«ҚҰРАН – ЖҮРЕГІМНІҢ КӨКТЕМІ» АТТЫ ҚАЛАЛЫҚ ЖАРЫС ӨТТІ
Медеу ауданы «Әбу Ханифа» мешітінде ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Құран – жүрегімнің көктемі» атты қыз-келіншектер арасында Құран жарысы өтті.
Іс-шараның шымылдығын «Әбу Ханифа» мешітінің бас имамы Абдулқасым Абдімажитұлы Құран аяттарымен ашып, жиналған қауымға Құран оқудың артықшылығы жайлы уағыз-насихат айтты. Жарысқа 40 жасқа дейінгі мешітте білім алған қыз-келіншектер қатысып, Құранға деген сүйіспеншіліктері мен діни білімдерін ортаға салды.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар «Дұха» сүресінен «Нас» сүресіне дейінгі сүрелерді жатқа, мәнерлеп, тәжуид ережелерін сақтай отырып оқыды. Екінші кезеңде қатысушылар имам ән-Нәуауидің «Қырық хадис» жинағы бойынша дайындалған сұрақтарға жауап беріп, хадистердің мағынасын түсіну деңгейлерін көрсетті. Арнайы ұяшықтар таңдау арқылы жасырылған хадистерді кілт сөздер бойынша құрастырып, білімдерін сынға салды.
Сайыста қатысушыларды бағалауға ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Гүлмира Ілесбайқызы, «Бәйкен» мешітінің ұстазы Жазира Тоқтасынқызы және «Райымбек батыр» мешітінің ұстазы Мақсат Тұрлыбайқызы әділқазылық етті.
Медеу ауданының бас имамы Данияр Әлімұхамедұлы барша қатысушылар мен жеңімпаздарды марапаттап құттықтау сөзін айтты.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орын иегерлері:
І орын – Суалир Зухра - 100.000 теңге «Заря Востока» мешіті
ІІ орын –Ахмедьярова Анель - 70.000 теңге «Әл-Мәдина» мешіті
ІІІ орын – Омарова Нұрсафия- 50.000 теңге «Мұхаммед әл-Әмин» мешіті
Сонымен қатар жарысқа қатысқан барлық қыз-келіншектерге алғыс хаттар мен естелік ынталандыру сыйлықтары табысталып, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты. Шараның басты мақсаты – Құран Кәрімді жаттауға ынталандыру, тәжуид ілімін насихаттау, қыз-келіншектердің діни білімін жетілдіру және асыл дініміздің құндылықтарын дәріптеу. Шара соңында көрермендерге де арнайы сұрақтар қойылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Рухани шараға келген жамағатқа арнайы дастархан жайылды.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі



















.jpg)



