ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУЛАР
Қасиетті жұма күні Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Алматы Орталық мешітіне тағайындалған діни мамандарды бас имам Төлеби Оспан жамағатқа таныстырды.
Бұған дейін Орталық мешітте найб имам қызметін абыроймен атқарған Асан Тілеубердиев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, «Дін істері және талдау» бөліміне меңгеруші болып тағайындалды. Бас имам мешіт жамағатына бұйрықты хабарлап, Асан Әбдіқұлұлына шаһардағы діни қызметіне алғыс білдірді. Қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, алдағы жауапты қызметіне сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Назар қари Сұлтанбай Алматы қаласы, Бостандық ауданы «Орбита» мешітіндегі наиб имам қызметінен ауыстырылып, Алматы Орталық мешітіне наиб имам болып тағайындалса, Әбдірасилов Ердәулет Алматы қаласы, Наурызбай аудандық «Әбу-Бәкір» мешітінің наиб имамы қызметінен Алматы Орталық мешітінің ұстазы болып ауысты. Дін қызметкерлеріне «Хаққа қызмет – халыққа қызмет» жолында сәттілік тіледі.
Назар қари Сұлтанбай – 2009-2012 ж.ж. «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығында Құранды толық жаттап, Асым қырағатының Хафс риуаяты бойынша ижаза алды. 2013-2017 ж.ж. Иордания, Амман қаласындағы Иордания мемлекеттік университетінің «Ислам құқығы және оның негіздері» мамандығы (бакалавр); 2018-2020 ж.ж. Қатар мемлекеті, Доха қаласындағы Қатар мемлекеттік университетінің «Ислам құқығы және оның негіздері» мамандығы бойынша магистратурада оқыған. 2025 жылдан бастап, «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» мамандығы бойынша магистратурада білімін жалғастыруда. Еліміздегі республикалық Құран жарыстарының бірнеше бағыттары бойынша жеңімпазы. Халықаралық Құран жарыстарында бақ сынаған. Құран хатым түсіріп жүрген қари.
Ол – 2020-2022 ж.ж. Алматы қаласы, Наурызбай ауданы «Нұр» мешітінде наиб имам; 2022-2024 ж.ж. Алматы қаласы, Наурызбай ауданы «Қалқаман-2» мешітінде ұстаз; 2024-2025 ж.ж. Алматы қаласы, Бостандық ауданы «Орбита» мешітінің найб имамы қызметін атқарған.
Әбдірасилов Ердәулет Құдайбергенұлы – 2013-2016 ж.ж. «Астана» медресе колледжінің Исламтану мамандығы; 2016-2019 ж.ж. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» мамандығы (бакалавр); 2021-2023 ж.ж. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» мамандығы бойынша магистратурада білім алған.
Ол – 2019-2022 ж.ж. «Сарыағаш» медресе колледжінде ұстаз болған. 2022-2025 ж.ж. Алматы қаласы, Наурызбай аудандық «Әбу Бәкір» мешітінің найб имамы қызметін атқарған.
Алматы Орталық мешітінің
баспасөз қызметі





