ӘУЛИЕЛЕРДІҢ СҰЛТАНЫ - БАЯЗИД БАСТАМИ
Аса қамқор, Ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
18 мың ғаламды жаратқан Алла тағала жердің бетін, жер қойнауын қазба байлықтарға, түрлі ғаламаттарға, сұлулыққа толтыруымен қатар, жер бетіне пайғамбарлар жіберіп, әулие адамдарды да бар еткен. Жоқтан бар етуші Ұлы Раббымыздың рухани иігілік, өзгелерге ұстаз болуын нәсіп еткен абыз, ишан, әулие құлдары өз міндеттерін орындап, елге пайдасын тигізіп отырған.
Осындай Ислам әлеміне танымал болған, әулиелердің сұлтаны атанған – Баязид Бастами. Жалпы, әулиелердің өмір тарихына қарап, олардың өмір жолымен танысып отырсаңыз, халықтан жырақ өмір сүргені, жапан дүзде өз бетінше күй кешкендері айтылады. «Әулие» сөзінің арабшадан аударғандағы мағынасы - Алланың досы, Аллаға жақын тұрушы адам, Алланың қамқорлығындағы адам, Алланың мейірімі түскен адам дегенді білдіретінін ескерсек, ол адамдардың дәрежесін осыдан-ақ байқауға болады.
Біз мақалаға арқау қылып отырған – Баязид Бастами да осындай ұлы әулиелердің қатарынан болған.
Хазреті Баязид Бистами м. 776 (х. 160) немесе м. 803 (х.188) жылы Иран өлкесі Хазар теңізінің жағалауы Бистам ауданында дүниеге келген. Оның ерекше адам болатындығы анасының құрсағында жатқанда-ақ байқала басталғандығын білуге болады. Анасы оған жүкті кезеңде күмәнді нәрселерді жейтін болса, оны шығарып тастамайынша ішінен тепкілей беретін болған екен.
Оның өмір жолындағы оқиғалар, тақуалығы, Алладан қорыққан шынайы құл болғандығын меңзейді. Өмір жолы, басынан өткен оқиғалары кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай мысалдар. Енді сол оқиғалардың бірнешеуіне тоқталсақ.
Баязид Бистами өмірінде қырық бес рет қажылыққа барған. Бір күні қажылықтардың бірінде Арафат тауында нәпсісі оған: «Ей Баязид! Жер бетінде саған тең келетін адам бар ма екен? Қырық бес рет қажылыққа бардың және мыңдаған рет Құранды бастан аяқ оқып шықтың»,- деген ой береді. Хазреті Баязид нәпсісінен келген бұл ойға қатты ренжиді. Дереу түрегеп сол жердегі жиылған қауымға қарап: «Менің қырық бес рет жасаған қажылығымды кім бір бөлік нанға айырбастайды?»,- деп сұрайды.
Сонда бір кісі басын көтеріп, «Мен аламын!»,- деп нанын ұсынады. Баязид Бистами нанды алып, сол жердегі бір иттің алдына тастайды. Ісін аяқтап біткен соң, жол дайындықтарын жасап, Рум аймағына (Анадолуға) қарай бет алады.
Және бір оқиға Хазреті Баязид Бистами жаңбырлы күні жұма намазына бару үшін үйінен шығады. Қатты жауған жаңбырдан жолдар балшық болатын.
Жаңбыр тоқтағанға дейін бір үйдің дуалына паналап тұрады. Лайға батқан аяқкиімін үйдің дуал тастарына сүртіп тазалайды да жаңбыр бәсеңдегенде мешітке қарай жүре бастайды. Бір кезде мәжусидің (отқа табынатын адамның) дуалын кірлеткені есіне түсіп өкінеді. «кешірім сұрамай, (разылығын алмай) қалай намаз оқи аласың? Біреудің дуалын кірлеткен күйде қалай Аллаһу тағаланың алдында тұрасың?» деп ойлайды.
Дереу кері қайтып мәжусидің есігін қағады. Есікті ашқан мәжуси:
- Бір бұйымтайыңыз бар ма? - деп сұрайды.
- Сізден кешірім сұрауға келдім.
- Кешірімі несі? Сізбен ешқандай сауда-саттық
жасағаным жоқ.
- Біраз бұрын сіздің дуалыңызды байқаусыз кірлеттім.
Жаңбырдың қаттылығы “құл ақысы” деген маңыздылықты ұмыттырды.
- Несі бар, бәрібір дуалым балшық ішінде, сіздің
аяғыңыздан жағылған балшықтан да келер зиян жоқ еді.
- Бірақ бұл да болса құл ақысы және иесінің разылын
алу керек. Бәрібір кір деп, менің де кірлетуіге ақым жоқ еді.
- Сізге бұл нәрсені дініңіз үйретті ме?
- Ия, дініміз және бұл діннің пайғамбары Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйретті. Сонда мәжуси «олай болса біз неге бұл дінге кірмей жүрміз?» деп мұсылман болады.
Оның өмірінде осындай ғибратқа толы оқиғалар жетерлік. Ұлы Жаратушысына әрқашан жақындай түсуге жан тәнімен, асқақ рухымен тырысқан , құл мен Жаратушысы арасында шексіз қашықтық орнап кетуінен қорқып, үнемі құлшылықта, үнемі тәубе халінде, үнемі Алланы еске алып, тақуа күйде ғұмыр кешкен Ұлы әулиелердің бірі болғандығын осыдан ақ ұғынарымыз ақиқат. Тақуалығында шек жоқ десек артық айтқандық емес.
Ол ылғи да нәпсісімен күресіп, тақуалығын арттыру әрекетімен жүретін. Жоқ болу халін үнемі дұға етіп: «Аллам! Менің мендігімді мына әлемнен босат, мендігім сенде жоқ болсын, мен арада жоқ болайын. Мен сенімен болған жағдайда барлығымен бірге болғаным деген сөз. Егер әркіммен бірге болсам, сенімен бірге бола алмаймын. Бұл сенің жолыңда ең үлкен кемшілігім мен шикілігім», дейді.
Нәпсінің қитұрқы әрекеттеріне күйініп, бірде өкініп жүрген күндердің бірінде емші-дәрігерді көреді. Баязид Бистами:
- Ей, емші! Сенде менің ауруыма дәрі бар ма? - деп сұрайды. Емші оған:
- Қандай ауру ол, қане көрсет?- дейді. - Күнә ауруы! Емші басын шайқап, «Оның дәрісін білмеймін!»- дейді.
Сол кезде қасында тұрған диуана жігіт: «Ата, сенің ауруыңның дәрісін мен білемін!» дейді. Баязид Бистами қуанып: «Айтшы қане!», дейді. Дәруіш жігіт: «Он дирхам тәубенің тамыры мен он дирхам истиғфар жапырағын ал. Бұларды жүрек ыдысына сал.Тәухид қасығымен соқ. Шүкір елегінен өткіз. Көз жасымен иле. Ғашықтықтың отына пісір. Осылайша пайда болған дәріден күніне 5 қасықтан іш. Науқасыңнан айығасың. Мұндай тапқыр жауапқа тәнті болған Баязид «Сен сияқты арифті дәруіш санап, өздерін ақылды санағандарға қандай обал!», депті.
Замандастары ол дәруішті таухид ілімі мен ақиқат іліміне байланысты айтқан уағыздарын түсіне алмағандықтан, әртүрлі кінә тағып, оны жеті рет елінен кетуге мәжбүр еткен. Бірақ, әулие ұрған оңсың ба, олардың істері оңға баспай, бастары бәлекетке тап болып отырды. Соңында ғана оның ұлықтығын мойындайды.
Міне, тақуалығы соншалықты дәрежеде болған әулиелеріміздің деңгейі осы дәрежеде болған. Осы себепті де оларды құрметті, аузы дуалы, дұғасы қабыл болғандардың қатарына жатқызған. Ислам дінінде өмірлік жолымен ғибрат болған олардың өмір жолымен таныса отырып, өзімізге сабақ аларымыз сөзсіз.
Аманқұлов Жеңісхан
Ақсай мешітінің қызметкері