КӨРЕАЛМАУШЫЛЫҚТАН САҚТАН
Бұрынғы өткен ғұламалар: «Көреалмаушылық аспандағы ең алғашқы жасалған күнә. Ібіліс Адам (ғ.с.) пайғамбардың мәртебесі мен дәрежесіне іштарлық етті. Сонымен бірге, жер бетінде де ең әуелі жасалған қылмыс пен күнә көреалмаушылықтың салдарынан болды. Адам (ғ.с.) ұлдары бірін-бірі іштарлық кесірінен өлтірді», - деген.
Зубайр бин Аууам (р.а.) жеткізген хадисте:
دَبَّ إِلَيْكُمْ دَاءَ الْأُمَمِ قَبْلَكُمْ: الْحَسَدَ وَ الْبَغْضَاءَ. والَّذِي نَفْسَ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ لا تُؤْمِنُوا حَتَّى تَحَابُّوا أَوَ لا أُنَبِّئُكُمْ بِشَيءٍ إِذَا فَعَلْتُمُوهُ تَحَابَبْتُمْ؟ أَفْشُوا السَّلاَمَ بَيْنَكُمْ
«Сендердің бойларыңда әуелгі үмметтердің дерті – көреалмаушылық пен ашу-ыза дендеп барады: Мұхаммедтің жаны уысында болған Алламен ант етемін, бір-біріңді жақсы көрмейінше кәміл иманды болмайсыңдар. Сендерге бір-біріңді жақсы көргізетін істі айтайын ба? Өз араларыңда сәлемді дауыстап беріңдер» (Ахмад, Термизи), - делінген.
Мұсылман қызыға қарайды, бірақ көреалмаушылық танытпайды. Ал, екіжүзді адам көреалмаушылық жасайды, ол қызыға қарауды білмейді.
Іштарлық пен көреалмаушылық пәни дүниемен түйдей құрдас. Әлмисақтан бері адамзаттың көлеңкесіндей бір елі ажырамай келеді. Жер бетінде алғашқы қан төгіске себеп болған да – бауырлар арасындағы көреалмаушылық. Іштарлық Іблістің Алла Тағала мейірімінен қуылуына итермеледі. Адамзатпен мәңгі дұшпан етті. Адамның жақсы қасиеті кемеліне жетіп, Құдайдың берген дарыны ұлғайған сайын, оны көрген әрбір кемшілігі бардың жүрегі сығылып, тынысы тарылады. Кісінің қуанышын көре алмайды. Жетістігі ұйқысын қашырып, мазасын алады. Салдарынан көңілінде жасырын ашу-ыза туады. Көреалмаушының өзегін өртеген от, кісі жақсылығынан айырылса ғана сөнеді.
Әбу Һұрайра (р.а.) риуаяты:
إِيَّاكُمْ وَالْحَسَدَ فَإِنَّ الْحَسَدَ يَأْكُلُ الْحَسَنَاتِ كَمَا تَأْكُلُ النَّارَ الْحَطَبَ
«Көреалмаушылықтан сақ болыңдар. Өйткені, көреалмаушылық адамның ізгі-сауап амалдарын от (ағаш) отынды жандырып жібергендей жоқ етеді» (Әбу Дәуіт).
Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Кімнің Алла берген бір нығметі болса, оған бір көреалмаушы іштар табылады. Тіпті, мін мен айыптан бойы таза адамға да тырнақ астынан кір іздеуші біреу табылады...», - деген екен.
Бағдат шаһарында болған оқиға. Досына «бұл қаладан көшіп кеткім келеді» дейді бір кісі. «Неге?»,- десе, «көрші-қолаң ылғи іштарлық етеді. Көре алмайды»,- дейді. Үйі қарапайым, адам қызығатындай ешбір бұйымы да, малы да жоқ. Досы аң-таң. Сонда міне қара да тұр, деп көршілері еститіндей етіп, даусын шығарып: «Қош болыңдар! Мұсылмандар әміршісі мені және пәленше мен түгеншені жазаға кесті»,-деп, қаладағы абыройлы екі-үш кісінің аты-жөнін қосып айтады. Сонда, көршісі: «Ей, оңбаған! Неге сені олармен бірге жазалайды?»,- деген көрінеді. Сонда кісі досына: «Көрдің бе, олар менің ығай мен сығай қатарында жазалануымның өзін қош көрмейді»,- дейді.
Хариса бин Нұғман (р.а.) риуаят етеді:
ثَلاثٌ لازِمَاتٌ لأُمَّتِي : الطِّيَرَةُ ، وَالْحَسَدُ ، وَسُوءُ الظَّنِّ ، فَقَالَ رَجُلٌ : فَمَا يُذْهِبُهُنَّ يَا رَسُولَ اللهِ مِمَّنْ كُنَّ فِيهِ ؟ قَالَ : إِذَا حَسَدْتَ فَاسْتَغْفِرْ ، وَإِذَا ظَنَنْتَ فَلاَ تَحَقِّقْ ، وَإِذَا تَطَيَّرْتَ فَأَمْضِهِ
– Үш нәрсе менің үмметіме жабысып жүреді: бал ашу, көреалмаушылық және жаман ой, - деді Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Сонда біреу:
– Уа, Алланың Елшісі! Ол жамандықтардан қалай құтылуға болады? - деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер көреалмаушылық жасасаң, Алладан кешірім сұра. Жаман ой келсе, оны қазбалама. Бал ашып қойсаң (білместікпен), соған қарай әрекетіңді жасай бер, - деп жауап берген екен» (Табарани).
Әли (р.а.): «Көреалмаушыда – тыныштық жоқ, күйгелекте – бауыр жоқ, мінезі жаманның – досы жоқ», - деген екен.
Мұғауия (р.а.): «Барлық адамның көңілін тауып, риза ете аламын. Тек көрелмаушының көңілін таппадым. Өйткені, оның көңілі тек кісіге берілген нығметтің кетуімен көншиді...», - деген екен.
Сахабаларының бірі бір жолдасын жақсы көретінін айтқан кезде Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Бар да, жақсы көретініңді өзіне айт» деген. Жолдастарымыз туралы тек жақсы сөздер айтатын болсақ, олар да бізге теріс әрекет жасамайды.
Тілімізді ғайбаттан сақтау үшін егер бар болса қызғаныш ауруын анықтап, оны емдеу жолдарын қарастыру керек. Бұл емдеу ісінде қаншалықты табысты болсақ, ғайбат мәселесінде де соншалықты оң нәтижеге қол жеткіземіз. Раббым баршамызды рухани кеселдерден сақтасын!
Түрксіб мешітінің имамы
Сансызбаев Қанат