«ҚҰРБАН АЙТ - 2026»: ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА ЖИЫН ӨТТІ
Бүгін Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының басшылығымен Орталық мешітте алдағы Құрбан айт мерекесіне дайындықты пысықтау мақсатына орай жиналыс өтті. Жиынға шаһардағы 56 мешіттің бас имамдары қатысты.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мұсылман баласының ең ұлық мерекелерінің бірі саналатын Құрбан айт мейрамына орай Астана қаласында баспасөз мәслихатын өткізіп, барша халықты сауапты іске үлес қосуға үндегенін жеткізді. Мереке күндері QURBAN.MUFTYAT.KZ сайты арқылы тапсырыстарды қабылдау және халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тоқталды. Одан өзге қаланың бас имамы қасапханалардың жұмысына тоқталды. Имамдарға қасапшылардың жеткілікті деңгейде болуын қадағалап, санитарлық талапты барынша сақтауға мән беру қажеттігін баса айтты.
Құрбандық шалу рәсімін қала бойынша ұйымдастыруға жауапты ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры Алматы өкілдігі бойынша жауапты мамандарға қасапханалардың дайындығы, санитарлық талапқа сай жұмыс жасауы мен мұқтаж отбасыларына тізім бойынша өтінішіне сай әрі бекітілген тәртіп бойынша жүргізілуін қадағалауды тапсырды.
Барлық мешіттерде Бас мүфти бастамасымен Құрбан айтқа қатысты мерекелік шаралар (киіз үй құрып дастархан жаю, балаларға айттық тарату, бүлдіршіндер үшін арнайы батут құру, ұлттық ойындар т.б.) және де Құрбан айт күндері «Айт – татулық мерекесі» атты татуласу акциясын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Барша қала тұрғындары мен жамағатты ұлттық киімдерімізді киіп, айт мерекесін дәстүрімізге сай ұлттық нақыштармен өткізуге белсенді түрде шақыруды тапсырды.
Жиын соңында қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы сауапты амалды тиянақты ұйымдастырып, мерекені жоғары деңгейде атқаруды тапсырды. Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде халыққа жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленуді жазсын!
Естеріңізге сала кетсек, Арапа күні биыл 26 мамырға сәйкес келеді. Ал 27 мамыр – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні.
Алматы өкілдігі бойынша баспасөз қызметі


























