АХУНДАР ӨНЕГЕСІ - ҰРПАҚ ӨРЕСІНЕ
Қазақ халқының рухани тарихында ислам діні білім мен тәрбиені, адамгершілік пен мәдениетті қалыптастырушы маңызды рухани негіз ретінде орнықты. Исламның қазақ даласында кең таралуымен бірге мешіттер мен медреселер бой көтеріп, діни білім беретін ұстаздар қалыптасты. Солардың қатарында ел арасында ерекше беделге ие болған ахундар мен ишандардың орны айрықша.
Ахундар қазақ қоғамында діни білімді терең меңгерген, халыққа шариғат негіздерін түсіндірген, бала оқытып, медресе ашқан тұлғалар ретінде танылды. Зерттеулерде олардың рухани-танымдық дәстүрінің тамыры Орта Азиядағы исламдық білім беру орталықтарымен байланысты екені көрсетіледі. Қазақ даласындағы діни білімнің дамуына Бұхара, Самарқанд, Ташкент, Хиуа және Қарнақ секілді ілім ошақтарының ықпалы айрықша болған [1].
Ахундардың қызметін бір ғана діни міндетпен шектеу дұрыс емес. Олар өз дәуіріндегі білімді, сауатты, қоғамның рухани бағытына ықпал еткен тұлғалар болды. Сондықтан ахундар мұрасын зерттеу, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қажетті рухани құндылықтарды саралау болып табылады.
Ахун ұғымы тарихи тұрғыдан жоғары діни білім алған, халыққа білім үйреткен ғұламаларға қатысты қолданылған. Ахундар көбіне медреселерде ұзақ жылдар білім алып, Құран, хадис, фиқһ, ақида, араб тілі және басқа да ғылымдарды меңгерген. Жоғары медреселерде білім алған шәкірттерге ахун, мударрис секілді ғылыми-діни атақтар берілгені туралы деректер кездеседі.
Ахундық мектептің өзіндік ерекшелігі оның білім беру жүйесінен байқалады. ҚМДБ-ның ресми материалдарында Төрәлі Қыдыр қазақ даласында Ханафи мазһабы мен Матуриди ақидасының таралуына ахундар мен ишандар мектебінің ықпалы зор болғанын атап көрсетеді. Оның айтуынша, «ахундық мектеп фиқһқа негізделді, ишандар көбіне ихсан ілімін, рухтың кемелдену жолын таңдады» [2].
Бұл жерде ахундық мектептің басты ерекшелігін аңғаруға болады. Фиқһ – адамның діни міндеттерін дұрыс орындауына жол көрсететін ілім болса, ақида оның сенім негіздерін қалыптастырды. Ал араб тілі Құран мен хадис мұрасын түпнұсқадан түсінуге мүмкіндік берді. Демек, ахундар халыққа дайын діни үкімдерді ғана жеткізбей, сол білімнің негіздерін меңгерген ғалымдар болды.
Қазақ даласындағы дәстүрлі медреселерде білім бірнеше бағыт бойынша берілген. Діни ғылымдармен қатар араб тілі, логика, әдебиет және басқа да пәндер оқытылған. Бұл медреселердің мақсаты – ойлай алатын, сауатты, қоғамға қызмет ететін білімді тұлға қалыптастыру болды [1].
Осы тұрғыдан алғанда, ахундар мектебі – қазақ қоғамындағы дәстүрлі білім беру мәдениетінің маңызды бөлігі.
Ахундардың тарихи еңбегінің ең маңызды қырының бірі – олардың халық ағарту ісіне қосқан үлесі. Медресе ашып, шәкірт тәрбиелеу арқылы олар діни сауаттылықтың таралуына жағдай жасады. Кейбір ахундар өз қаражатына мешіт-медреселер салдырып, ауыл балаларының білім алуына мүмкіндік жасаған.
Сыр бойындағы ахундар мұрасы бұл тұрғыда ерекше мысал бола алады. Зерттеушілер Сыр өңірінде өмір сүрген Тапал ахун, Қалжан ахун, Сыдық ахун, Әлібай ахун секілді тұлғалардың медресе ашып, шәкірт тәрбиелегенін көрсетеді. Мәселен, Қалжан ахун бірнеше жыл Хиуада, кейін Бұхарадағы атақты Көкілташ медресесінде білім алып, шариғат пен құқықпен қатар философия, астрономия, математика, биология және экономика салаларын меңгерген. Араб, парсы және шағатай тілдерін білген Қалжан ахун кейін елге оралып, халықтың діни сауатын арттыруға қызмет етті [3].
Бұл деректер ахундардың білім көкжиегі кең болғанын көрсетеді. Олардың дүниетанымы тек діни пәндермен шектелмеген. Керісінше, сол кезеңдегі медресе жүйесі адамның тілдік, логикалық, құқықтық және дүниетанымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Ахундардың тағы бір ерекшелігі, білімді халыққа жеткізуінде. Медреседе алған білімін ел ішінде сабақ беру, уағыз айту, кітап жазу, шәкірт тәрбиелеу арқылы жалғастырды. Осылайша бір ұстазның білімі ондаған, тіпті жүздеген шәкіртке тарады. Ал сол шәкірттердің арасынан кейін өз алдына ұстаздар мен ғалымдар шықты.
Ахундардың қызметін бағалағанда олардың адам тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгенін ескеру қажет. Исламда білімнің мақсаты, адамның мінез-құлқын көркемдеу, жауапкершілігін арттыру және қоғамға пайда келтіру болып табылады. Сондықтан дәстүрлі діни білім беру жүйесінде ілім мен тәрбие қатар жүрген.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласындағы діни-ағартушылық қызмет түрлі тарихи қиындықтарға тап болды. Кеңестік кезеңде дін қызметкерлері қуғындалып, мешіттер мен медреселердің қызметі шектелді. Көптеген ахундар мен ишандардың есімі қоғамдық жадтан өшірілді, олардың кітаптары мен қолжазбалары жоғалды немесе жасырын сақталды [4].
Алайда рухани мұра толық жойылған жоқ. Кейбір қолжазбалар, көне кітаптар, шәкірттер арқылы жеткен әңгімелер мен тарихи деректер бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Қазіргі уақытта ахундар мен ишандар мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары қайта жанданып келеді.
Зерттеушілер ахундар мен ишандарды бірнеше жыл бойы терең діни білім алған, қоғамда беделге ие болған діни тұлғалар ретінде сипаттайды. Ахун ұғымы қазақ даласындағы ХVIII–ХІХ ғасырлардағы діни институттың маңызды элементтерінің бірі болған [5].
Бұл мұраның бүгінгі қоғам үшін маңызы зор. Себебі қазіргі жастарға діни білім беруде тарихымыздағы дәстүрлі діни оқу жүйесінің озық тәжірибесін ескеру қажет. Ахундардан біз білімге деген құрметті, ұстазға адалдықты, халыққа қызмет етуді және алған ілімді қоғам игілігіне жұмсауды үйрене аламыз.
Қазақ даласындағы ахундар халқымыздың діни-рухани тарихында маңызды орын алады. Олар мешіттер мен медреселерде білім беріп, шәкірт тәрбиеледі, шариғат ілімін меңгертті және діни сауаттың қалыптасуына ықпал етті. Ахундардың ұстаздық қызметі арқылы діни білім бір буыннан екінші буынға беріліп, қазақ қоғамындағы рухани сабақтастық сақталды.
Ахундардан жеткен негізгі өнеге білімге ұмтылу, алған ілімді шәкірттерге жеткізу және халықтың рухани дамуына қызмет ету. Олар ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты жоғары бағалап, діни білімді адам тәрбиесімен ұштастырды. Сондықтан ахундардың қызметінен білім мен тәрбиенің өзара байланысын көруге болады.
Ахундардың рухани мұрасын зерттеу қазіргі діни білім беру ісі үшін де маңызды. Олардың оқу жолы, ұстаздық тәжірибесі, шәкірт тәрбиесі және халыққа қызмет ету дәстүрі бүгінгі білім алушыларға үлгі бола алады. Ахундар қалыптастырған білім дәстүрін зерделеу арқылы қазақ даласындағы діни-ағартушылық мәдениеттің ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік туады. Бұл мұра жас ұрпақтың білімге, ізденіске және рухани құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастыруда маңызды орын алады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Сманов Р. Қазақ даласындағы «ахундар» мен «ишандардың» рухани-танымдық бастаулары мен білім көздері // ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы. – 2023. – №4 (36). – 73–81 бб.
2. Қыдыр Т. Діл кетсе, мұсылманшылық жоғалады // «Мұнара». – 2020. – №3. ҚМДБ ресми сайты.
3. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Қалжан ахун (1862–1916). – ҚМДБ кітапханасы. – 136-б.
4. Жолдасұлы Т., Сайлау А.К. Сыр өңіріндегі ахун-ишандардың рухани мұрасы: советтік кезеңнен бүгінге дейін // БҚУ Хабаршысы. – 2025. – №3 (99).
5. Сманов Р., Исаһақан М., Жақсыбаева А. «Ахун» мен «ишан» ұғымдары мен олардың генетикалық түсініктерінің логикалық, семантикалық негіздері // ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы. – 2024. – №4 (40). – 69–78 бб.
Фирали Ферғанұлы мешітінің бас имамы
Абдраманов Ержан Үсенханұлы