Дәрістер топтамасы
23 бөлім: Мункар мен Накир періштелердің сыртқы келбеті мен сұрақтары, қабірдің қысуы және қабір азаптарына байланысты басқа да нақтылықтар (соңғы)
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын Әбу Хурайра (Алла одан разы болсын) жеткізген: "Алланың құлы қайтыс болғанда оған жасыл көздері бар, қара екі періште келеді. Бірінің аты – Мункар, екіншісінікі – Накир. Өлген кісіден екеуі былай деп сұрайды: "Пайғамбар жайлы не айтасың?" Егер қайтыс болған адам мүмин болса, ол былайша жауап береді: "Ол – Алланың құлы әрі Оның Елшісі. Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед – Оның Пайғамбары екендігіне куәлік етемін". Сонда екі періште былай дейді: "Сенің осылай айтатыныңды біліп едік". Сосын қабір жетпіс аршынға кеңейіп, іші нұрға бөленеді. Олар: "Ұйықта!" – дейді. Сонда адам айтады: "Мені қоя беріңдер, осы жайында хабар беруім үшін әйелім мен бала-шағама бір рет барып-қайтуға мұрша беріңдер". Алайда оған "Ұйықта" делінеді. Сосын ол қалыңдығын күткен күйеу жігіт ұқсап ұйықтап қалады. Ол өзінің сүйікті жары оны келіп оятқанға дейін ұйықтап жата береді. Осылайша Қиямет күні келіп, баршамыз қайта тірілгенге дейін жалғасады.
Ал егер қайтыс болған адам мұнафиқ (екіжүзді) болса, қойылған сұрақтарға ол былайша жауап береді: "Адамдар әрдайым бірдеңелерді айтып жүретін, мен олардың сөздерін еститінмін әрі оны қайталайтынмын. Ол сөздердің мағынасын бірақ мен білмеймін". Мұнафиқтың бұл жауабына періштелер: "Сенің осылай дейтініңді біз біліп едік". Сосын мұнафиқ жатқан қабірде мынадай дауыс шығады: "Мына адамның үстіне бастырылып қал!" Қабір сол кезде адамның сүйегі бір-біріне кіріп кеткенше оны қысып тастайды. Ал оның сол қабірде көретін азаптары қайта тірілетін күнге дейін, яғни Қияметке дейін жалғасады.
Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Омар ибн Хаттабқа (Алла одан разы болсын) былай деп айтқанын Ата бин Йасар жеткізген: "Уә, Омар! Сен қайтыс болғанда руластарың саған өлшеп үш аршынға татитын кебін тігіп, сосын денеңді жуып, кебінге орап, жұпар иіссу сеуіп, денеңді иықтарында тасып апарып, қабірге қойғанда, кейін үстіңнен қара топырақпен жауып көмеді де, сенімен айырылып қайтып кеткенде сен не істейсің? Өйткені сосын саған қатал екі періштелер – Мункар мен Накир келеді. Бұл – дауыстары күннің күркірегені секілді қатты шығатын, ал көздері найзағай секілді адамның жанарын алатын, өздері тым қорқынышты екі періште. Олар шаштарын жерге сүйретіп келеді де, қабірдегі барлық нәрсені төңкеріп түсіреді. Сені қатты жұлқылайды. Уә, Омар! Осындай жағдайда сен не істейсің?" Хазіреті Омар (Алла одан разы болсын) былай дейді: "Уә, Алланың Елшісі! Ол кезде қазіргідей ақыл-есім болады ма?" Алланың Пайғамбары (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Иә", - деп жауап береді. Сонда Омар (Алла одан разы болсын): "Ал ондай болса қорқатын ештеңе жоқ. Мен оларға керек жауабымды беремін", - дейді.
Бұл хадис адам қайтыс болғаннан кейін оның жаны қандай да бір өзгеріске ұшырамайды және жоғалып та кетпейтініне дәлел болады. Ал өзгеріске ұшырайтын нәрсе – адамның тәні мен оның барлық мүшелері. Осы жағдайға орай, адам барлық қайғы-қасіретті де, қуаныш-шаттықты да сезіп жатады. Демек адам бақилық болғанда оның ақыл-есі ғайып болып кетпейді. Бір нәрсені сезініп, түсіну, оны қабылдау; жағдайларды, оқиғаларды ұйғару – бұл адамның ішкі жасырын дүниесіне, жүрегі мен жанына байланысты ерекше құбылыс. Адамның ақыл-есі қандай да бір бөліктерге бөлінбейді, бөлшектенуге, ұсақталуға ұшырамайды, тіпті ол туралы сөз қозғамаса да болады. Оның үстіне, ол басқа нәрселерді қабылдайды әрі түсінеді. Адам тәнінің барлық мүшелері бөлшек-бөлшек болып ыдырап, тас-талқаны шықса да, тіпті күл болып кетсе де, біз айтып отырған сезімдік қабылдау және түйсік, яғни адамның ақылы қандай да бір бөлшектерге және атомдарға бөлініп кетпейді.
Расында, адам кемел ақыл-есінің арқасында өмір сүруін жалғастыра береді және ондағы мәңгілік болатын нәрсе – оның ақыл-есі. Осылайша адам өлген кезде де болады. Себебі адамның ақыл деп аталатын бөлшегі өлімге ұшырамайды, яғни ақыл-есі өліп кетпейді. Ақыл үшін қандай да бір жоқ болып кету немесе ғайып болу секілді түсініктер жүрмейді.
Мұхаммед бин Мункадир былай деп айтқан: "Кәпір адам қайтыс болғаннан кейін оның қабіріне бір соқыр сотқар келетіні жайлы естігенмін. Бұл соқыр жаратылыс сонымен қатар керең болады. Соқыр әрі керең осы мақұлықтың қолында ұшында түйенің өркешіне ұқсайтын ілгегі бар темір сойылы болады, ол онымен Қиямет күні келгенге дейін қабірдегі адамды соғып, әбден қинайды. Жаңағы мақұлық соқыр болғандықтан адамның қиналғандарын көре алмайды. Әрі адамның жан даусы шығып шыңғырғанын да естімейді, сондықтан оны аямастан азаптай береді".
Әбу Хурайра (Алла одан разы болсын) былай деп айтқан: "Қайтыс болған адамды қабірге қойғанда оның игі амалдары оның жан-жағынан қоршап алады. Оған бас жағынан жақындап, азаптайын делінгенде, оған қорғаушы ретінде Құран шығады да, мұны тоқтатады. Ал егер азапталу қаупі аяқ жақтан келетін болса, адам тірі күнінде оқыған намаздары оны қорғап тұрады. Егер адамның қолдары жағынан қинайын делінсе, екі қолы былай дейді: "Алланың атымен ант етеміз. Бұл адам қолдарын созып, садақа берген. Сондықтан сендерге бұл жақта да жол жоқ!" Ал егер оның аузы жағынанқауіп төнсе, Алланы зікір ету мен ораза қарсы тұрып, азаптауға жол бермейді. Сонымен қатар, намаз бен сабырлық шетте тұрып күтіп тұрады да, былай дейді: "Егер де қандай да бір жерден қауіп төнетінін сезсек, біз тез арада сол жерді барып жабамыз".
Суфьян Саури (Алла оны рахымшылығына алсын) төмендегідей айтқан: "Адам өзінің бауырын, жанұясын және бала-шағасын қалай қорғап-қорғаштайтын болса, қабірде де оның ізгі амалдары өзін солай қорғайды. Сосын оған былай делінеді: "Сенің жататын жеріңе Алла Тағала рахымшылығын төксін! Сен жолдас болған достарың қандай керемет, қасыңдағы серіктерің неткен ғажап!"
Хазіреті Хузайфа (Алла одан разы болсын) былайша айтқан: "Біз Пайғамбарымызбен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірге бір жерлеуге қатыстық. Ол қабірдің бас жағына барып отырды. Қабірге біраз уақыт қарап тұрды да, былай деді: "Мүминді қабірде оның сүйектері бір-біріне кіріп кеткенше оны қысады".
Барша мүминдердің анасы – Хазіреті Айша (Алла одан разы болсын) былай деп жеткізген: "Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқан: "Расында, қабір адамды сондай қатты қысады, егер одан кімде-кім құтылатын болса, онда Саъд бин Муаз одан құтылушы еді".
Әнас (Алла одан разы болсын) былай деп баяндаған: "Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қызы – Хазіреті Зейнеп (Алла одан разы болсын) қайтыс болды. Ол расында өте ауыр дертке ұшыраған еді. Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қара жамылып, қайғыға батқан күйі оның денесін жерлеу үшін қабірге барды. Біз Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қызының қазасына қатты қиналғанын көріп, көңіліміз әбден түсіп кетті. Қабір басына келген кезімізде, ол қабірге түскен соң оның(Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)жүзі бозарып кеткенін көрдік. Ол қайта жоғары шыққанда жүзі қайтадан өз қалпына келді. Мұндайды көрген біз одан(Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп сұрадық: "Уә, Пайғамбар! Біз сенде өзгеріс болғанын байқадық. Неліктен олай болды?" Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бізге былай деп жауап берді: "Мен қызымның қабірде қалай қысылатыны жайлы ойлап кеттім және қабір азабының қиыншылығы есіме түсіп кетті. Сондықтан да мен қабірге түстім. Маған мынадай хабар жетті: "Алла Тағала қызыңның қабірде қысылуын жеңілдетті". Бірақ жеңілдеткеніне қарамастан, бұл қысылудан шыққан айқайды жер бетіндегі жындар мен адамдардан басқаларының барлығы естиді, міне бұл сондай ауыр азап..."
Скрыть