ЗҰЛ-ХИЖЖА АЙЫНЫҢ 10 КҮНІ
Алла Тағала Өзінің пенделеріне мейірім етіп, олардың ізгі амал жасап, сауапқа кенелуіне үшін кейбір күндер мен түндерді өзгелерінен артық етіп бекітті. Сол ерекше берекелі уақыттардың бірі – зұл-хижжа айының алғашқы он күні. Бұл күндер – мұсылман баласының Раббысының кешіріміне бөленуге ұмтылып, құлшылық пен игі амалдарға ерекше ынта танытуы қажет кезең.
Зұл-хижжа айы – Исламдағы ең қадірлі әрі қасиетті айлардың бірі. Әсіресе, оның алғашқы он күнінде жасалған әрбір ғибадаттың сауабы еселеніп, Алланың алдында дәрежесі жоғары болады. Сондықтан бұл берекелі күндерді бос өткізіп алмай, намаз, ораза, зікір, садақа және басқа да қайырлы амалдарды көбейту – әрбір мұсылман үшін үлкен мүмкіндік әрі сауапқа бастар жол.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Фәжр» сүресінің алғашқы екі аятында: «Таң шапағына серт. Және (мүбәрак) он түнге серт», – деп айтқан. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) аталмыш аятты: «Бұл аятта зұл-хижжа айының алғашқы он күніне байланысты айтылған», – деп тәпсірлеген. Алла Тағаланың қасиетті Құранда қандай да бір нәрсемен ант етуі – сол нәрсенің маңыздылығын білдіреді. Ендеше бұл аятта зұл-хижжа айының он күнінің ерекшелігі мен артықшылығы айтылып тұр. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла Тағалаға осы (он) күнде істелген игі істен жақсырақ амал жоқ», – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Сонда Алла жолындағы күресу де оған тең келмей ме?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жолында күресу де оған тең келмейді. Тек жанымен әрі малымен күресіп, кері қайтпаған адамның жағдайы бөлек», – деп жауап берді (имам Бұхари).
Төменде осы бағалы әрі санаулы он күнде мұсылман үмбеті атқаратын негізгі амалдарды тарқатып айтуды жөн көрдік.
ҚАЖЫЛЫҚ
Қажылық «әл-хажжу» деп айтылып, тілдік мағынасы – ұлық тұтқан нәрсеге талпыну және ниеттену, оны мақсат тұту дегенді білдіреді. Терминдік мағынасы: «Шариғат тарапынан белгіленген уақытта арнайы құлшылық рәсімдерін атқару үшін Қағбаны ғана мақсат етіп жолға шығу» дегенді білдіреді.
Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Әли Имран» сүресі, 97-аятында: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал егер кімде-кім күпірлік етіп, қажылықты жоққа шығарса, біліп қойыңдар, Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж», – деп айтқан.
Қажылық – исламдағы бес парыздың бірі. Қажылық – зұл-хижжа айының белгілі күндерінде орындалатын әрі белгілі уақытпен шектелген ғибадат түрі. Ол мұсылмандардың бірлігін, теңдігін, бауырластығын көрсететін ұлы құлшылық саналады. Әлемнің түкпіртүкпірінен жиналған мұсылмандар бір киімде, бір ниетпен, Жаратушыға құлшылық жасап, Исламның ұлылығын паш етеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қажылықтың сауабы турасында: «Кімде-кім Алла үшін қажылық жасап, жаман сөз бен әрекеттерден аулақ болса, анасынан туғанда қандай күнәсіз болса, сондай болып күнәларынан арылып қайтады», – деген (имам Бұхари).
АРАПА КҮНІ ОРАЗА ТҰТУ
Арапа – зұл-хижжа айының тоғызыншы күні. Ол – дін кемеліне келіп, нығмет толыққан әрі Алланың құлдарын тозақтан азат ететін ұлы күндердің бірі. Бұл берекелі күні Құрандағы ең ұлы аяттардың бірі түсті. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Міне, бүгін діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тәмамдадым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым», – деген («Мәида» сүресі, 6-аят). Сондай-ақ Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла бір құлын тозақтан азат ететін күндердің ішінде Арапа күнінен артық күн жоқ», – деп айтқан (имам Мүслим).
Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер Арафат жазығына бір мезет тұрақтайды. Олар арапа күні ораза ұстамайды. Ал қажылыққа бармаған кісі арапа күні ораза ұстауы сауап болмақ. Зұл-хижжаның тоғызыншы, яғни арапа күні ораза тұту – сүннет. Өйткені, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол күні ораза ұстап, сахабаларын ораза тұтуға шақырған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арапа күні ораза ұстау жөнінде былай дейді: «Арапа күнгі ораза арқылы Алла Тағаланың өткен және келер жылғы күнәларды кешіруін үміт етемін» (имам Мүслим).
ТӘКБІР ТАШРИҚ АЙТУ
Зұл-хижжа айының алғашқы он күнінде Алла Тағаланы көбірек ұлықтап, мақтау сөздерін айтып жүру қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді іс жоқ. Ендеше, ол күндері тасбих (субханалла), тахмид (әлхамду лиллә), тәһлил (лә иләһа илләлла), тәкбір (Аллаһу акбар) сөздерін айтуды көбейтіңдер», – деген (имам Ахмад).
Ал тәкбір ташриқ айту – намаз оқу міндет болған әрбір мұсылманға уәжіп. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 203-аятында: «Санаулы күндері Алланы еске алыңдар!», – деп бұйырған. Аяттағы «санаулы күндер» дегенді Әзіреті Әли (Алла оған разы болсын) арапа күнгі таң намазынан бастап, айттың төртінші күні екінті намазының соңы деп түсіндірген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Ташриқ күндері – тамақтану, су ішу және Алла Тағаланы еске алу күндері», – деген (имам Мүслим).
Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Айтылды: «Алла-акбар» екі жерде, намаз бен құрбан шалу келді бірге», – деп, бұл күндері Алла Тағаланы ұлықтаудың артықшылығы жөнінде айтқан. Тәкбір ташриқ: «Алла ұлық, Алла ұлық. Алладан өзге тәңір жоқ. Алла ұлық, Алла ұлық. Барлық мақтау Аллаға тән», – деп айтылады. Жәбирден (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арапа күні таң намазын оқығаннан кейін сахабаларына бұрылып: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбару уә лилләһи-л-хамд», – дейтін. Осылайша арапа күнінің таң намазынан бастап, соңғы тәшриқ күнінің екінті намазына дейін айтатын», – делінген (имам Дарақутни).
АЙТ НАМАЗЫН ОҚУ
«Айт» сөзі «әл-ғиду» сөзінен енген. Айт намазы шариғат тарапынан мұсылмандарға уәжіп етіліп һижраның екінші жылында енгізілді. Әнастың айтуынша, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде мәдиналықтар тойлайтын екі күн болатын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұлар не қылған екі күн?» – деп сұрайды. Олар: «Исламнан бұрын осы екі күнде ойнап, көңіл көтеретінбіз» – дейді. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла ол екеуін одан да жақсырақ мерекелерге: Құрбан айт пен Ораза айтына айырбастады», – деді. Мерекенің алғашқы күні айт намазына ғұсыл құйынып, әдемі, таза киім киіп, үстіне хош иіс сеуіп барған жөн. Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иіс жағудың абзал екендігі туралы көп айтатынын естігенмін», – деген. Сонымен қатар Құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемеу мұстахап амал саналады. Хадис шәріпте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза айт намазына тамақ ішпей бармайтын, құрбан айт намазына тамақ ішпей баратын еді», – делінген (имам Тирмизи).
Жұма намазы парыз болған әр мұсылманға айт намазын оқу – уәжіп. Айт намазының уақыты күн бір немесе екі найза бойындай деңгейге көтерілгенде кіріп, оның аспан биігіне жетуімен шығады. Яғни күн шыққан соң жарым сағат өткенде айт намазының уақыты кіреді. Айт намазын имаммен бірге атқаруға үлгермеген адам оның қазасын өтемейді. Құран Кәрімдегі «Кәусар» сүресінің, 2-аятында Алла тағала: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!» – деп бұйырған. Тәпсірде бұл аяттың Құрбан айт намазы мен құрбан шалу турасында екендігі айтылған.
ҚҰРБАН ШАЛУ
Ыбырай Алтынсарин бабамыз «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегінде: «Мұсылмандарға жыл сайын зұлхижжа айының оныншы күнінде, яғни оразадан екі ай он күн өткен соң құрбан шалу уәжіп. Құрбан шалу Ибраһим пайғамбар уақытынан бері мирас болды», – деп жазған. Құрбан айтта құрбандық шалу – әрбір ақыл-есі сау, жолаушы болмаған, мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін мұсылман адам үшін уәжіп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 34-аятында: «Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың атын атап құрбан шалуды бекіттік», – деген.
Құрбандық шалу жай ғана мал сою емес. Ол – адамның ықыласы, иманының беріктігі, тақуалығы мен өзгеге деген мейірімінің айқын көрінетін сәті. Бұл құлшылықта пенденің нәпсісімен күресі, жомарттығы мен сараңдығы, кеңдігі мен тарлығы да сынға түседі. Сүннетке сәйкес құрбан етiн үшке бөлiп, бiр бөлiгiн мұқтаж жандарға, екiншi бөлiгiн туған-туыстарға немесе көршiлерге, ал қалған бөлiгiн өз отбасына алып қалуға болады.
Түйіндей келгенде, зұл-хижжа айының алғашқы он күні – әрбір мұсылман үшін өте маңызды, қадірлі уақыт. Бұл күндерде жоғарыда айтылған ізгі амалдармен қоса өзге де сауапты амалдарды барынша көп жасауға тырысу ләзім. Алла Тағала әрбір амалымызды шынайы ниет және ықыласпен орындауды және оның қабыл болуын нәсіп етсін!
Қазыбек АНУАРБЕКҰЛЫ,
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің маманы
«Иман» журналы №5