ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ОРАЙ ТҰҢҒЫШ РЕТ «КӘҺФ» ЖӘНЕ «РАХМАН» СҮРЕЛЕРІНЕН ЖАТҚА ӘРІ ТӘПСІРІ БОЙЫНША САЙЫС ӨТТІ
ҚМДБ 35 жылдық мерейтойына орай және ҚР Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» мешітінде тұңғыш рет Құран Кәрімнің «Кәһф» және «Рахман» сүрелері бойынша жатқа оқу және тәпсір айту сайысы өтті.
Сайыста Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан Дәділұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, бұл жарыстың еліміз үшін маңызы зор рухани бастама екенін атап өтті. Сайыс соңында жеңімпаздарды марапаттады. Өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйлықтарын табыстап, барша үміткерге алғыс білдірді.
Аталған сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 500-ге жуық үміткер қатысып, іріктеу кезеңдерінің нәтижесінде 10 ер және 10 әйел қатысушы үздік деп танылып, ақтық мәреге жолдама алды. Финалдық кезең нағыз білім мен зерденің, жаттау мен түсінудің, тәпсір мен тағылымның тартысына айналды.
Ақтық сайыста қатысушылар «Рахман» және «Кәһф» сүрелерінен аяттарды жалғастырып, артынша оқыған аяттарының мағыналық тәпсірін жүйелі әрі нақты түрде түсіндіріп берді. Бұл кезеңде олардың Құранға деген ықыласы, терең білімі мен ойлау қабілеті айқын көрінді.
Сайыстың ерлер арасында өткен кезеңінде әділқазылар алқасының құрамында:
• Шежімбай Бағлани – «Нұр-Мүбарак» университетінің оқытушысы,
• Инаятуллаұлы Мансұр – «Нұр-Мүбарак» университетінің оқытушысы,
• Сұлтанбай Назар – Алматы орталық мешітінің наиб имамы болды.
Ұстаздар әділдікті ту ете отырып, қатысушыларға түрлі сұрақтар қойып, жауаптарын мұқият бағалап, әділ әрі нақты шешім шығара білді.
Ал әйел жамағаты арасында өткен сайысты төмендегі білікті ұстаздардан құралған әділқазылар алқасы бағалады:
• Сариева Жадыра – «Нұр-Мүбарак» университетінің оқытушысы,
• Гүлмира Ілесбайқызы – Алматы орталық мешітінің ұстазы,
• Айнұр Жарқынбекқызы – «Нұр-Мүбарак» университетінің оқытушысы.
Сайыс қорытындысы бойынша ерлер арасындағы жүлделі орындар келесідей анықталды:
І орын – Айдаралиев Жамбыл Шекерович
Алматы қаласы
ІІ орын – Оспанов Айбар Жанкелдіұлы
Қарағанды қаласы
ІІІ орын – Амандосов Айбол Еркинович
Қарағанды қаласы
Ал қыздар арасындағы сайыс нәтижесі төмендегідей болды:
І орын – Амангелді Арайлым Жұмағалиқызы
Шымкент қаласы
ІІ орын – Дәулет Мерей Тұрқарақызы
Жетісай қаласы
ІІІ орын – Менелбек Ханифа
Алматы қаласы
Бұл рухани жарыс – Құранға деген құрметті арттырып, жастардың діни білімге деген ынтасын оятатын, елдік пен тәуелсіздіктің рухани негізін бекемдей түскен тағылымды шара ретінде көптің көңілінен шықты.


















