«ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН БАҒАЛАЙТЫН ҚАЗАҚ АРУЛАРЫ» АТТЫ РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы қаласы бойынша мешіттеріндегі әжелер мектебі мен «Нұр-Мүбарак» мешітінің ұйымдастыруымен қазақ қыз-келіншектеріне арналған рухани-танымдық іс-шара өтті.
«Отбасы құндылығын бағалайтын қазақ арулары» атты тағылымды кештің шымылдығын «Нұр-Мүбарак» мешітінің бас имамы Жалғас Жақсыбекұлы мен кештің бас спикері ұстаз Жанат Алдияр алғысөзбен ашып, кештің мән-маңызын айшықтап берді.
Жиын барысында елдік рухты көтеріп, ұлт тәрбиесінің темірқазығы – қазақ қызының қоғамдағы орны, келін тәрбиесі, ұлттық құндылықтар төңірегінде тағылымды ойлар ортаға салынды.
Спикерлер Алматы қаласы мешіттері әжелер мектебінің төрайымы Хапузат Ысқаққызы «Қазіргі қоғамдағы қазақ аруының орны қандай?» тақырыбын тарқатса, ұстаз Құралай Есенаманқызы «Қазақ аруынан адал келін. Болашақ ұлт анасын қалай тәрбиелейміз?» деген сұрақтарға жауап айтты. Сонымен қатар Камшат Қадірбекқызы, Ақмарал Амангелдіқызы қыз тәрбиесі жайлы терең ойларымен бөлісті.
«Ислам және отбасы құндылығы» жылындағы бұл кеш – қазақы салт-дәстүр мен ислам құндылықтарының ұштасқан үлгісін көрсетіп, аруларға рухани серпіліс, өмірлік жолда темірқазық болар ой сыйлады.