ӘЙЕЛДІҢ СҰЛУЛЫҒЫ - АДАЛДЫҒЫ
Адамның рухани сұлулығы – кез келген мәдениеттің маңызды категорияларының бірі. Сұлулық дегенде біз ең әуелі ер азаматтарды емес, әйелдер бейнесін көз алдымызға келтіреміз. Өйткені, сұлулық барша адамға ортақ түсінік болғанымен, дәл әйел мен сұлулық ұғымының бір-біріне парапарлығы, осы екі ұғымның бір-бірімен егіздігі барлық қоғам мәдениеті мен әдебиетінде жоғары насихатталып келді.
Ал енді осы сұлулық ұғымының өзі әркімде әртүрлі қабылданады. Сұлулуықтың өлшемі әр қоғамда дәуір артынан дәуір ұласып, ғасыр артынан ғасыр ауысып отырған сайын өзгеріске түсіп, әртүрлі сипатқа ие болып отырған. Дегенмен, асыл дінімізде де, ұлттық дәстүрімізде де әйелдің сұлулығы оның терең ақылы, парасаты, адамгершілігі және адалдығы сынды ішкі рухани қасиеттері арқылы биік деңгейге көтерілген.
Әйел адамның тазалығын, ибасы мен инабатын, ар-ұятын қамтитын адалдық сипаты оның жан дүниесінің кіршіксіздігі мен көркем мінезінен хабар береді. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Дүние — уақытша пайдаланатын нәрсе, ал оның ең қайырлысы — салиқалы (иманды, адал) әйел» (Муслим) [1], - деген.
Адалдық – ардың бастауы. Ал ар-ұят – иманнан. Өз ұятын сақтап, жарына адал болған әйелге берілетін сауап та үлкен. Бұл турасында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келесі хадисінде риуаят етілген: «Əйелдердің ішінде ең жақсысы – намысы мен ар-ұятын сақтай білген, басқаға көз салмай, тек қана күйеуін жақсы көріп, соған қанағат еткен əйел» (Әбу Узайна әс-Садфи) [2].
Асыл дінімізде бекітілген шариғат шеңберінің ара-жігін айқындайтын Алланың кәламы - қасиетті Құран бұл турасында не дейді? «Ниса» сүресінің 34-аятында адал, ар-ұятын сақтаған мұсылман әйелдің сипаты келесідей баяндалады: «Ал енді жақсы әйелдер; бой ұсынушылар, Алла қоруға бұйырған көмескі нәрселерді (абыройын) қорғаушылар», («Ниса», 34-аят) [3].
Адал әйел – ата-анасының абыройы, жұбайының көз қуанышы, балаларының парасатты жанашыры. Адалдығы бойында тұнған әйелден текті ұрпақ тәрбиеленіп шығады. Ар-ұятын қорғап, адамгершілік туын тік ұстаған, жолдасына адал болған әйелдің отбасында береке, бірлік, тыныштық орнап, жүрегінде мейірім мекен етері сөзсіз.
Өйткені, әйел адамның болмысына бітетін бұл қасиеттер өзін ғана емес, айналасындағыларға да үлкен әсерін тигізеді. Бұл турасында «Рум» сүресінің 21-аятында: «Әрі сендердің тыныштық тауып, орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де — Оның белгілерінен. Ақиқатында ойланып ақылға салатын адамдар үшін мұнда дәлел-ғибраттар бар» («Рум» сүресі, 21-аят) [4], - делінеді.
Қазақ дәстүрінде де әйелдің адалдығы, адамгершілігі әйелдің сұлулығына сұлулық қосып, жақсылығын асыратын асыл қасиеттер саналады. Оған «Жақсы әйел – жарты иманың», «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс», «Әйелдің адалдығы – ерінің абыройы», «Әйелдің жетістігі – дақ түспеген ары» деген сыңайлы қазақ мақал-мәтелдері айғақ.
Осылайша, сыртқы қалыбы ғана емес, ішкі жан дүниесі әдемі ару бейнесі, дана әйел сипаты асыл дініміз – Ислам мен қазақ дәстүрінің ортақ байланысында терең маңызға ие рухани құндылық.
[1] Муслим
[2] Әбу Узайна әс-Садфи
[3] «Ниса» сүресі, 34-аят
[4] «Рум» сүресі, 21-аят
«Нұр-Мүбарак» мешітінің ұстазы,
Дінтанушы PhD доктор
Алдиярова Жанат Есенгелдіқызы