«РАМАЗАН НҰР ШАШҚАН АЙ» БАЙҚАУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Алматы Орталық мешітінде қасиетті қадір түні қарсаңында биыл екінші жыл «Рамазан нұр шашқан ай» мешіттерді рамазан айына безендіру бойынша байқаудың жеңімпаздары анықталды.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қала мешіттерінде жамағат пен мешітке келушілерге рамазан айының келуін сезіндіру үшін мешіттерді безендіру жұмыстарын қолға алуды тапсырған болатын. Осы орайда ай басында Алматы өкілдігі қала мешіттерінің рамазан айына орай безендіру бойынша байқау жариялаған болатын. Қасиетті қадір түнінде Орталық мешітте «Рамазан нұр шашқан ай» атты мешіттерді үздік безендіру байқауының жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өтті.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі І орын - 300 000 теңге Әуезов ауданы «Ақсай» мешітіне, ІІ орын - 200 000 теңге Алмалы ауданы «Төле би» мешітіне, ал жүлделі ІІІ орын - 100 000 теңге Бостандық ауданы «Нұрлы тау» мешітіне табысталды. Қаржылай сыйақыны қаланың бас имамы Төлеби Оспан жеңімпаз 3 мешіттің бас имамдарына табыстады. Байқауға атсалысып, белсенділік танытқан барлық мешіт имамдарына алғысын жеткізді. Сонымен қатар бас имам бастамаға қолдау білдіріп, қалаға ерекше көрік беріп безендірілген мешіттер, атап айтсақ «Нұр-Мүбарак», «Әбу-Бәкір», «Заря Восток», «Сұлтан Қорған», «Әл-Ләтиф» тағы басқа мешіт имамдарының еңбегін атап өтіп, алғысын жеткізді.








