«ҚҰРБАН АЙТ - 2026»: АЛМАТЫДА БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ӨТТІ
Бүгін Алматы қаласы Өңірлік Коммуникациялар қызметінде Құрбан айтқа қатысты брифинг өткізілді.
Брифингке Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан, спикерлер Алматы қаласы Дін істері басқарма басшысының орынбасары Әлімбек Айдарбекұлы, Алматы қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау маманы Гаухар Сұлтанқызы, Орталық мешіттің наиб имамы Руслан Қайыргелді және ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қорының Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Бауыржан Көптілеуов қатысты.
Төлеби Дәділұлы алматылықтарға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт мерекесіне орай ыстық сәлемін жеткізді. Елордада өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құрбан айт күндері 27-28-29 мамыр күндеріне тура келетінін айтқан болатын. Бүгінгі брифингте бас имам Төлеби Дәділұлы Алматы қаласы бойынша 27-мамыр күні 56 мешітте таңғы сағат 6:00-де айт намазы оқылатынын жеткізді. Құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы 12 орын бекітілгенін айтты. Сондай-ақ онлайн түрде тапсырыс берушілер үшін жылдағыдай QURBAN.MUFTYAT.KZ сайты қайта іске қосылғанын жеткізді. Құрбандық етін алуға өтініштер осы QURBAN.MUFTYAT.KZ сайты арқылы қабылданады.
Сондай-ақ бас имам Құрбан айт мерекесіне орай мешіттерде өткізілетін іс-шаралар бағдарламасымен таныстырды. Қала мешіттерінде айттық көңіл күй сыйлау мақсатында киіз үйлер тігіліп, айттық дастархан мен дәм ұсынылады. Мешіттерде балаларға айттық тәттілер таратылып, түрлі ұлттық ойындардан спартакиадалар ұйымдастырылады.
Брифинг соңында қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы БАҚ өкілдерінің Құрбан айтқа қатысты сұрақтарына жауап беріп, атаулы он рәсімдер мен іс-шараға мән беруге шақырды:
1. Зұлхижжа айының алғашқы он күніндегі игі істерді атқаруға;
2. Мерекелік айт намазына қатысуға;
3. Құрбан айт күндері мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуына;
4. Құрбандық шалу айт намазын оқып алғаннан кейін басталып, айттың үшінші күнінің ақшам намазына дейін яғни, күн батқанға дейін жалғасатынын ескеруге;
5. Төрт түлік малдан қой мен ешкі және сиыр мен түйе ғана құрбандыққа шалынатынын ескеруге;
6. Бас мүфти бастамасымен «Айт – татулық мерекесі» деген атпен татуласу акциясына қатысуға;
7. Айт намазынан соң мешіт аулаларындағы мерекелік шараларға белсене атсалысуға;
8. Бас мүфти барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айтта мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, күнделікті тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеді. Өз кезегінде алматылық кәсіпкерлерге аталмыш үндеуге үн қосып, халыққа қолайлы бағада құрбан малын ұсынуға;
9. Айт күндері құрбандық шалумен қатар басқа да сауапты амалдар, қайырымдылық шараларын жасауға:
10. Айт күндері құдайдың құзырында ең сүйкімді амал болған құрбандық шалу рәсімін ел сүйсінетін жағдайда атқаруға, яғни тазалықты сақтауға үндеді.
Брифингке спикерлер құрбандық малы қалай шалынатыны және еті кімдерге таратылатын айтып, «Алла Тағала баршамызға құрбан айт мерекесін көтеріңкі көңіл күймен, ізгі амалдарды жасаумен, айналамызды қуантумен өткізуді нәсіп етсін», - деп түйіндеді.
Сонымен қатар наиб имам Руслан Қайыргелді орыс тілді газет және телеарна тілшілерінің Құрбан айтқа қатысты сұрақтарына тұщымды жауап берді.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі







