АЛМАТЫДА ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ КӨЛІК СЫЙЛАДЫ

Жақсылығы мен жомарттығы, мейірімі мен мәрттігі асқан қасиетті Рамазан айының соңғы күні «Қош бол, Рамазан» атты мерекелік шарасы өтті. Аталмыш жиында «Ел ағалары» атты 19 кәсіпкер дін жолында қызмет етіп жүрген 11 ұстаз бен имамға автокөлік мінгізді.
Ораза айының соңғы күнінде өткен шараға Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан қатысып, жиналған көпшілікті Ораза айт мерекесімен құттықтады. Діни қызметкерлерге қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
Шындығында, қазақ халқы – табиғатынан қайырымды халық. Қазіргі қоғамда жастар тәрбиесінде жүректі имандылыққа, махаббатқа, қайырымдылыққа, нұрландыруға, ізгі іс жасауға және жүректен жүрекке адам жанына әсер ету үрдісі кең ауқымда таралып келеді. Үрдіске айналған бұл жоба жомарт жандардың қолдауымен ауқымды қайырымдылық шарасы соның куәсі. Жобаны ұйымдастырушысы Бекарыс Сман бастаған кәсіпкерлер 2023 жылы 5 көлік табыстаса, 2024 жылы Шымкент қаласында дін саласында 10 жылдан астам қызмет етіп жүрген дін қызметкерлеріне 5 көлік берілді. Ал, биыл Алматы қаласында «Ел ағалары» кәсіпкер азаматтардың ұйымдастыруымен 11 имам мен ұстазға су жаңа көлік кілттері табысталды.
Адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған арда азаматтар «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғанша жұртпен бірге қуанышқа бөленіп, Алла алдында мол сауапты амалға жұмылды.
Қайырымдылық жүректі нұрландырады, өмірге мән дарытады. Ұйымдастырушы жомарт жандардың Алла кәсіптеріне береке, отбасыларына амандық, дендеріне саулық бергей! Әумин!
Алматы қаласы
өкілдігінің баспасөз қызметі