ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
Адамзат тарихына зер салсақ, әрбір дәуірдің өзіне тән тілі, құралы және адам өмірінің бағытын өзгертетін жаңалығы болғанын көреміз. Бір кезеңде жазудың пайда болуы өркениеттің бағытын өзгертсе, кейін кітап басу өнері білімді санаулы адамдардың қолынан халықтың ортасына жеткізді. Ал бүгінгі заманның ең үлкен құбылыстарының бірі – цифрлық жүйе. Қазір адамның білімі, қаржысы, жұмысы, саудасы, қарым-қатынасы, тіпті бос уақытын өткізу тәсіліне дейін цифрлық кеңістікпен байланысып қалды. Бұрын кітапханаға барып бірнеше күн іздейтін мәліметті бүгін бірнеше секундта табамыз. Бұрын бір мемлекеттен екінші мемлекетке хат апталап жетсе, қазір әлемнің арғы шетіндегі адаммен бір сәтте сөйлесеміз.
Алайда мәселе технологияның жылдамдығында ғана емес. Ең маңызды сұрақ – адамның санасы осы жылдамдыққа ілесе алды ма?
Ислам ешқашан білім мен дамуға қарсы болған дін емес. Құранның алғашқы түскен аятының өзі: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы» («Алақ» сүресі, 1-аят) деген бұйрықпен басталады. Бұл жерде «оқу» тек әріп танып, мәтін оқу деген тар түсінікпен шектелмейді. Ол – әлемді тану, жаратылыстың заңдылықтарына қарау, ақпаратты саралау, адамға берілген ақылды дұрыс пайдалану деген кең мағынаны қамтиды. Сондықтан мұсылман үшін цифрлық технологияны меңгеру жат нәрсе емес. Керісінше, егер ол игілікке пайдаланылса, заманның мүмкіндігін дұрыс қолданудың бір түрі.
Бірақ Құран білімге шақырумен қатар, ақпаратқа жауапкершілікпен қарауды да үйретеді: «Өзің білмеген нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек – олардың барлығы сұралады» («Исра» сүресі, 36-аят). Бұл аят бүгінгі әлеуметтік желі дәуірінде ерекше мағынаға ие болып тұрғандай. Бір адам телефон экранынан әлдебір хабарды көреді. Оның рас-өтірігін анықтамастан екінші адамға жібереді. Ол үшінші адамға таратады. Бірнеше сағаттың ішінде жалған мәлімет мыңдаған адамның санасына жетуі мүмкін. Ертеде өсек бір ауылды араласа, бүгін бір жалған ақпарат тұтас мемлекетті аралап шығады.
Құран мұндай жағдайда да өлшем береді: «Егер сендерге бір бұзық адам хабар әкелсе, анықтап алыңдар...» («Хужурат» сүресі, 6-аят). Демек, қазіргі тілмен айтқанда, ақпаратты верификациялау – тек журналистік қағида емес, мұсылмандық жауапкершіліктің де бір бөлігі.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде де: «Адамның естігенінің бәрін айта беруі оның өтірікші болуына жеткілікті» деген мағынадағы ескерту келеді (Муслим, «Муқаддима»). Бұл хадис әлеуметтік желі пайда болғаннан он төрт ғасыр бұрын айтылғанымен, бүгінгі «forward», «share», «repost» мәдениетіне тікелей қатысты сияқты сезіледі. Өйткені цифрлық әлемде адамның тілі ғана емес, саусағы да жауап береді. Бұрын күнәлі сөзді ауыз айтса, бүгін оны бір батырма мыңдаған адамға жеткізе алады.
Сондықтан цифрлық сауаттылықты компьютерді қоса білумен немесе бағдарламаларды пайдаланумен ғана өлшеуге болмайды. Нағыз цифрлық сауаттылық – ақпараттың пайдалысы мен зияндысын ажырату, деректі тексеру, уақытты басқару, жеке мәліметті қорғау және технологияны мақсат емес, құрал деп қабылдай білу.
Ислам өркениетінің алғашқы ғасырларына қарасақ та, мұсылман ғалымдарының заман құралдарын қабылдауда енжар болмағанын байқаймыз. Имам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит (699–767) тек фиқһ ғалымы ғана емес, саудамен айналысқан, қоғам өмірін жақсы білген тұлға еді. Оның мектебінің ерекшеліктерінің бірі – жаңа мәселелерді тек бұрынғы мысалдарды қайталау арқылы емес, Құран, Сүннет, сахабалардың пікірлері, қияс және жүйелі ойлау арқылы шешуге талпыныс жасауы. Әбу Ханифаның шәкірттері Әбу Юсуф пен Мұхаммед әш-Шайбани бұл құқықтық мұраны жүйелеп, мемлекет, сауда, келісім, қоғамдық қатынас мәселелеріне қолданды.
Егер Ханафи құқықтық дәстүрінің осы әдістемелік рухын бүгінгі заманға алып келсек, біз цифрлық банк, электрондық сауда, жасанды интеллект, цифрлық меншік, онлайн келісім, жеке деректердің қауіпсіздігі сияқты жаңа мәселелерден қашпауымыз керек. Керісінше, олардың үкімін анықтау үшін технологияның қалай жұмыс істейтінін алдымен түсіну қажет. Өйткені білмеген нәрсеге дұрыс діни үкім беру де қиын.
Бұл жерде Матуриди мектебінің орны да ерекше. Әбу Мансур әл-Матуриди X ғасырда Самарқандта өмір сүріп, ақыл мен уахиды бір-біріне жау күштер ретінде емес, ақиқатқа жетелейтін өзара үйлесімді негіздер ретінде қарастырған ірі ойшыл болды. Оның «Китаб ат-таухид» және «Тәуилат әл-Құран» еңбектеріндегі әдістемеден адамның ойлау қабілетіне үлкен мән берілгенін байқауға болады. Матуриди дәстүрінде ақыл уахиды алмастырмайды, бірақ уахиды түсінуде, әлемді танып-білуде және адамның жауапкершілігін сезінуде маңызды қызмет атқарады.
Осы ұстаным қазіргі цифрлық қоғам үшін аса қажет. Себебі бүгін ақпарат көп, бірақ терең ойлау азайып бара жатқандай. Адам жүздеген видео көреді, ондаған мақала ашады, мыңдаған пікір оқиды, бірақ олардың бәрін санасында жүйелеуге уақыты жетпейді. Ақпарат көбейген сайын білім автоматты түрде көбеймейді. Кейде керісінше, мәліметтің шамадан тыс көптігі адамның ойлау қабілетін әлсіретіп, оны дайын пікірлерге тәуелді етеді.
Бұрын адам кітапты бірнеше күн, кейде бірнеше ай оқитын. Бір мәселеге тоқтап, ойланып, қайта оралатын. Қазіргі әлеуметтік желі мәдениеті адамды бірнеше секунд сайын жаңа бейнеге, жаңа тақырыпқа, жаңа эмоцияға көшіріп отырады. Нәтижесінде «білу» мен «көріп шығудың» арасы араласып кетті. Бір минуттық видео көрген адам өзін мәселенің маманы сезінуі де мүмкін.
Құран болса: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят) деп білімнің дәрежесін көрсетеді. Білім – ақпараттың көлемі емес. Білім – ақпараттың мәнін түсіну, оны орынды пайдалану және оның алдында жауапкершілік сезіну.
Сахабалардың өмірінен де осыны көруге болады. Зәйд ибн Сабит (р.а.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хатшылық қызметін атқарып, басқа халықтардың жазуын үйренуге талаптанған сахабалардың бірі болды. Кейін Құран мәтінін жинау ісінде үлкен жауапкершілік көтерді. Оның өмірі білім алудағы икемділікті көрсетеді: қажет болған жағдайда жаңа тілді, жаңа жазуды, жаңа әдісті меңгеру – дінге қауіп емес, керісінше қоғамға қызмет етудің жолы.
Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а.) мемлекет басқару тәжірибесінде де есеп, хат-хабар, әкімшілік жүйе, жауапкершілік мәселесіне үлкен мән берілді. Ол өмір сүрген уақытта компьютер де, электрондық база да болған жоқ. Бірақ оның басқару логикасында жүйелілік болды. Егер сол принципті қазіргі қоғамға қолдансақ, цифрландырудың мақсаты қағазды экранға көшіру ғана емес, әділеттілікке, ашықтыққа және халықтың уақытын үнемдеуге қызмет ету болуы тиіс.
Цифрлық мемлекеттік қызметтердің артықшылығы да осында. Адам бұрын бір анықтама үшін бірнеше мекемені аралап, сағаттап кезекте тұрса, бүгін оны бірнеше минутта ала алады. Қаржы операциялары, оқу, ғылыми кітапханалар, архивтер мен мемлекеттік деректер де біртіндеп қолжетімді болып келеді. Бұл – уақытты үнемдеу.
Ал уақыт исламда өте маңызды ұғым. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көптеген адамдар қадірін білмей қалатын екі нығмет бар: денсаулық және бос уақыт» деген (Бұхари).
Цифрлық технология осы бос уақытты көбейтуі тиіс еді. Бірақ таңғаларлығы – технология дамыған сайын кей адамдардың уақыты керісінше азайып барады. Себебі бес минутқа телефон ашқан адам бір сағаттан кейін есін жинауы мүмкін. Бір видео екіншісін, екіншісі үшіншісін шақырып тұрады. Алгоритм адамның назарын мүмкіндігінше ұзақ ұстап қалуға тырысады. Сондықтан бүгінгі адамның ең үлкен байлығы ақша ғана емес, назар болып қалды. Кім адамның назарын басқарса, белгілі бір деңгейде оның уақытын да, ойын да басқара алады.
Хасан әл-Басриге телінетін әйгілі насихаттың мағынасы бойынша, адам – күндерден құралған жаратылыс; бір күні өтсе, оның өмірінің бір бөлігі де кетеді. Осы ойды цифрлық заманның адамы терең түсінуі керек. Себебі TikTok-та кеткен екі сағат – жай ғана екі сағат емес. Ол – өмірдің қайтып келмейтін екі сағаты.
Бұл технологиядан толық бас тарту керек деген сөз емес. Мәселе телефонда емес, телефонның адамды басқаруында. Пышақпен нан да кесуге болады, адамды да жаралауға болады. Кінә құралда емес, оны қолданған адамның ниеті мен әрекетінде.
Цифрлық жүйенің исламтану ғылымы үшін де мүмкіндігі өте үлкен. Бүгінде мыңдаған қолжазбалардың электрондық көшірмелері интернетте қолжетімді. Бұрын Каир, Стамбұл, Самарқанд немесе Лондон кітапханасына бармайынша көру мүмкін болмаған қолжазбаны зерттеуші өз компьютерінен аша алады. Құран тәпсірлері, хадис жинақтары, фиқһ энциклопедиялары, сирек кездесетін еңбектер электрондық базаға енгізілді. Бір сөздің классикалық араб әдебиетіндегі қолданысын бірнеше секунд ішінде жүздеген кітаптан іздеуге болады.
Жасанды интеллект те ғылыми жұмысты мүлде жаңа кезеңге алып келеді. Ол мәтіндерді салыстыруға, тақырыптарды жүйелеуге, үлкен көлемдегі деректерден қажетті ақпаратты табуға көмектеседі. Бірақ бұл жерде бір маңызды шекара бар: жасанды интеллект – ғалымның орнына ойлайтын ақыл емес, ғалымның жұмысын жеңілдететін құрал болуы тиіс.
Өйткені алгоритм қате жібереді. Жалған дерек құрастыруы мүмкін. Ғалымның сөзін басқа адамға телуі мүмкін. Аят пен хадисті контекстен жұлып беруі мүмкін. Егер зерттеуші тек дайын жауапты көшіріп алса, технология ғылымды дамытудың орнына ғылыми жалқаулықты арттырады.
Матуриди дәстүрінің рационалдық жауапкершілігі дәл осы жерде қажет: ақпаратты қабылдау емес, тексеру; қайталау емес, түсіну; құралға табыну емес, құралды басқару.
Цифрлық қоғамның тағы бір үлкен проблемасы – адамның шынайы тұлғасы мен виртуалды бейнесінің арасындағы алшақтық. Әлеуметтік желіде бәрі бақытты, бәрі табысты, бәрі саяхаттап жүр, бәрінің өмірі мінсіз көрінеді. Ал экран өшкеннен кейін адамның жалғыздығы, қарызы, қорқынышы немесе рухани дағдарысы қалып қояды.
Ислам болса адамның сыртқы бейнесінен бұрын ішкі дүниесіне назар аударады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде Алланың адамдардың сыртқы бейнесі мен дүниесіне емес, жүректері мен амалдарына қарайтыны баяндалады (Муслим). Демек, мұсылман үшін өмірдің мақсаты виртуалды образ қалыптастыру емес.
Лайк – абыройдың өлшемі емес.
Жазылушы саны – адамның қадірінің өлшемі емес.
Танымалдық – ақиқаттың дәлелі емес.
Кейде ең дұрыс сөз ең аз қаралым жинауы мүмкін, ал ең бос дүние миллиондаған адамға таралады.
Цифрлық әлемдегі тағы бір қауіп – әдептің жоғалуы. Адам бетпе-бет айта алмайтын сөзін комментарийде оңай жазады. Өзге адамның ар-намысына тиеді, мазақтайды, ғайбаттайды. Экран адамның алдында тұрғанымен, экранның ар жағында жүрегі бар тірі адам отырғанын ұмытады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» деген (Бұхари, Муслим).
Бүгін осы хадиске: «Жақсысын жазсын немесе жазбасын» деген практикалық мағынаны да қосып түсінуге болады.
Цифрландырудың болашағы орасан. Жасанды интеллект, роботтандыру, үлкен деректер, виртуалды кеңістік адамның өмір салтын әлі талай өзгертеді. Бірқатар мамандықтар жоғалып, жаңа кәсіптер пайда болады. Білім беру жүйесі өзгереді. Діни білім беру де бұрынғы формасымен шектеліп қалмайды. Сондықтан мұсылман қоғамының алдында екі жол тұр: технологияны сырттан бақылап, өзгелер жасаған жүйеге мәңгі тәуелді болу немесе ғылымды меңгеріп, адамгершілік қағидаларын сақтай отырып, оның дамуына өзі де үлес қосу. Меніңше, екінші жол – ислам өркениетінің рухына жақынырақ.
Әл-Фараби, әл-Хорезми, Ибн Сина, әл-Бируни, Имам Матуриди секілді тұлғалар өз заманындағы білімнің шекарасын кеңейтуге қорықпаған. Олар бұрынғы мұраны құрметтегенімен, тек соны қайталап қалмады. Өз дәуірінің сұрақтарына жауап іздеді. Бүгін біздің алдымыздағы сұрақ басқа формада тұр: Цифрлық дәуірде мұсылман кім болуы керек?
Меніңше, ол технологиядан қашқан адам да, технологияға толық тәуелді адам да болмауы керек. Ол – телефонды қолданатын, бірақ телефонға құл болмайтын; ақпарат алатын, бірақ әр ақпаратқа сенбейтін; жасанды интеллектіні пайдаланатын, бірақ өз ақылын өшірмейтін; әлеуметтік желіде болатын, бірақ арын сол жерге сатпайтын; заманауи ғылымды меңгеретін, бірақ рухани тамырын жоғалтпайтын тұлға болуы тиіс.
Себебі өркениеттің күші тек оның жасаған құрылғысында емес. Ол құрылғыны қандай адам қолданатынында. Ақылды телефон ақымақ адамның қолында адамды ақылды етіп жібермейді. Ал білімді, жауапты адамның қолындағы технология оның мүмкіндігін бірнеше есе арттырады.
Сондықтан цифрлық жүйенің ең маңызды мәселесі – жаңа компьютер жасау емес, жаңа бағдарламаны іске қосу да емес. Ең маңызды мәселе – осы технологияларды басқаратын саналы адам қалыптастыру.
Құран адамның алдына осы жауапкершілікті қояды. Ханафи мектебі жаңа мәселелерге құқықтық ойлаумен қарауды үйретеді. Матуриди дәстүрі ақыл мен уахиды үйлестіруге шақырады. Сахабалар мен табиғиндер өмірі уақыттың, білімнің және жауапкершіліктің қадірін көрсетеді.
Технология өзгереді. Бүгінгі смартфон ертең ескіреді. Қазіргі жасанды интеллект жүйелерінің орнына әлдеқайда қуатты жүйелер келеді. Бірақ адамның алдында тұрған негізгі сұрақ өзгермейді:
«Мен осы мүмкіндікті не үшін пайдаландым?»
Бәлкім, цифрлық дәуірдегі мұсылманның басты қағидасы да осы болуы керек. Технология қолымызда болсын, бірақ жүрегімізге үстемдік етпесін. Ақпарат алдымызда тұрсын, бірақ ақылымызды алмастырмасын.
Жүйе бізге қызмет етсін, біз жүйенің құлына айналмайық. Сонда ғана цифрландыру жай техникалық прогресс емес, адам өмірін жеңілдететін, білімді арттыратын, әділеттілікті күшейтетін және қоғамды жақсылыққа бастайтын шынайы өркениеттік құралға айналады.
Өйткені ислам тұрғысынан өркениеттің түпкі мақсаты – машинаны жетілдіру ғана емес, адамды жетілдіру.
«Нұрлытау» мешітінің бас имамы
Ерлан Құлмырзаұлы