«ҚҰРАН - ІЛІМ, ДІН МЕН ДӘСТҮР - ҚАЗЫНАЛЫ БІЛІМ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ САЙЫС ӨТТІ
Алматы Орталық мешітінде «Құран - ілім, дін мен дәстүр - қазыналы білім» атты интеллектуалды сайыс өтті.
ҚҰРАН, ХАДИС, ИСЛАМ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ДІН МЕН ДӘСТҮР тақырыптары аясында ұйымдастырылған білім сайысына аудан мешітттерінің атынан шәкірттер тобы қатысып, өзара бақ сынасты.
Сайыс барысында қатысушылар арасында ислами интеллектуалды ойындар өткізілді. Олар:
• Ислам және Пайғамбар өмір тарихына байланысты сұрақтар;
• Хадистерге қатысты билетпен сұрақ-жауап;
• Қазақтың мақал-мәтелдерін толықтыру;
• Салт-дәстүрге байланысты танымдық тапсырмалар мен сұрақтар қойылды.
Әр кезеңде шәкірттер өз білімдерін, тапқырлықтарын және жылдам ойлау қабілеттерін көрсетті.
Сайыс өте тартысты әрі әсерлі өтті. Қатысушылар бір-бірінен оза шауып, өзара әділ бәсекеде бақ сынасты. Аудан мешіттерінен құралған шәкірттер тобының білім деңгейін арнайы әділқазылар алқасы құрамы, атап айтсақ «Бәйкен» мешітінің наиб имамы Ербол Сағиұлы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы Ернар Есімқұлұлы және Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Назар Сұлтанбай анықтады.
Жарыс жеңімпаздары:
1 орын «Төле би» мешітінің шәкірттері;
2 орын Алматы Орталық мешіттерінің шәкірттері;
3 орын «Ақсай» мешітінің шәкірттеріне бұйырды.
Сайыс соңында Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан барша қатысушыларға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, жеңімпаз топтарды қаржылай сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ демеушілік жасаған азаматтарға алғысын жеткізді.
Бұл шара қатысушылардың діни білімдерін тереңдетіп қана қоймай, бауырмалдықты, ұжымдық рухты нығайтуға да үлкен септігін тигізді.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі
























