«ЕЛ ҮЛЕСІ - ПӘТЕРГЕ» ҚАДІР ТҮНІНДЕ АЛМАТЫДА 24 БАСПАНА ТАБЫСТАЛДЫ

Наурызбай ауданы «Әбу-Бәкір» мешітінде қадір түні қарсаңында мешіт жамағатына баспана сыйлады.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан «Әбу Бәкір» мешітіне барып, жамағатты мың айдан да қайырлы қасиетті қадір түнімен құттықтады. Рақым мен мейірім айы Рамазандағы сансыз сауапты амалдарға себепші болуға асыққан азаматтар мен аудандық дін қызметкерлеріне алғыс айтып, осы мешіттегі белсенді жамағат Мұхтар Алғарұлына баспана кілтін табыстады. Мұхтар Алғарұлы екінші топтағы мүгедек, өткен жылы баспанасы өртке оранып, бар дүниесі күлге айналған. Күдерін Алладан үзбеген арда азаматқа мешіт имамдары қолқабыс жасап, толықтай қайта баспана тұрғызуға атсалысқан. Қасиетті қадір түнінде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры «Ел үлесі - пәтерге» жобасымен 808-інші, Алматы қаласы бойынша 24-інші баспана кілті Мұхтар Алғарұлына табысталды. Қаланың бас имамы Төлеби Оспан ұйымдастырушы «Әбу Бәкір» мешітінің бас имамы Бақытжан Көптілеуов пен демеуші азаматтарға алғысын жеткізді.