ТӘРТІПСІЗДІК – БҮЛІККЕ, ТӘРТІП БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алла Тағала бұл шексіз ғаламды ешқандай кемшіліксіз, таңғажайып бір тәртіппен әрі мүлтіксіз дәлдікпен жаратты. Егер біз айналамызға зер салып, ақыл көзімен ой жүгіртетін болсақ, әрбір жаратылыстың мейлі ол көк аспандағы алып жұлдыз болсын, мейлі жердегі кішкентай құмырсқа болсын бәрінің де өз орнында, өз жүйесімен қызмет етіп тұрғанын көреміз. Жаратушы Алла қасиетті Құран Кәрімде:
لَا الشَّمْسُ يَنبَغِي لَهَا أَن تُدْرِكَ الْقَمَرَ وَلَا اللَّيْلُ سَابِقُ النَّهَارِ وَكُلٌّ فِي فَلَكٍ يَسْبَحُونَ
«Күннің айды қуып жетуі лайықсыз, сондай-ақ түннің күндізді басып озуы да мүмкін емес. Әрқайсысы өз жолымен көк кеңістігінде жүзіп барады», – деген («Ясин» сүресі, 40-аят).
Бұл аят – ғаламдық тәртіптің заңы. Имам әл-Қуртуби (Алла оны рақымына алсын) өзінің тәпсірінде осы аятқа қатысты ғұламалар түрлі пікірлер айтқандығын келтіреді: «Кейбір ғалымдардың пікірінше: Күн мен Айдың әрқайсысының өзіне ғана тән билігі (ықпал ету аймағы) бар. Алла Тағала Өзінің алдын ала белгілеген ұлы жүйесін тоқтатып, Күн батыстан шыққанға дейін, олардың бірі екіншісінің шекарасына кіріп, билігін (қызметін) тартып ала алмайды», – деп айтқан.
Алла Тағала әлемді «نظام» (низам) жүйемен, қатаң тәртіппен жаратқан. Егер аспан жүйесі бір сәтке тәртіптен шығып, бірінің шекарасына бірі басып кіретін болса, ғаламда қайшылық орнап, тіршілік тоқтар еді. Дәл сол сияқты, адамзат қоғамы да – үлкен бір жүйе. Егер қоғамдағы рухани және әлеуметтік тәртіп, яғни әділдік, заңға бағыну мен әдеп бұзылса, ол қоғам рухани тұрғыдан күйрейді.
Жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деуінде үлкен мән-мағына бар. Тәртіп бұзылған жерде «бүлік» басталады. Ал бүлік – берекенің қас жауы. Күн мен Айдың тәртібінің бұзылуы – физикалық әлемнің соңы болса, адамдар арасындағы тәртіптің бұзылуы – адамгершілік пен берекенің тоқтауы деген сөз.
Бірінші: тәртіп – иманның айнасы
Көптеген адамдар «тәртіп» дегенді тек қағаздағы заңдар немесе сыртқы шектеулер деп түсінеді. Алайда, мұсылман үшін тәртіп – бұл иманның жемісі және құлшылықтың ажырамас бөлігі. Ислам – тәртіпсіздікке қарсы дін. Біздің әрбір құлшылығымыз адамды жүйеге баулитын үлкен тәрбие мектебі. Айталық:
- Намаз – уақыт пен жинақылықтың мектебі
Күніне бес рет оқылатын намаз – мұсылманның тәулік бойғы уақытын ретке келтіретін жүйе. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ الصَّلَاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَّوْقُوتًا
«Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда парыз етілді», – деген («Ниса» сүресі, 103-аят).
Намаз бізге ең алдымен уақытқа, тәртіпке деген жауапкершілікті үйретеді. Сонымен қатар, намаздағы әрбір қимылдың өз кезегімен, имамға ұйып атқарылуы бізді жүйеге бағынуға тәрбиелейді. Имамнан озып кетпеуді, өзгенің алдын кесіп өтпеуді үйренген адам қоғамда да тәртіпті сақтайды.
Мешіт ішіндегі осы жинақылық пен тәртіпті сыртқы өмірге, жұмысқа, отбасы мен қоғамдағы жауапкершілікке ұластыра білу – имандылықтың кемел көрінісі. Намазда сап түзеп тұрып, өмірде қисық жолға түсу – құлшылықтың мәнін түсінбеу деген сөз. Сондықтан тәртіпті адамның өмірінде әрдайым береке болады.
- Ораза – ішкі тәртіп пен нәпсіні тізгіндеу мектебі
Тәртіптің ең қиын түрі – сыртқы заңдарға бағыну емес, адамның өз ішкі дүниесіне, өз нәпсісіне тәртіп орнатуы. Өйткені қоғамдағы кез келген тәртіпсіздік пен бүліктің төркіні адамның өз қалауын, өз нәпсісін тыя алмауынан басталады. Осы орайда, Ораза құлшығы – мұсылманды ішкі тәртіпке тәрбиелейтін теңдессіз мектеп.
Ораза ұстаған адам ас-судан белгілі бір уақытқа, яғни таң сәресінен ақшамға дейін тыйылады. Бұл жердегі ең маңызды тәртіп – уақытқа бағыну. Ауызашар уақыты келмей тұрып, бір жұтым су ішпеу – адамның өз еркін Алланың әміріне, яғни «иләһи тәртіпке» толық бағындыруы деген сөз. Сол үшін оразада адам өзін-өзі бақылауды үйренеді. Егер адам асқазаны мен өз қалауына ие болып, оны тәртіпке келтіре алса, ол адам өмірдің өзге сынақтарында да заң мен әдеп шеңберінен шықпайтын болады.
Демек, ораза бізге мінездің тәртібін үйретеді. Қоғамдағы бүлік, ұрлық, қиянат пен әділетсіздік – нәпсісіне ие бола алмаған адамдардың ісі. Ал ораза арқылы нәпсісін тізгіндеген мұсылман айналасына тек тыныштық пен береке таратады. Яғни өз нәпсісіне тәртіп орната алмаған адам, қоғамда да тәртіпті сақтай алмайды. Ораза бізді «қалағанымды істеймін» деген бейберекеттіктен құтқарып, «Алланың разылығы үшін шекараны сақтаймын» деген жауапкершілікке тәрбиелейді. Осы ішкі рухани тәртіп мұсылманның бойында тұрақтап, мешіттен тыс өмірде де, оның өмірлік ұстанымына да айналуы тиіс.
- Қажылық – миллиондаған адамдардың бірізділігі мен тәртібінің көрінісі
Миллиондаған адамның бір уақытта, бірдей киіммен (ихрам), бір бағытқа қарай бет алуы – исламдағы ғажайып тәртіптің көрінісі. Онда ешқандай бейберекеттікке жол жоқ, тек белгіленген заңдылықтар орындалады. Бұл мұсылман үмбетінің тәртіп пен жүйелілікке негізделгенін көрсетеді.
Екінші: тәртіпсіздік – бүліктің бастауы
Ғаламдағы Күн мен Айдың қозғалысы қалай мүлтіксіз болса, адамзат қоғамы да белгілі бір ережелер мен тәртіпке бағынғанда ғана береке табады. Тәртіп жоқ жерде «бүлік» (фитна) басталады. Тарқатып айтар болсақ:
- Бүліктің қаупі мен зардабы
Бүлік – халықтың арасына іріткі салу, өтірік ақпарат тарату, орнаған тыныштықты бұзу. Оның зардабы – кез келген қақтығыстан да ауыр. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ
«Әсілі (елдің шырқын бұзатын) бүлік – кісі өлтіргеннен де бетер», – деген («Бақара» сүресі, 191-аят).
- Қоғамдағы үш кесел
Хакім Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің», – дейді.
Надандық – ақиқаттан қашу. Надан адам өз ісінің салдарын аңғармай, өзіне де, өзгеге де зиян шектіреді.
Еріншектік – жауапкершіліктен қашу. Ол адамды қоғам алдындағы міндеттерінен алыстатады.
Залымдық – осы екеуінің шегіне жеткен тұсы. Өз мүддесі үшін өзгеге қиянат жасау – қоғам тыныштығын бұзатын ең ауыр кесел.
Зұлымдық алдымен адамның ішкі ниетінен басталады. Сондықтан хакім Абай адам баласын өз ішкі дүниесін таразылауға шақырған.
- Бұзғыншылықтан тыю Алланың бұйрығы
Ар мен имандылықтың көрінісі қоғамға тәртіпсіздік жасамаудан тұрады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَإِذِ اسْتَسْقَى مُوسَى لِقَوْمِهِ فَقُلْنَا اضْرِب بِّعَصَاكَ الْحَجَرَ فَانفَجَرَتْ مِنْهُ اثْنَتَا عَشْرَةَ عَيْنًا قَدْ عَلِمَ كُلُّ أُنَاسٍ مَّشْرَبَهُمْ كُلُوا وَاشْرَبُوا مِن رِّزْقِ اللَّهِ وَلَا تَعْثَوْا فِي الْأَرْضِ مُفْسِدِينَ
«Бір кездері Мұса қауымы үшін су іздеп, Аллаға жалбарынған еді. Сонда Біз оған: «Аса-таяғыңмен тасты ұр», – дедік. Сол сәтте тастан он екі бұлақ атқылады. Әр ру өзінің су ішетін бұлағын біліп алды. Сөйтіп оларға: «Алланың берген ризығынан ішіп-жеңдер, жер бетінде лаң салып, бұзғыншылық жасамаңдар», – деп бұйырдық», – деген («Бақара» сүресі, 60-аят).
Сондықтан мұсылман кекшілдік пен бұзғыншылыққа жол бермей, кешірім мен дұрыс мәміле орнатуы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَجَزَاءُ سَيِّئَةٍ سَيِّئَةٌ مِّثْلُهَا فَمَنْ عَفَا وَأَصْلَحَ فَأَجْرُهُ عَلَى اللَّهِ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الظَّالِمِينَ
«Жамандықтың қарымы – істелген жамандықпен тең болмақ. Ал енді кімде-кім (жамандықты) кеше білсе һәм мәмілеге келсе, ондай жанның сауабын Алланың Өзі береді. Шүбәсіз, Ол залымдарды жақсы көрмейді», – деген («Шура» сүресі, 40-аят).
Жер бетіндегі тыныштықты сақтау – әрбір ізгі жанның міндеті. Тәртіп бар жерде – береке, тәртіпсіздік бар жерде – қасірет болары белгілі. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلَا تُفْسِدُوا فِي الْأَرْضِ بَعْدَ إِصْلَاحِهَا وَادْعُوهُ خَوْفًا وَطَمَعًا إِنَّ رَحْمَتَ اللَّهِ قَرِيبٌ مِّنَ الْمُحْسِنِينَ
«Жер бетін түзеп, жөнге келтіргеннен кейін, онда бүлік шығарып, бұзғыншылық жасамаңдар. Одан қорқып әрі мейірімінен үміт ете отырып дұға етіңдер. Шүбәсіз, Алланың рақымы ізгі жандарға өте жақын», – деген («Ағраф» сүресі, 56-аят).
Үшінші: қоғамдық тәртіп – ынтымақ пен бірліктің негізі
Жоғарыда айтылған ғаламдық жүйе мен рухани тәрбие адамды бір ғана мақсатқа, яғни жауапкершілікке жетелейді. Өз нәпсісін тәртіпке келтірген мұсылман қоғамда да тәртіптің үлгісі болуы тиіс.
- Басшыға бағыну
Ислам діні қоғамдағы тәртіпті сақтау үшін басшыға, белгіленген ортақ заңдарға бағынуды міндеттейді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنكُمْ...
«Уа, иман келтіргендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар және өз араларыңнан болған басшыларыңа бағыныңдар...», – деген («Ниса» сүресі, 59-аят).
Бұл аят қоғамдағы бейберекетсіздік пен тәртіпсіздіктің алдын алудың басты жолы жүйеге бағыну екенін көрсетеді. Басшыға бағыну – еліміздің тұтастығын, ал заңды сыйлау халықтың тыныштығын қамтамасыз етеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
مَن أطَاعَنِي فقَدْ أطَاعَ اللَّهَ، ومَن عَصَانِي فقَدْ عَصَى اللَّهَ، ومَن يُطِعِ الأمِيرَ فقَدْ أطَاعَنِي، ومَن يَعْصِ الأمِيرَ فقَدْ عَصَانِي
«Кім маған бағынса, расында, ол Аллаға бағынғаны. Кім маған қарсы келсе, расында, ол Аллаға қарсы келгені. Ал, кім басшыға бағынса, маған бағынғаны, кім басшыға қарсылық танытса, маған қарсы келгені», – деген (имам Бұхари).
- Өзгенің құқығын құрметтеу
Нағыз тәртіп – өз еркіндігің өзгелердің құқығы басталған жерде аяқталатынын түсіну. Қоғамдық орындарда, көшеде, тіпті көршілермен қарым-қатынаста белгіленген ережелерді сақтау – бұл мұсылманның әдебі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің соңғы құтпасында:
فإنَّ دِمَاءَكُمْ، وأَمْوَالَكُمْ، وأَعْرَاضَكُمْ، علَيْكُم حَرَامٌ، كَحُرْمَةِ يَومِكُمْ هذا، في شَهْرِكُمْ هذا، في بَلَدِكُمْ هذا
«Расында, сендердің қандарың, мал-дүниелерің және ар-намыстарың бір-біріңе осы қасиетті қалада, осы қасиетті айда, осы қасиетті күндей қастерлі (қол сұғуға тыйым салынады)», – деп ескерткен (имам Бұхари).
Қисса
Имам Әбу Ханифаның бір етікші көршісі бар еді. Ол күндіз жұмыс істеп, түнде үйіне оралғанда ішімдікке салынып, айғай-шу шығарып, мазаны алатын. Ол өзінің өмірге деген өкпесін: «Олар мені ескерусіз қалдырды-ау! Қиын-қыстау күні, қамал бұзар шағымда керек болатын нағыз ерді қор қылды-ау!» – деп айғайлап, әнге салатын.
Бұл – қоғамдық тәртіпті бұзу еді. Көршілердің тыныштығын алу, бейпіл сөйлеу – тәртіпсіздіктің белгісі. Алайда Имам Әбу Ханифа оның бұл тәртіпсіздігіне сабырлық танытатын. Имам түні бойы құлшылық жасайтын жан болса да, көршісінің айғайына кешіріммен қарап, оның дауысын әр түні естіп жүретін.
Имам Әбу Ханифа түні бойы нәпіл намаз оқып, құлшылық жасайтын еді. Бірде Имам көршісінің дауысын естімей қалады. Оның жағдайын сұрастырғанда: «Оны бірнеше күн бұрын түнгі күзетшілер ұстап әкетіп, зынданға тастапты», – деген жауап алады. Ертесіне Имам таң намазын оқып болған соң, қашырына мініп, қала әмірінің сарайына барады. Оның келгенін естіген әмір:
- Оған рұқсат беріңіздер! Аттан түсірмей, тіпті сарай ішіндегі кілемге дейін ат үстінде кірсін, – деп бұйырады.
Әмір оған құрмет көрсетіп, қасынан орын ұсынады да:
- Бұйымтайыңыз не? – деп сұрайды.
Сонда Имам:
- Түрмедегі көршім үшін араша түсуге келдім, – дейді.
Сонда әмір:
- Оны босатыңдар! Тіпті онымен бірге сол түні ұсталғандардың барлығын да босатыңдар! – деп пәрмен береді.
Олар зынданнан шығарылады. Әбу Ханифа алда, ал етікші жігіт соңында жаяу ілесіп келе жатқанда, Имам оған бұрылып:
- Уа, жігіт! Біз сені шынымен ескерусіз қалдырдық па? – деп сұрайды. Жігіт:
- Жоқ, керісінше, сіз маған жәрдем бердіңіз, көршілік ақымды өтедіңіз. Көрші ақысына көрсеткен құрметіңіз үшін Алла сізге жақсылық жазсын! – деп жауап береді.
Сол оқиғадан кейін әлгі адам ішімдікті тастап, тәубеге келеді және бұрынғы істеріне ешқашан қайтып оралмайды.
Қиссадан ғибрат:
- Тәртіп – жүректің айнасы
Нағыз тәртіп – сыртқы бақылаудан немесе жазадан қорыққанда емес, ішкі ұят пен иман оянғанда орнайды. Көршісін зындан түзей алмады, бірақ Имамның мейірімі оның жүрегін жібітті. Қоғамды жақсартқың келсе, адамды жазалаудан бұрын, оның жүрегіне жол тап.
- Мейірім – тәртіптің ең қуатты құралы
Кейде бір ауыз жылы сөз бен көрсетілген жанашырлық мыңдаған заң мен қатал тыйымнан да асып түседі. Имам Әбу Ханифа көршісінің қателігін бетіне баспады, керісінше, оны қадірлейтінін ісімен көрсетті. Адам өзін қадірлі сезінген жерде, тәртіпсіздікке бармайды.
- Көрші ақысы – қоғам тыныштығы
Қоғамдық тәртіп үлкен заңдардан емес, екі көршінің арасындағы сыйластықтан басталады. Егер әрбір мұсылман өз көршісінің ақысын Имам Ағзамдай күзетсе, көшеде айғай, елде бүлік, жүректе кек болмас еді. Тәртіптің іргетасы – көршіңмен татулықта.
- Басшының кемеңгерлігі – бүліктің алдын алу
Имам Әбу Ханифа – елдің рухани ұстазы еді. Ол «тәртіпсіз көршіден құтылдым» деп қуанған жоқ, «бір бауырымды қалай құтқарам?» деп алаңдады. Нағыз жанашыр – адасқанды шеттетпейтін, керісінше оны қолтығынан демеп, қоғамның қатарына қайта қосатын тұлға.
- Сөз бен істің бірлігі
Имамның: «Біз сені ескерусіз қалдырдық па?» деген бір ауыз сұрағы, жігіттің бүкіл өмірін өзгерткен ұлы тәрбие. Тәртіпсіздікті тоқтату үшін ұзақ түсіндірулердің орнына, кейде уақытында көрсетілген шынайы қамқорлықтың жеткілікті болуы әбден мүмкін.
Құрметті жамағат!
Тәртіп бар жерде – береке, тәртіпсіздік бар жерде – қасірет бар. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», – деген. Егер әрбіріміз өз нәпсімізді тізгіндеп, аманатқа адал болып, заң мен әдеп шеңберінен шықпасақ, қоғам тыныштықтың мекеніне, берекенің ұясына айналады.
Алла Тағала елімізге тыныштық, жұртымызға амандық, иманымызға қуат бергей! Жер бетінде бүлік шығарудан, өзгеге зұлымдық жасаудан сақтасын. Имандылық жолы баршамызды әрдайым ізгілік пен тәртіптің жолына бастасын.