КИІМ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ
Қыз өссе елдің көркі. Қыз – сұлулық пен нәзіктік ұғымымен қатар ар-ұятты да қоса тұла бойына сіңірсе қандай жақсы. Бірақ, бұл күнде соңғысы жетімсіреп жүр. Оны ешкім керек қылмай қойды. Есесіне, «сұлулықтың» бағы жанып тұр.
Қара көздеріміз сұлулық деген осы деп тәннің барлығын жалаңаштап бітті. Кигендері абыройын сәл-ақ бүркейді. Оны киім деп айтуға да келмейді. Дұрысы лыпа. Ол емес, сен ұялуың керек. Ал, онікі – ең соңғы үлгідегі сән. Қала берсе сұлулық. Сен болсаң мәдениеттен жұрдай біреусің. Қыздарымыздың қысқа кию жарысында сіз бен біз тек көрерменбіз. Олардың бұл қылығын ешқайсысымыз тиып жатқанымыз жоқ. Өзімізді «қоя берсін, қыз ғой. Ертең тұрмысқа шығады. Сол кезде киеді» деп жұбатып қоямыз.
Қыз – болашақ ана. Ұлттың тектілігі мен тазалығының кепілі емес пе? Ал, қыздың киімі түзелмей, тәрбиесі жайлы әңгіме қозғау бос әурешілік. Халқымыз қызына «қыз – қонақ» деп еркелетіп бірақ еркіне жібермей өсіреді. Бұл бір қарағанда, сырт көзге қыз баласына тым қатал қарау оның ой-өрісін шектеу сияқты көрінеді. Алайда, қыздың нәзік табиғаты мен өзіне тән болмысын сақтаудың жолы. «Қызға 40 үйден тыйым» деген қағиданың сыры да осында. Сол тыйымдардың ішінде: жарыса сөйлеуге, жалғыз қыдыруға, бұраңдап қылымсуға, салт-дәстүрден аттауға, күйеуге қашып тиюге деген сияқты тыйымдар бар. Қыз әке-шешесінің шаңырағында төрде отырып бойжетсе де, келін болып босағадан аттағанда бір үйдің ұйытқысы бола алатындай тәрбиелі болады.
Осындайда, «Үш қыз тәрбиелеп өсірген әке жәннатта менімен бірге» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөздерінің мәнін ұғынғандай боласың. Демек, қыздың тәрбиесі осыншалықты маңызды. Мәңгілік мекен жәннатқа кіруге лайықты болу да оңай шаруа емес.
Қазақ келінін де өз қызындай көріп «балам» деп бауырына басады. Сондықтан, келініне тік айтпай, тұспалдап «қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» деп қарайды. Қазақ тарихына сәл ары үңіліп Төле бидің келініне, ал бері қарай көз жіберіп Бауыржан Момышұлы атамыздың келіне зер салыңыздаршы...
Қазақ халқы секілді өзінің бай салтымен, мән-мағыналы дәстүрімен мақтана алатын халық кемде-кем. Бірақ, «қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, бағзы біреулер батыстың арзан мәдениетін ата салтынан жоғары көріп жатады. Қазіргі таңда, өзіміздің қазақи тәрбиеге, түп-тамырымызға оралу өзекті мәселе. Шаңырақ пен мектепте берілетін тәрбие салт-дәстүрімізден бастау алуы қажет-ақ.
Гүлзира Жидебай
Алматы Орталық мешітінің баспасөз хатшысы