«РАМАЗАН НҰР ШАШҚАН АЙ» ҮЗДІК БЕЗЕНДІРУ БАЙҚАУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Қасиетті қадір түнінде Алматы Орталық мешітінде «Рамазан нұр шашқан ай» үздік безендіру байқауының жеңімпаздарын анықтады.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қала мешіттерінде жамағат пен мешітке келушілерге рамазан айының келуін сезіндіру үшін мешіттерді безендіру жұмыстарын қолға алуды тапсырған болатын. Осы орайда ай басында Алматы өкілдігі қала мешіттерінің рамазан айына орай безендіру бойынша байқау жариялады. Қасиетті қадір түнінде Орталық мешітте «Рамазан нұр шашқан ай» атты мешіттерді үздік безендіру байқауының жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі І орын - 300 000 теңге Бостандық ауданы «Нұр-Мүбарак» мешітіне, ІІ орын - 200 000 теңге Наурызбай ауданы «Әбу-Бәкір» мешітіне, ал жүлделі ІІІ орын - 100 000 теңге Әуезов ауданы «Мүзәммил» мешітіне табысталды. Қаржылай сыйақыны қаланың бас имамы Төлеби Оспан жеңімпаз 3 мешіттің бас имамдарына табыстады. Байқауға атсалысып, белсенділік танытқан барлық мешіт имамдарына алғысын жеткізді.