңе не жеткізсе, соны шын көңілден қабыл алыңдар және не нәрседен тыйса, содан тыйылыңдар...[6]»,-дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетімнің бас тартқаны болмаса қалғаны түгелдей жәннатқа кіреді», - деген. Сахабалар: «Уа, Алла елшісі! Жәннаттан кім бас тартады?», - деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған бойұсынғаны жәннатқа кіреді, ал қарсы шыққаны жәннаттан бас тартқаны[7]», - деп жауап берген екен.
4. Құрметтеу. Құрметтеу – махаббаттан биік тұратын сезім. Өйткені, жақсы көргеннің барлығы да ұлық болуы шарт емес. Мәселен, әкенің баланы жақсы көруі мейірімнен. Ал, перзенттің әкені жақсы көруі, қадірлеу және құрметтеуді білдіреді. Құран Кәрімде: «(Мұхаммед!) шүбәсіз Біз сені куәгер, сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп жібердік. (Әй, адамдар мен жындар! Біз Мұхаммедті) Аллаға және Оның елшісіне лайықты түрде иман етулерің үшін, Алланың дініне қолдау көрсетулерің, Оған жараса тағзым етулерің және ертелі-кеш Оны дәріптеулерің үшін пайғамбар етіп жібердік[8]», -деген. Бұл аятта Алла Тағала мен Пайғамбарына ортақ ақы - иман ету жайы баян етілуде. Сонымен қатар, Аллаға тән ақы – пәктеу мен дәріптеу, пайғамбарға тиесілі ақы – қолдау мен құрметтеу жайы баян етілуде. Амр бин Ас (р.а.): «Мен үшін Алла елшісінен артық жаныма сүйікті біреу болған жоқ. Көзімде одан асқан қадірлі кісі болмады. Оған деген құрметімнен дидарына тік қарауға дәтім бармайтын. Сондықтан ол кісіні суреттеп бер десе, сипаттап бере алмаймын[9]», - деген екен.
Руслан Қамбар
«Таугүл» мешітінің имамы