ДӘСТҮРДІҢ ОЗЫҒЫ МЕН ТОЗЫҒЫ БАР
Дін мен дәстүр екі бөлек пе?
Жаратушы Алла тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлт-ұлыстарға, ру-тайпаларға бөлдік. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуа болғандарың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы». (Хужурат сүресі, 13-аят) Алла тағала бұл аятта «... бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлт-ұлыстарға бөлдік ...» деп тұр. Ұлттар өзара бірін-бірі қалай таниды? Олар бір-бірін ерекшеліктері мен құндылықтары арқылы таниды. Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.
- Дәстүрдің (ғұрыптың) ислам фиқһ саласындағы орны
Ислам шариғатының негізгі қайнар көздері – Құран Кәрім, Сүннет, ижмағ және қияс. Ислам ғұламалары бұларды бір ауыздан шариғаттың дерек көздері ретінде қабыл еткен. Бұлардан бөлек ғалымдардың кейбіреулері келіспейтін бірқатар дереккөздер де бар. Олар – мәсілихал-мурсала, ихсан, әдет-ғұрып және алдыңғыларының шариғаты сияқты дереккөздер. Ислам пайда болған күннен бастап фиқһ және фиқһ әдістерінде әдет-ғұрыптың маңызы өте зор. Ғалымдардың әдет-ғұрыпқа қатысты пікірлері әрі қызығушылығы шариғатта дәлел болатыны және бұл оның позициясы тұрғысынан да маңызды. Ескерілуі қажет болған әдет-ғұрыптың ең маңызды ерекшелігі, ислам заңдарының беделін және жарамдылығын қамтамасыз етуінде. Осы себептен де, әдет-ғұрып ислам шариғатында бір дәлел ретінде қабыл етілген. Мысалы, Имам Малик өзінің пәтуаларында Мадина халқының әдет-ғұрыптарына көп сүйенетін. Ал, ханафи мазхабында Әбу Ханифаның пәтуасына оның шәкірттерінің пәтуалары бір қарағанда қайшы келетін тұстары болды. Оның сыры Әбу Ханифа өз заманының әдет-ғұрпына ал, шәкірттері өз заманының ғұрпына сүйенді. Мәселен, Әбу Ханифа куәлік мәселесінде жаза және кек алу мәселесінен басқа жағдайда куәлардың сырты әділдігімен шектелді. Өйткені, хадисте: «Мұсылмандар бір-біріне тең»,-деген сөзін басшылыққа алды. Бұл үкім сол заманға сай болды. Өйткені, қоғамның басым бөлігін ізгі адамдар құрады.
Діннің озығын қалай білеміз, тозығын қалай танимыз?!
Ақ пен қараны ажырата білген бабаларымыз жақсыны алып, жаманын тастап, уақыт пен ұлттық иммунитет сүзгісінен өткізіп, осы уақытқа дейін ғасырлар бойы саралап ең тиімдісін жастардың бойына сіңіріп, болашаққа мұра етіп отырған. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Бірақ кейбір салттардың шығу тарихы беймәлім және қоғамға аса бір пайдасы жоқ, қала берсе әлеуметтік тұрғыдан қиындау салттар да бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. «Той Құдайдың қазынасы» деп той жасаудан жарысып жатады. Көбіне көп тойлар қарызға барып жасалады. Мұның халыққа керегі бар ма? Дүркіретіп той өткізіп, артынан жоқшылық көріп отырудың не керегі бар? Көрпеңе қарай көсіл демекші, жасау керек боп тұрса шағын ғана етіп жасап, ертеңгі де күнді ойлаған дұрыс емес пе? Ал, енді қазақтың көптеген өнегелік және тәрбиелік мазмұнға ие керемет салт-дәстүрлері бар. Мұндай әдет-ғұрыпты жастарға насихаттау сіз бен біздің міндетіміз. Біз діни тұрғыдан, ал тіл мен этнография мамандары ол салттардың шығу тарихы мен мұрат-мақсатын жіті түсіндіру керек. Әйтпесе, ауылдан алыс өскен немесе қазақи ортадан оқшауланып өскен жастар түсінбегендіктен әдет-ғұрыпқа шекесімен қарауы мүмкін.
- Дәстүр мен діннің қоғамдағы миссиясы қандай?
«Келіңдер, Алла тыйым салған нәрселерді оқып берейін, – де, Аллаға ешнәрсені теңдестірмеңдер, ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Кедейлікті күйттеп, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларға да, сендерге де ризық береміз. Ашық түрде болсын, жасырын болсын – жаман қылыққа жуымаңдар. Аллаһтың әміріне қиянат жасап, нақақ адам өлтірмеңдер...» Әнғам сүресі 151; «Зинаға жуымаңдар, себебі ол – анық азғындық, өте жаман жол» Исра сүресі; «Көздерің жетпеген нәрсені (біреудің кемшіліктерін) тіміскілемеңдер» Исра сүресі; «Кеуде керіп өркөкірекке салынба»; «Аллаһ зинаға, жаман әрекеттерге, азғындыққа тыйым салады», – деген Алланың мұсылман қауымына бұйрықтары көп. Осылайша Алла Расулы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранның басшылығымен қоғамда түсінбеушілік тудыратын іс-әрекеттерді жойып, бәрі бір-бірімен тең, әрі бауыр саналатын, ауқаттылары кедейлерін қамқорлығына алып, жәрдемдесетін, бір-бірінің ақысын жемейтін қоғам құрды. Бұл қоғамның негізгі мақсаты – салиқалы, игілікті, ізгі амалдар жасап, әділеттілікті орнату және жамандықты жою. Қазақтың шоқ жұлдызы Ш. Уәлиханов этнограф ғалымымыздың дәстүрдің, ата сөзінің маңыздылығы туралы айтқан сөзі қазақ қоғамындағы маңыздылығы мен миссиясын көрсетеді: Қазақтың кең даласында бір түрмесі болмаған қоғамда жұртбұзар адамы мен жастарын ақсақалдар мен билердің бір сөзімен тиып, жөндеп отырған. Ұлттық сана дегеніміздің өзі де әр адамның жеке азаматтық санасы сияқты, әр ұлттың өз тіршілігін өзі бағдарлауы, өзінің барар жерін, шығар биігін өзі белгілеуі, өзінің алдына өзі мақсат қоя білуі деп түсінеміз. Осыған орай Қазақтың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаев айтқандай, «дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар». Ендеше оның бойындағы қазір қол байлау болатындай қасиеттерді жағдайға ыңғайлап жетілдіріп, ал бұрын жасампаздығын жағдай болмағандықтан таныта алмай келген жақсы қасиеті мен тәрбиелік мәні бар дәстүрімізді қайтадан жаңғыртып, жарқыратып аша түсуді қолға алған жөн деген ойдамыз. Дәстүрдің озығы мен тозығы деген осы шығар, бәлкім, тозығы дегеніміз жойылуы емес, қайта жаңғырып қолдануы шығар..?!
- Дін мен ділді даму жолына жаратсақ ...?!
Дін мен ділдің біртұтастығы халықтың рухани саулығын қамтамасыз ететін үлкен күш. Дін адамға екі дүние де дұрыс өмір сүрудің, Хақтың разылығына бастайтын ереже-қағидаларды қамтыған иләһи бұйрықтар мен тыйымдар жиынтығын құраса, діл – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен салт-дәстүрін, ментилитеті мен әдет-ғұрыптарын, тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктері мен өзіндік ойлау жүйесін, жан дүниесін, адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән, нақтылы тарихи-мәдени ортада қалыптасқан мінез-құлық пен іс-әрекеттердің біркелкі сипатын білдіреді. Бүгінгі күні дін жанашырларының алдында тұрған міндет – осы екеуінің біріккен тұсын таба біліп, халыққа діннің де, дәстүрдің де ортақ тіл табысатын игіліктерін ашып көрсету болып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың «Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылы халыққа Жолдауындағы мына сөздері мысал бола алады: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» дегені өзекті мәселе.
Ал Ақмолла ақын:
«Жарар еді өзімізді қарасақ біз,
Ғылымның керегіне жарасақ біз.
Ғылымды ғибадатқа ат қылып мініп,
Көбірек тәпсір, хадис қарасақ біз», - деп хадистерді оқуға, ғылым үйренуге шақырған.
Сөз соңы ғасырлар бойы қалыптасып, халқымыздың жүрегіне бекіген ислам сенімі мен тамыры терең дәстүрдің егемендігіміздің нығаю мен еліміздің дамуына қосар үлесі көп. Бұл екі үлкен күштің тамыры жоқ таяз тұжырымдар мен сыртқы әсерлермен шайқалмасы анық
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Құран Кәрім
- Хадис - ғұрпымыз, cүннет – салтымыз. Ш.Әділбаева
- Дін мен Діл. Қ.Жолдыбайұлы
- Ана тілі электронды журналы.
- Қазақ энциклопедиясы, 7-том
- Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша. Е. Арын
- Фәтуа.кз
"Ибраһим" мешітінің бас имамы
Ермек Көкірекбаев