Бұл менің он төртінші Рамазаным. Исламды қабылдаған кезімде 27 жаста едім. Сол себепті, Исламды қабылдағанға дейінгі 27 жылда тек қана христиандық мерекелерді атап өтетінмін. Рамазан айы келгенше жаңа қабылдаған дінімді әжептәуір үйреніп қалдым. Әрдайым Ислам дінінің бір мүшесі екенімдігі сезінген сайын шаттанып, мұсылмандығымды мақтаныш тұтамын.
Исламды қабылдаған соң мен бірден шариғат шәлісін жамылдым да, намаз оқуды үйрендім. Мені тура жолға салған Алла Тағалаға шексіз алғысымды, риясыз шүкірлігімді білдіру үшін, әрдайым бойымнан мұсылманшылық аңқып тұрғанын қаладым.
Мені жаңа қоғаммен жақындата түскен Исламның шарттары болғандықтан, алғашқы Рамазанның келуін асыға күттім. Әрине, әр мұсылман жеке-жеке ораза ұстайды. Алайда, ауыз ашқан кезде барлығы жиналып, бір дастарханда бас қосады. Тарауық намазында да жұмылған жұдырықтай болып бір сапта тұрады.
Исламды қабылдағанға дейін мен христиан ретінде ораза ұстайтынмын. Бірақ ол ораза мүлдем басқа болатын. Күндіз су ішіп, кейбір тамақтарды жеуге рұқсат беретін. Сонымен қатар, емдік мақсатта да ашыққан кездерім болды. Алайда, ол кезде де су ішуіме ешнәрсе кедергі болмайтын. Бұрын-соңды бұлай ораза ұстап көрмеген мен, күн ұзаққа сусыз шыдай алар ма екенмін деп қатты уайымдадым. Оның үстіне, АҚШ секілді тұрғындарының басым бөлігі мұсылман емес халықтар тұратын мемлекетте күнделікті өмір ораза ұстаушыларға бейімделмеген. Сонда да, оразаның Алланың әмірі екенін және Алла маған орындай алмайтын міндет жүктемейтінін білетінмін.
Рамазанның алғашқы күндері жанымда ешқандай мұсылман адам болмағандықтан, жалғыздықтан жабыққаным есімде. Таңертең ерте сәресі ішуге жалғыз тұратынмын, кешке оразамды жалғыз ашатынмын, тарауық намазына да жалғыз-жарым тұратын едім. Өзім аспирантура оқып жатқан университетте мұсылмандар болды. Бірақ ол жақта тек ер адамдар екен. Сондықтан, ауызашарды тек ер адамдардың арасында ғана ұйымдастыратын. Ол уақытта мұсылман құрбыларым болмады. Ал мешіт болса мен тұратын жатақханадан шалғайда еді. Алайда, осы жалғыздықтың себебімен бұрын-соңды сезінбеген күйді басымнан өткеріп, Аллаға деген шынайы жақындықты сезіндім.
Біраз күндер өткен соң тарауық намазын оқуға мешітке бара бастадым. Ол жерде діндес әпке-сіңлілеріммен бірге намаз оқу керемет көңіл-күй сыйлаумен қатар, дін ұстануымда таптырмас тәжірибе болды. Мен енді өзімді толыққанды мұсылман үмметінің бір мүшесі ретінде сезіне бастадым.
Жаңа танысқан құрбыларымның ішінде Әмина деген қыз да жаңадан Исламды қабылдаған екен. Мен оның ең алғашқы Рамазаны жөнінде сұрап білдім. Оның да басынан дәл менің жағдайым өткенін білдім. Әмина маған ең алғаш танысқан мұсылмандардың ортасында өзін таңқалдырған нәрсе жайлы:
«Мені өмірлерінде алғаш рет көре тұра, өз отбасының адамы секілді қарым-қатынас жасайтындықтары таңқалдырды. Бұрын адамдарға бірнәрсе қажет болған жағдайда ғана жақсы қарым-қатынас жасайтын ортада өскен маған бұл өте қызық, әрі таңқаларлық жағдай болды»,- деп айтып берді.
Әмина сияқты адамды өзіне баурап алып, көңіліңді аулап отыратын Айша да менің жаңа ғана танысқан құрбыларымның бірі. Ол да енді ғана мұсылман болып жатқанын айтты. Айша да алғашқы кезде мен секілді едәуір жалғыздықты басынан өткергенімен, ең алғашқы Рамазаны рухани жетілуге үлкен септігін тигізгенін айтты.
«Рухани жетілуім үшін жалғыз бола тұруым қажет екенін түсіндім. Сондықтан, жалғыздық мен үшін үлкен жан-пидалық болды десем болады. Сол кезде ғана өмірімде бірінші рет мешітке бардым. Мешіттен қорқу деген сезімім сейіліп, керісінше мешіт құсына айнала бастағандай болдым. Бас кезінде намаз оқуды кітапшаданн үйренгендіктен, қате оқып қоямын ба деп мешітте намаз оқуға жүрексінетінмін» деп өзінің басынан өткендерімен бөлісті».
Ол осы естеліктерін айтқанда менің де кезінде мешітке барудан қорқатындығым есіме түсіп, жымиып күліп алдым.
Айша Ораза айт кезінде де жалғызсырағанын айтты. Өйткені, әрдайым мұсылмандар мұндай мерекелерді отбасыларында өткізеді. Алайда, ол бұл жалғыздыққа мойымай, тура жолға салған Раббысына шүкірлік етті.
«Біз Исламды қабылдаған кезде жалғызсырап қаламыз. Әсіресе, бұл мейрам кездерінде басқа мұсылмандар отбасымен ғана бірге қалып, бөтен ешкімді араластырмай туыс-туғандарымен өткізіп жатқан кезде қаттырақ сезіледі. Сондықтан, әрбір мұсылман, әсіресе біз секілді жаңа ғана дінді қабылдап жатқандар өзімізді бөтен ортада қалғандай сезінбей, мұсылмандармен ете араласа алатын, Рамазан айы мен басқа да мейрамдарды бірге өткізуге мүмкіндік беретін енді ғана Ислам қабылдаған мұсылмандарға арналған орталық ашу арманым»,- деп Айша өз арманымен бөлісті.
Менің ойымша, Айшаның ойы өте дұрыс. Алла жүзеге асуын нәсіп етсін!
Алғашқы Рамазандағы тағы бір керемет оқиға – менің тұрмысқа шығуым болды. Енді мен сәресі мен ауызашарда жалғызсырамай, отағасымен бірге өткізетін болдым. Ораза айт мейрамын да ерлі-зайыпты болып, отбасымызда өткіздік. Алайда, өз отбасымнан ешбір жан менің қуанышты сәттерімді бөлісе алмағандары жаныма батты.
Құранда Алла Тағала иман келтіргендерге міндетті түрде сынақ жіберетінін айтады. Сондықтан, алғашқы қиыншылықтарымды сондай сынақтардың бірі ретінде қабылдадым.
Мен Исламды адамдардың емес, Алланың разылығы үшін қабылдадым. Сол үшін қандай қиыншылық пен жан-пидалық талап етілсе де, маған ауыр емес. Ең бастысы – Раббым разы болса болды.