АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІНДЕ - ИМАНДЫЛЫҚ ПЕН ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ КӨРІНІС ТАБУЫ
Қазақ халқы ежелден ас беруді адамгершілік пен имандылықтың айғағы санаған. Ас беру – жай ғана дастарқан жайып, ел жинау емес. Бұл – марқұмды еске алып, рухына дұға бағыштау, ағайынның басын қосу, елдің бірлігін бекемдеу және кейінгі ұрпаққа тағылым қалдыру дәстүрі. Оның қадірі дастарқанның молдығымен немесе жұмсалған қаржының көлемімен емес, шынайы ықылас, ақ ниет, ізгі амал және ысыраптан аулақ болумен өлшенеді.
Бүгінде ас беру мәдениетін шариғат талаптары мен ата-баба аманатына сай қалыптастырудың маңызы зор. Себебі орынсыз бәсеке, шамадан тыс мал сою, тағамды мөлшерден тыс әзірлеу және елге көрсету үшін шығындану дәстүрдің түпкі мәніне көлеңке түсіреді.
Ысырап – шариғат құптамайтын іс
Ислам адамды үнемшілдікке, қанағатқа және берілген нығметті қадірлеуге үндейді. Құранда: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят), – делінген.
Тағы бір аятта: «Расында, ысырап етушілер – шайтандардың бауырлары» («Исра» сүресі, 27-аят), – деп ескертіледі. Ал ізгі жандардың сипаты: «Олар мал жұмсаған кезде ысырап та етпейді, сараңдық та қылмайды. Екеуінің ортасында орта жолды ұстанады» («Фұрқан» сүресі, 67-аят), – деп баяндалады.
Демек, ас беру кезінде мүмкіндікті ескеріп дастарқан жаю, қарызға батпау, отбасының жағдайын таразылау және тағамның зая кетуіне жол бермеу қажет.
Хадистердегі ысыраптан сақтану өсиеті:
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нығметті қадірлеп, мал-мүлікті рәсуа етпеуге шақырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеңдер, ішіңдер, киініңдер және садақа беріңдер. Бірақ ысырапшылдық пен такаппарлыққа жол бермеңдер» деген (Имам Насаи, зәкет, 66).
Адамның маңдай терімен тапқан табысы – аманат. Сондықтан оны орынсыз шашпай, игілікке жұмсаған жөн. Жақсылықтың өлшемі тек көп қаржы жұмсаумен шектелмейді. Асқа бөлінген қаражаттың бір бөлігін мұқтаж жандарға, жетім-жесірге немесе қайырымдылыққа бағыттау – сауапты амал.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуіріндегі қонақ күту дәстүрі қарапайымдылықпен, жомарттықпен және мұқтаж жанды ескерумен ерекшеленген. Сондықтан ас берудің сәні – дастарқанның шектен тыс молдығында емес, адамға көрсетілген құрмет пен жасалған дұғаның шынайылығында.
Ата-баба сөзі – ұрпаққа өнеге
Қазақ халқы да ысырапты құп көрмеген. «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деген мақал барға шүкір етіп, орынсыз шығыннан сақтануға үндейді. Ал «Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар, қоймай жесең, не қалар?» деген нақыл әр істің мөлшерін білуге шақырады.
«Судың да сұрауы бар», «Обал болады» деген ұғымдар халқымызды әрбір нығметті қадірлеуге, асты төкпеуге және барды бағалауға тәрбиелеген. «Ас – адамның арқауы», «Ас атасы – нан» деген мақалдар тағамның қадірін айшықтайды. Алайда астың берекесі оның көптігінде емес, орнымен пайдаланылуында. Желінбей қалған тағамды қоқысқа тастау – нығметті бағаламаудың белгісі.
Ата-бабамыз ас беруді оқылған Құран аяттары мен берекеттену, марқұмды еске алу, туыстық байланысты нығайту және елдің ынтымағын сақтау мақсатында өткізген. Сондықтан бүгінгі ұрпақ дәстүрдің сыртқы рәсімін ғана емес, оның ішкі терең мәнін де сақтауы керек.
Ас беру мәдениетін қалай қалыптастырамыз?
Ең алдымен, ас беруді жарысқа айналдырмаған жөн. Әр отбасы өзінің көрпесіне қарай көсіліп, жағдайын ескеріп, қарызға немесе несиеге батпай, мүмкіндігіне қарай қарапайым дастарқан жайғаны дұрыс.
Екіншіден, тағам көлемін қонақ санына сай есептеу қажет. Артық қалған асты сақтау талаптарын сақтай отырып, мұқтаж жандарға таратуға болады. Бұл тағамды рәсуа етпеуге әрі өзара жәрдемді күшейтуге жол ашады.
Үшіншіден, ас барысында Құран оқылып, марқұмның рухына дұға бағышталып, ізгі сөздер айтылғаны маңызды. Қаралы отбасыға қосымша салмақ түсірмей, қолдау көрсету – мұсылмандық бауырмалдықтың айқын көрінісі.
Төртіншіден, балаларға үлкенді құрметтеу, марқұмды еске алу, нанды қадірлеу, тамақты төкпеу және мұқтаж жанға қол ұшын беру секілді құндылықтарды жастайынан үйрету қажет.
Ас беру – халқымыздың рухани өміріндегі орны бөлек, қадірлі дәстүр. Оның мәні қымбат дастарқанмен, сойылған малдың санымен немесе жұмсалған қаржы көлемімен өлшенбейді. Нағыз ас беру мәдениеті – шариғатқа және ұлттық дәстүрімізге сай әрекет ету, ысыраптан сақтану, марқұмның рухына Құран бағыштау, ел бірлігін нығайту және мұқтаж жандарды ұмытпау.
Алла Тағала Құранда: «Расында, Алла әділетті, игілік жасауды және туыстарға қарайласуды бұйырады» («Нахыл» сүресі, 90-аят), – деп ескертеді.
Ендеше, ас беру дәстүрін осы ізгілік қағидаларымен сабақтастыруымыз қажет. Ата-бабадан жеткен салтты сақтай отырып, оны ысыраптан арылту – бүгінгі ұрпақтың азаматтық әрі рухани міндеті.
Береке – астың молдығында емес, ниеттің тазалығында. Дәстүрдің қадірі – шығынның көптігінде емес, тәрбиесі мен тағылымында.
Бостандық ауданы
«Байкен» мешітінің бас имамы Құлмұхаммед қажы Пірманұлы