ҚАЖЫЛЫҚ ҒИБАДАТЫНЫҢ ЖАСАЛУ КҮНДЕРІ
Құлшылықтың денемен немесе дүниемен жасалатыны мәлім. Күнделікті дәрет алу, намаз оқу денемен жасалатын құлшылықтар қатарына жатады. Мал-дүниемен жасалатын құлшылық деп зекет және садақа беруді, құрбан шалуды айтуға болады. Ал, қажылық денемен әрі дүниемен жасалатын ғибадат. Қажылық – асыл дініміздің бес парызының бірі. Құран Кәрімде: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал егер кімде-кім күпірлік қылып, қажылықты жоққа шығарса, біліп қойыңдар, Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж », - дейді. Әрине, әрбір ғибадаттың өзіне тән уақыт, сағаты бар. Мәселен, намаз тәулігіне бес мәрте, ораза рамазан айында ұсталады. Сол секілді, қажылық ғибадатының да арнайы маусымы бар. Құран Кәрімдегі: «Қажылық белгілі айларда өтелетін құлшылық » деп, шәууал, зил¬қағ-да жә¬не зил¬хиж¬жа¬ның ал¬ғаш¬қы он кү¬ні айтылуда. Қажылық алты күн ішінде, зұлхижжаның 8-13 күндері аралығында орындалады.
Үлкен пен кіші қажылықтың ара-жігін ажыратып алу маңызды. Біз «үлкен» және «кіші» деп атап жүрген қажылық ғибадатының шариғаттағы атаулары – парыз қажылық және ұмра. Ұмра – сүннет амал және оны парыз қажылықтан тыс кез келген мезгілде жасауға болады. Үлкен қажылықты адам баласы өмірінде бір мәрте жасаумен мұсылмандық парызы өтеледі. Ал кіші қажылықты яғни ұмраны, өмірінде қанша рет істеймін десе де еркі өзінде.
Үлкен қажылық – шамасы жеткен мұсылманға парыз. Қажылық парызы мойнымыздан түсу үшін оның белгілі бір уақыттарда орындалуы керек. Себебі қажылықтың рүкіндері (ішкі парыздары) жылдың белгілі бір күндерінде, белгілі орындар да ғана атқарылады.
Үлкен қажылықтың үш парызы бар:
1.Ихрам. Миқат боп есептелетін жерден қажылық ниетімен ихрамға кіру;
2.Уқуф. Арафа күні бесін намазынан кейін Арафат жазығында тұру;
3.Тауаф. Құрбан айттың бірінші күні немесе келесі күндерінде Қағбаны тиісті тәртіппен 7 рет айналу.
Қажылықтың бес уәжібі бар:
1.Құрбан айт күнінде таң намазынан кейін Муздалифада тұру;
2.Сафа мен Маруа жоталары арасында сағи жасау;
3.Айт күндері тас ату орны жамаратта шайтанға тас лақтыру;
4.Меккеден қайтатын күні Қағбатулланы тауап ету;
5.Парыз тауаптан кейін, шашын алдыру немесе қысқарту.
Қажылықтың орындалуына қысқаша шолу жасасақ:
Бірінші күн
Зулхижжа айы, 8 жұлдызы. Бұл – тәруия күні деп аталады. Қажылар таң намазын Меккеде оқиды. Тәмәттуғ қажылығын жасаушы қажылыққа қайтадан ихрам киеді. Яғни, ұмраға ихрам киген кездегі амалдарды орындайды, ғұсыл алады, ихрам киеді. «Аллаһумма ләббәйкә хажжан» деп ниет етіп ихрам хәліне кіреді. Осы сәттен бастап тәлбия айтуды бастайды. Содан кейін қажылар түске дейін Минаға жол жүреді. Минада төрт рәкат намазды екі рәкат етіп қысқартып, өз уақытында оқиды. Тәруия күні бесін, намаздыгер, ақшам, құптан және арафа күнінің таң намазын Минада оқу – сүннет.
Екінші күн – Арафа күні
Зилхижжа айы, 9 жұлдызы. Бұл – арафа күні. Қажылар Минада таң намазын оқып, күн шыққаннан кейін тәлбия айтып, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтып, Құран оқып, ақырындап Арафат жазығына бет алады. Жолда Аллаға көп мадақ, зікір айту абзал. Түске дейін Арафатқа бару – сүннет. Ал Арафатта тұру – қажылықтың үш парызының бірі. Онсыз қажылық қабыл болмайды. Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «Қажылық – Арафат» деген. Арафа – күндердің ең абзалы. Арафада қажылар күн батқанға дейін дұға жасауда болады. Алладан кешірім, мейірім, рақым және басқа да тілектерін сұрайды. Аллаға сансыз мадақ, Елшісі Мұхаммедке (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) салауат айтылады.
Күн батқаннан кейін ақшам намазын оқымай Мұздалифаға аттанады. Ақшам және құптан намаздарын құптан уақыты кірген соң Мұздалифада қосып оқиды. Осы екі намаздың оқылу тәртібі төмендегідей: алдымен азан шақырылып, қамат түсіріліп, ақшам намазы толық үш рәкат оқылады. Одан кейін азан шақырмастан бірден қамат түсіріліп, құптан намазы екі рәкат етіліп, қысқартылып оқылады. Қажылардың Мұздалифада түнеуі – сүннет (өзге мәзһабтарда уәжіп). Шайтанға тас лақтыру үшін Мұздалифадан 49 немесе 70 ұсақ тас жинаған абзал. Әрине, басқа жерден жинауға да болады.
Үшінші күн – Құрбан айттың бірінші күні
Зұлхижжа айы, 10 жұлдызы. Сүннет бойынша қажылар Мұздалифада түнеп, таң намазын осы жерде оқиды. Бұл зулхижжа айының оны – айт күнінің таң намазы. Мұнан соң жарық болғанға дейін құбылаға қарап дұға жасайды. Артынша күн шықпастан Минаға бет алады. Алғашқы тас лақтырылғанда тәлбия айту тоқтатылады. Үлкен шайтанға жеті тас лақтырғаннан кейін тәматтуғ қажылығын орындаушылар уәжіп құрбандарын шалады немесе басқа біреуді өкіл жасап шалдырады. Құрбандық шалған соң, шаштарын алғызып немесе қысқартып ихрамнан шығады. Ихрам күйінде тыйым салынған барлық нәрсе қайтадан рұқсат етіледі. Тек әйелімен жақындасуға рұқсат етілмейді. Зиярат тауабын жасаған соң әйелімен қосылуға рұқсат.
Минада істелетін амалдардың реті
1.Тас лақтыру. Әрбір тасты жеке-жеке лақтыру қажет. Бірнеше тасты уыстап лақтырса, бір тас боп есептеледі. Әр тасты «Аллаһу әкбар!» деп тәкбір айтып лақтырған абзал.
2.Құрбандық шалу. Құрбандық етінен дәм татып, қалғанын кедейлерге таратып беруі керек. Қазіргі кезде бұл міндетті Ислам банктері атқарады. Құрбандық малының ақысын төлем жасайды. Өкілетті адамдар құрбандық шалынған соң, есебін береді. Десе де, құрбандықты өз қолымен шалуына да болады.
3.Ер кісі шаш алдырады немесе қысқартады. Шашты тықырлатып алдыру қысқартқанға қарағанда абзал. Әйелдер шашын бір елідей қысқартады. Ханафи мәзһабында айтылған амалдарды тәртіп бойынша орындау уәжіп. Қажылар тас лақтырып болғаннан кейін Аллаға былайша мадақ айтып, айт күндерін өткізеді:
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Лә иләһә иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уа лилләһил-хамд» деген зікір сөздерімен бастайды.
Мағынасы: «Алла Ұлы! Алла Ұлы! Алла Ұлы! Алладан басқа Құдай жоқ! Алла Ұлы! Алла Ұлы және мақтау Аллаға тән».
Зиярат тауапы
Үш парызының бірі – зиярат тауабы. Онсыз қажылық дұрыс саналмайды. Минада айт күні тас лақтырған соң ихрамнан шыққан қажылар зиярат тауабын жасайды. Зиярат тауабы басқа тауап сияқты Қағбаны жеті рет айналудан тұрады. Жасалу тәртібі: Жақсылап дәрет алып, бар ықыласпен Мәсжидул-Харамға қарай зікір айтып, баяу жүріспен барады. Ер кісілер тауапты бастамай тұрып риданы (ихрамның жоғарғы бөлігі) оң қолтықтың астынан өткізіп, сол иықтың үстінен тарта орайды. Риданы бұлай орауды «Изтиба» деп аталады. Әйелдер изтиба істемейді. Тауапқа байланысты осы әзірліктерді істегеннен кейін зиярат тауабына ниет етіп, Рукнул-Йәмани жағынан қара тастың қарсы алдына барады. Мүмкіндік болса, тәкбір және таһлил айтып, қара тасты сүйеді. Ал егер мүмкіндік болмаса, қолымен ишарат етіп, сәлемдеседі. Қара тастың орналасқан бұрышында тауаптың басталатын жерін білдіретін жасыл сызық бар. Міне, осы сызықтың тұсынан тауап басталады. Егер тауап бұл сызықтың яғни, қара тастың дәл қарсы алдынан емес кішкене алдыңғы жағынан басталған жағдайда айналым толық болмай қалады. Қағбаны сол жағына алып, оң жағымен тауапты бастайды. Әр айналымның басында қара тасқа сәлем береді. Барлық айналымда Рукнул-Йәмәни мен Рукнул-Хажарул-Әсуәдтің арасында мына дұға оқылады: «Раббәна әәтина фид-дуниәә хасанатан уа фил-әәхирати хасәна, уа қина азабән-нар. Уа адхилнал-жәнната маал-абрар, Иа Азизу иа Ғаффар. Иа раббал-ааламин».
Мағынасы: «Раббымыз, бұл дүниеде де, ақиретте де тек жақсылығыңды беріп, бізді от азабынан сақта! Бізді жақсы, игі құлдарыңмен бірге жәннатқа кіргіз. Уа, Азиз! Уа, аса кешірімді Ғаффар! Уа, бүкіл әлемнің Раббысы!»
Алғашқы үш айналымда ер кісілер адымдарын жиі-жиі алып иықтарын сілкіген бойда, жылдам-жылдам жүреді. Бұлай істеу «рәмәл» делінеді. Рәмәл істеу – сүннет, істелінбеген жағдайда тауаптың дұрыстығына зиян келтірмейді. Тауаптан соң мүмкіндігінше Ибраһим мақамында, болмаса мешіттің кез келген жерінде екі рәкат намаз оқып, дұға жасалады. Сосын зәмзәм суын ішеді. Зиярат тауабын жасаған соң Минаға қайта қайтып, шайтанға тас лақтыру күндерінің түндерін сол жерде өткізу ханафи мәзһабында – сүннет. Минада үш түн түнеген абзал, екі түн түнеуге де болады.
Осыдан кейін еліне қайтқанға дейін қалағанынша ұмра жасауына болады. Ол үшін қала шетіндегі Айша анамыздың (Алла одан разы болсын) атындағы мешіттен ихрамға кіріп, ұмраға ниеттенуі қажет. Сосын, Қағбаны тауап етіп, Сафа-Мәруа арасында сағи жасайды. Соңынан шаш алдырып ихрамнан шығады. Осылайша, қанша мәрте ұмра жасаймын десе де өз еркінде.
Алла Тағала үлкен қажылық, ұмра құлшылықтарымызды қабыл етсін!
Ғалымжан Молдабай
Таугүл мешітінің наиб имамы