ТӨЛЕ БИ МЕШІТІНДЕ 13 ҚАРИҒА «ӘЛ-МУҚАДДИМА ӘЛ-ЖАЗАРИЯ» КІТАБЫ БОЙЫНША ИЖАЗА БЕРІЛДІ
Алматы қаласы Алмалы аудандық «Төле би» мешітінде Құран ілімін терең меңгеріп, тәжуид ғылымының негіздерін қамтитын «Әл-Муқаддима әл-Жазария» еңбегін оқып аяқтаған қариларға ижаза табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Оспан арнайы қатысып, қариларға құттықтау тілегін жеткізді. Сонымен қатар Құран ілімін үйренудің артықшылығы, оны дұрыс оқу мен кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы жөнінде тағылымды насихат айтты. Қала бас имамы қариларға ижазаларын табыстады. Аталған білім беру бағдарламасы аясында мешіттің бас имамы, қарилардың ұстазы Еркінбек қажы Шоқайдың жетекшілігімен 13 қаридың білім алу жолы нәтижелі аяқталып, олар ұстаздар силсиласы арқылы ижаза алу мәртебесіне ие болды.
Бұл – шәкірттердің ұзақ жылғы ізденісі мен табандылығының, ұстаз еңбегі мен Құранға деген сүйіспеншіліктің жемісі. Ижаза алу – тек білімді аяқтау ғана емес, Құранды дұрыс оқу ілімін сенімді ұстаздар тізбегі арқылы қабылдап, оны келесі буынға жеткізу жолындағы үлкен жауапкершілік.














