ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР СЕКТОРЫ «DINtellect» ТАНЫМДЫҚ САЙЫСЫН ӨТКІЗДІ
«DINtellect» тақырыбындағы танымдық-интеллектуалдық дөңгелек үстел «Орталық мешіт» пен «Мүзәммиль» мешітінің шәкірттері арасында жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – шәкірттердің діни сауаттылығын арттыру, Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті және Ислам тарихы бойынша білімдерін тереңдету, еркін пікір алмасу мәдениетін қалыптастыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және өз ойын дәлелді жеткізе білуге баулу болды.
Дөңгелек үстелге 25 шәкірт қатысып, олар 3 топқа бөлінді. Іс-шара еркін форматта ұйымдастырылып, қатысушылар әр тақырып бойынша өз ойларын ортаға салып, сұрақтарға жауап беріп, пікірталас жүргізді. Бұл формат шәкірттердің білімдерін ғана емес, өзара сыйластықты, тыңдай білу мәдениетін және топпен жұмыс жасау қабілеттерін де дамытуға мүмкіндік берді.
Бағдарлама 5 танымдық кезеңнен тұрды. Әр кезеңде 6–10 сұрақ ұсынылып, әр сұраққа жауап беруге 30 секунд уақыт берілді. Қатысушылар қойылған сұрақтарға жауап берумен қатар, өз пікірлерін дәлелдеп, тарихи және діни деректермен негіздей білді.
Дөңгелек үстелде талқыланған негізгі бағыттар:
* Қазақстан тарихы;
* Қазақ әдебиеті;
* Ислам тарихы;
* Діни таным және рухани құндылықтар;
* Логикалық және зияткерлік тапсырмалар.
Әр кезең қызықты пікірталасқа ұласып, қатысушылардың жан-жақты дайындығы мен білімге деген құштарлығы анық байқалды. Шәкірттер ұлттық құндылықтар мен ислам өркениетінің сабақтастығын талқылап, тарихи тұлғалар мен әдеби мұралардың маңызын терең түсіне білді.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталып, белсенділігі мен білім деңгейіне қарай арнайы номинациялар берілді.
Номинациялар:
* «Үздік пікірталас командасы» – өзара ұйымшылдығы мен дәлелді ой-пікірлері үшін Молтанова Дана марапатталды
* «Ең креативті жауап» – ерекше әрі тың көзқарас танытқаны үшін Низамова Махинур марапатталды
* «Тарих білгірі» – Қазақстан және Ислам тарихын терең меңгергені үшін Төлеубаева Рашида марапатталды
Іс-шараның қорытындысында қатысушылар өз білімдерін толықтырып қана қоймай, еркін пікір алмасудың, бір-бірін құрметтей отырып ой бөлісудің және дәлелді сөйлеудің маңызын терең түсінді.
Осындай танымдық дөңгелек үстелдер жас буынның рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтып, ұлттық және діни құндылықтарды қатар дәріптеуге, білімге деген қызығушылықты арттыруға зор үлес қосады.




