ҚҰРБАН АЙТ - 2025: АЛМАТЫДА 20 791 КЕЛІ ЕТ ҮЛЕСТІРІЛДІ

Алматы қаласы бойынша биылғы Құрбан айт мерекесінде көмекке мұқтаж 4915 отбасына және 14 мекемеге 20 791 кг астам ет үлестірілді.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы айттың алғашқы күні мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі - Қасиетті Құрбан айтпен барша жамағатты құттықтап, айт намазы оқылды. Зульхижжә айының 10-жұлдызы – қасиетті Құрбан айт мейрамы басталатын ай. Бұл айдың бастапқы он күні – берекелі күн. «Құрбан айт – мәні терең, ғибраты мол мереке. Тек қана мал сою деген көзқараспен қарауға болмайды. Бұл бай азаматтардың көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға бауырмалдық етіп, жәрдемдесуі. Қоғамда мейірімділік және адамгершілік рухын жаю мерекесі», - деп атап өтті бас имам.
Алматы қаласы өкілдігі бойынша онлайн және офлайн түрінде 1644 құрбандық малы, атап айтсақ 1568 қой, 70 ешкі, 6 ірі қара (сиыр) құрбандыққа шалынды. Оның ішінде 14 мекемеге, қарилар орталығына және медресеге құрбандық еті таратылып, көмек көрсетілді. Жалпы алғанда Алматы өкілдігінде 20 791 кг астам құрбандық еті үлестірілді.
Алматы қаласындағы мешіттерде Құрбан айтқа қатысты мерекелік шаралар яғни, мерекелік дастархан жайылып, балаларға айттық таратылды. Бүлдіршіндер үшін арнайы батут құрылып, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қаланың бірқатар аудандық мешіттерінде киіз үйлер тігіліп, ақсақалдарға арнайы дастархан жайылды. Құрбан айттың көтеріңкі көңіл-күйін сыйлау мақсатында балаларға айттық тәтті сыйлар үлестіріліп, мереке қайырымдылық шараларымен ұласты. Айттан айтқа есендік пен саулықта жетуді жазғай!
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі